«Адамға ең бірінші білім емес, рухани –өнегелі тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз білім - адамзаттың қас жауы, ол берілген келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі…» (әлемге әйгілі ойшыл, философ,социолог, математик,
физик, астроном, ботаник, лингвист, логика, музыка зерттеушісі
Әбу Насыр Әл-Фараби .
Балабақшадағы тәрбие — барлық тәрбиенің бастамасы. Тәрбиеші балаларды адам мәдениетінің әлеміне, күрделі және алуан түрлі қарым-қатынастардың әлеміне ертетін үлкендердің бірі. Қазіргі кезде ата-ананың сұраныс деңгейі биік. Өскелең жас ұрпақты рухани-өнегелі қасиеттерге тәрбиелеу мәселесі қазіргі заманымызда өзекті болып отыр. Балалардың білім беруде, адамгершіліктің ең құнды қасиеттерін бойына сіңіріп тәрбиелеуде, білім мекемелерінен, ұстаздардан, ата-аналардан шығармашылықты талап етеді.
Баланы жан-жақты, дені сау, үйлесімді болып өсуіне ата-анасы қаржысын аямай ден қояды. Кішкентай жастан музыка, би, шет тілдер, спорттық үйірмелерге қатыстырады. Оның барлығы, әрине заман талаптарына сай, бірақ ең бастысы рухани –өнегелі тәрбие - тәрбиенің бастамасы екендігін ешқашан ұмытпағанымыз дұрыс.
Жазушы-педагог Ж. Аймауытов: «Баланы тәрбиелеу үшін әрбір тәрбиешінің өзі тәрбиелі болуы керек. Себебі, бала айтып ұқтырғаннан гөрі,
көргеніне көп еліктегіш келеді. Солай болған соң балаға не жақсы мінез болсын, іспен көрсету керек», - дейді. Осы бір ұлағатты ой астарында отбасында - ата-анасынаң мектепке дейінгі ұйымда — тәрбиешіден талап етілетін тағылым жүгі жатыр. Жер бетінде мекен еткен адамзаттың бір бұтағы — бір халықтың қандай да дара қасиетке ие болып, қандай бет-бейнесімен көрінуі — сол халықтың мектебінің бет-бейнесіне, өзіндік ерекшеліктеріне тікелей байланысты. Әрине, отбасында бала ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиеленіп келіп, ол тәрбие балабақша мен бастауыш мектепте жалғасын тауып жатса, бала өте құнарлы этномәдени білім мен тағылым алары анық.
Отбасының басты қазығы, алтын тіреу діңгегі — бала. Бала - жасы кәмелетке толмаған, жан - жақты тәрбиені қажет ететін, болашағынан көп үміт күттіретін жеке тұлға. Ал, баланың жеке тұлға болып қалыптасуына ықпал етіп, тәрбие берушілер ата-ана, жанұя, араласатын ортасы, жолдастары, балабақша және тәрбиеші.
Жеке баланың бойындағы ар-ұяты, ақыл-ойы, адамгершілігі, басқа адамдармен қарым-қатынасы, мәдениеттілігі жанұядан алынады. Сондықтан жанұя – бала тәрбиесінің ең алғашқы ұжымы.
Осы ұжымның әрбір мүшесі өзара сүйіспеншілікпен, береке-бірлікпен, сыйластықпен бала тәрбиесіне араласса, кәмелетке толғаннан кейін саналы, тәрбиелі жеке тұлға пайда болады. Ал, баланың тәрбиелі болып өсуіне берекелі, тату, берік отбасының әсері мол, себебі оның ер жетіп өсуі, бойындағы алғашқы адамгершілік белгілер отбасында қалыптасады. Сондықтан, отбасы өте қажетті, басқадай ешнәрсемен ауыстыруға болмайтын баспалдақ.
Ата-ана — тәрбие өнегесі, сондықтан «Ата көрген-оқ жонар, ана көрген –тон пішер» деп қазақ мақалы тегін айтылмаған. «Бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген аталы сөз тағы бар. Осы нақыл сөздерден-ақ, отбасының, ата-ананың бала тәрбиесіндегі ролі өте үлкен және маңызды екенін көреміз.
Бала тәрбиесі - қиын да күрделі процесс. Біз баламыздың тәрбиелі де өнегелі болып өсіп, өз қатарының алды болғанын қалаймыз. Бірақ баламызды осы мақсаттарға сай тәрбиелеу үшін үлкен еңбек, күш - жігер қажет екенін бәріміз білсек те, бала тәрбиесімен қажетті түрде айналыса бермейміз. Кейін баламыз есейген сәтте, «сен маған тартпағансың, мынаны олай істемедің, ананы былай істемедің, ештеңеге қырсызсың» деп кінәлап жатамыз. Алайда, бала неге осындай болды деп ойланып, оның осындай болуына басты себепкер өзіміз екенін мойындамаймыз.
Өнегелік тәрбие мақсаты- балалардың өмірде қажет болатын жалпы адамзат құндылықтарына, ұлттық дәстүрлер мен бастауларына тарту үшін мінез-құлық нормаларын қалыптастыру, кәсіптік этика мен абырой бағытында тәрбиелеу,мейірбандылық, қайырымдылық, адамгершілік, бауырмалдық, татулық, әдептілік, инабаттылық, кішіпейілділік, ықыластылық және гуманистік қасиеттерін дарытып тәрбиелеу.
Еліміздің көркейіп, өркениетті елдің қатарына қосылып, халықаралық деңгейге шығуы бүгінгі ұрпақ бейнесімен көрінеді.
Шығыс ғұламасының бірі болып саналатын Жүсіп Баласағұнның дастандарында отбасы тәрбиесі көп айтылады
Мемлекеттің беріктігі, тек ел билеуші қайраткерлерге, әділ заңға, күшті әскерге ғана емес, әр отбасының беріктігіне байланысты екендігін сипаттайды. Ғұлама пікірі бойынша: отбасы беріктігі адамның болашақ жар таңдауынан басталып, өнегелі отбасын құру және осы өнегелі отбасынан ғана өнегелі ұрпақ тәрбиеленеді. Осы пікірмен бала тәрбиелеп отырған әрбір ата-ана келіседі деп ойлаймын.
Қазақстан Республикасының Конституциясында «балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу ата-ананың құқығы әрі парызы» деп көрсетілген. Сондықтан, өнегелі ұрпақ өсуін тілеп, ұрпақ тәрбиесін отбасынан бастап, бала алдындағы парызымызды дұрыс атқаруымыз қажет. Әр ата-анаға ақыл айтып, баласын қалай тәрбиелеу керектігін түсіндіру шарт және мақсат емес, алайда бала тәрбиелеп отырған отбасылар, әсіресе жаңа отбасын құрған жанұялар бала, болашақ ұрпақ тәрбиесіне көп мән берер деп сенемін.
Мектепке дейінгі жастағы баланың рухани-өнегелі дамуы балабақшасы мен отбасы арасындағы қарым-қатынастың тығыздығы артқан сайын ойдағыдай жүзеге асады. Әрбір бала қандай да болмасын бір міндетті орындау үшін, өзіндік ерекше жағдайлар жасалады.
Мәселен, ойында ұнамды әдеттер, өзара қарым-қатынастар, адамгершілік сезімдер қалыптасады, еңбекте-еңбек сүйгіштік, үлкендер еңбегін құрметтеу, сондай-ақ ұйымшылдық, жауапкершілік, парыздың сезімі сияқты қасиеттер, патриоттық сезімдер жайлы мағлұматтар. т. б. қалыптасады.
Мектепке дейінгі жаста балаларды адамгершілікке тәрбиелеудің негізгі міндеттері мына жайлармен түйінделеді: ізгілік бастамасымен тәрбиелеу, балалар мен үлкендер арасындағы саналы қарым-қатынас/ тұрмыстың қарапайым ережелерін орындау/ кеңпейілдік, қайырымдылық, жақын адамдарға қамқорлықпен қарау және т. б./ Ұжымға тәрбиелеу, балалардың өзара ұжымда қарым-қатынасын қалыптастыру, Отанға деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу, әр түрлі ұлт өкілдеріне қадір тұту және сыйлау. Осылайша мейірімділіктің негізі қаланады, немқұрайдылықтың пайда болуына, құрбыларына, төңіректегі үлкендерге қалай болса солай қарауға мүмкіндігі жасалмайды.
Қарапайым әдеттерді тәрбиелей отырып педагог балдырғаннның бар істі шын пейілмен әрі саналы атқаруына қол жеткізеді, яғни сыртқы ұнамды мінездері оның ішкі жан дүниесін, оның ережеге деген көзқарасын айқындайды.
Мектепке дейінгі жылдарда бала ересектердің жетекшілігімен жақын адамдарымен, құрдастарымен, заттармен, табиғатпен қарым-қатынас жасаудың, тәлім-тәрбие алудың бастапқы тәжірибесіне ие болады. Балалардың іс-әрекеттерін басқара отырып, тәрбиеші олардың бойында Отанын сүю, айналадағыларға ықыласпен қарау, шамасы келгенше оларға көмектесуге ұмтылу, дербес іс-әрекетте белсенділік және белгілі бір іске бастама (инициатива) көрсету сияқты адамның маңызды сипаттарын қалыптастырады. Дұрыс тәрбие балаларда теріс тәжірибе көбеюіне жол бермейді, баланың адамгершілік сапасының қалыптасуына қолайсыз әсер ететін мінез-құлықтағы теріс дағдылар мен әдеттердің дамуына кедергі жасайды.
Үлкендермен қарым-қатынас жасау процесінде оларға үйір болу, оларды жақсы көру сезімі, олардың нұсқауларына сай әрекет жасауға, оларды қуантуға, жақын адамдарын ренжітетін қылықтар жасамауға ұмтылу пайда болады. Бала өзінің тентектік, қателік жасаған кездегі реніші немесе наразылықты көргенде толқуды бастан кешіреді, ал өзінің жақсы қылықтарына жылы шыраймен қараса оған қуанып, жақын адамдарының ризашылдық білдіруінен рақат алады.
Отбасының бала тәрбиесіндегі ролі
- бала тәрбиесінде отбасы ықпалы басқа тәрбиелік ықпалдарға қарағанда ең басым болып келуі;
- өркениетті, зайырлы, құқықты қоғамның азаматын тәрбиелеуде отбасы мемлекеттің негізгі буыны;
- отбасы — болашақ ұрпақтың бойында ең құнды адамгершілік қасиеттерді қалыптастыратын қоғамның ажырмайтын басты тірек — арқауы;
- отбасы — жеке тұлғаны әлеуметтендіру міндетін жүзеге асырушы. Ол болашақ жас азаматтың дене жетілеуіне, шынығуына, рухани және адами дамуына, ең құнды жалпы адамзаттық құндылықтарды және ұлттық рухани байлықты бағалауға, еңбек ету дағдысын тәрбиелеуге ықпал жасаушы;
- отбасы бала тәрбиесінде адамзат қоғамның тарихындағы ғасырлар сынынан мүдірмей өткен ұлттық дәстүрлі жалғастырушы;
- отбасының әлеуметтік міндеттерінің өзегі тәуелсіздікке ие болған
Қазақстан Республикасының мемлекеттік заңдарын құрметтеуші, елжанды азамат тәрбиелеу;
- отбасы баланың мамандықты еркін және саналы таңдауына ықпал жасаушы;
- отбасы өзінің ұрпағын болашақ отбасылық өмірге дайындаушы;
Көрнекті педагог В. Сухомлинский «Егер балаға қуаныш пен бақыт бере білсек, ол бала солай бола алады», — дейді. Демек, шәкіртке жан-жақты терең білім беріп, оның жүрегіне адамгершіліктің асыл қасиеттерін үздіксіз ұялата білсек, ертеңгі азамат жеке тұлғаның өзіндік көзқарасының қалыптасуына, айналасымен санасуына ықпал етері сөзсіз.
Қай заманда болмасын адамзат алдында тұратын ұлы мұрат-міндеттерінің ең бастысы — өзінің ісін, өмірін жалғастыратын салауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу.
Мысалы: Атақты педагог Сухомлинский; «Бала кезде үш жастан он екі жасқа дейінгі аралықта әр адам өзінің рухани дамуына қажетті нәрсенің бәрін де ертегіден алады. Тәрбиенің негізгі мақсаты- дені сау, ұлттық сана сезімі оянған, рухани ойлау дәрежесі биік, мәдениетті, парасатты, ар-ожданы мол, еңбекқор, іскер, бойында басқа да игі қасиеттер қалыптасқан ұрпақ тәрбиелеу. Ертегінің рухани тәрбиелік мәні зор. Ол балаға рухани ляззат беріп, қиялға қанат бітіретін, жас баланың рухының өсіп жетілуіне қажетті нәрсенің мол қоры бар рухани азық», деп атап көрсеткен.
Қай заманда болмасын адамзат алдында тұратын ұлы мұрат-міндеттерінің ең бастысы — өзінің ісін, өмірін жалғастыратын салауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу.
Ұрпақ тәрбиесі — келешек қоғам тәрбиесі. Сол келешек қоғам иелерін жан-жақты жетілген, ақыл-парасаты мол, мәдени — ғылыми өрісі озық етіп тәрбиелеу — біздің де қоғам алдындағы борышымыз.
Рухани — өнегелі бала ұқыпты, ұстамды, мейірімді, сыпайы,білімді, мәдениетті болуы керек.
Осы баяндамамды мына өлең шумағымен аяқтағым келеді.
Әкем,анам үлкенді сыйла деген,
Сол сөз маған ізгілік,құйған ерен.
Үлкендерден ауысқан,кішілікті,
Үлкендердің өзіне сыйға берем.
Осы астарлы сөзді әрқашанда ұмытпайық.
Әр бала-дара тұлға. Бала тәрбиесінде жаман қылықтар көрсетуден аулақ болып, балаға өнеге бола алсақ- жан-жақты дамыған, шығармашылық қызығуы бар ұрпақ тәрбиелей аламыз.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1.Журнал «Бала мен балабақша» 2011 жылы №5
2.Журнал «Отбасы және балабақша» 2010жылы №8
3. Журнал «Отбасы және балабақша» 2009жылы №2
4. Дүкенбаева Г. Мектеп жасына дейінгі балаларды ойын арқылы
адамгершілікке тәрбиелеу. Алматы,1992.
5. Бала тәрбиесі № 2 2006 жылы № 4 2008 ж