Казахстан, Акмолинская область, г. Кокшетау
ОС школа-интернат №3 для одаренных детей
Воспитатель
Жахина Алия Амантаевна
Біздің педагогика ғылымында тәрбиені бірнеше бағытқа бөледі, олар: қазақстандық патриотизммен азаматтық тәрбие, рухани — адамгершілік, салауатты өмір салты, экологиялық, талғам, этникалық және отбасылық өмір мәдениеті. Болашақта ел тұтқасын ұстар азаматтардың өнегелі тәрбиесі — бүгінгі күн тәртібінде тұрған маңызды мәселелердің бірі. Олардың отансүйгіштік сезімін, білім мен біліктілігін, дағдысы мен шеберлігін, асқақ адамшылдық пен адамгершілік қадір — қасиеттерін, жаңа дүниетанымдық көзқарастарын, салауаттылық дағдыларын, ұнамды мінез — құлық нормаларын рухани — адамгершілік құндылықтар арқылы қалыптастыру — үлкен қажеттілік. Қай заманда болмасын, сол қоғамға сай азаматты тәрбиелеудің бірден — бір жолы адамның рухани байлығын арттыру болмақ. Жаңа кезеңдегі білім берудің өзекті мәселесі жас ұрпаққа адамгершілік — рухани тәрбие беру. Рухани адамгершілік тәрбиесі оқушылардың қоғамға, отбасына, білімге, Отанға, жер бетіндегі бейбітшілікке қатынасын қалыптастырады. Осы заманғы адамгершілік тәрбиесі жекелеген бағыттарға емес, адамгершілік құндылықтарға негізделеді. Қазіргі кезде ұстаздар қауымының алдында тұрған міндет жастарға рухани тәрбие беру және осы мақсатты ұлтымыздың ұлы ғұламаларының рухани мұраларын жаңғырту, рухани құндылықтарымызды басшылыққа алу. Рухани - адамгершілік тәрбие — екі жақты процесс. Бір жағынан, ол ата — аналарының, педагогтарының балалрға белсенді ықпалын, екінші жағынан тәрбиеленушілердің белсенділігін қамтитын қылықтарынан, сезімдері мен қарым — қатынастарынан көрінеді. Ұлы бабамыз Әл — Фараби «Адам өз өмірінің қожасы, сондықтан өз бағытын өзі жасауы керек. Ол не нәрсеге де ұқыптылықпен қарап, жиған — тергенін орынсыз шашпай, кез келген адамға сырын ашпай, өзінің мақсат мүдделері жөнінде достарымен ғана бөлісіп отыруы керек. Осылайша өмір сүрген адамның ғана ар — ождасы таза болады» деген. Тәрбиенің негізгі мақсаты — дені сау, ұлттық сана сезімі оянған, рухани ойлау дәрежесі биік, мәдениетті, парасатты, ар — ожданы мол, еңбекқор, іскер, бойында басқа да игі қасиеттер қалыптасқан ұрпақ тәрбиелеу. Ертегінің рухани тәрбиелік мәні зор. Ол балаға рухани ляззат беріп, қиялға қанат бітіретін, жас бала рухының өсіп жетілуіне қажетті нәрсенің мол қоры бар рухани азық деп атап көрсеткен. Тәлім — тәрбие берудің басты саласының бірі — ұлтжандылық, халқы үшін адал қызмет ету. Ұлтжандылықтың, елін сүюдің ғажайып күш екендігін терең сезінген ежелгі қазақ ақын — жыраулары, ойшылдары өз шығармаларына осы тақырыпты үнемі арқау етті, көп көңіл бөліп, халықты елі үшін жанын пида етуге, жастарды елжандылық рухта тәрбиелеуге баса көңіл бөлді. Жастарды ұлтжандылық рухта тәрбиелеу ХІХ ғасырдағы қазақтың ақыны, жауынгер жыршысы Махамбет Өтемісұлының өлеңдерінде өзекті орын алады. Ол жастарды ерлікке, отан сүюшілікке, ар — намысты қорғауға, адамгершілікке уағыздайды. Ақынның қай өлеңін алсақ та, халыққа адал қызмет ету, еліңді, жеріңді жаудан қорғауға, әділет үшін, халық үшін өкінбей өлу азамат ердің ісі деген аталы сөздер өрнектеледі. Осы тұрғыдан алғанда қазақтың ұлы ақындары, ойшылдарының кемеңгерлік ой — пікірлерін оқу тәрбие ісінде орынды пайдалана отырып, оқушы - жастарды ұлтжандылыққа тәрбиелеу — әрбір тәрбиеші ұстаздың басты парызы. Адамгершілік тәрбиесінің әрқайсысының ерекшеліктерін жетік білетін ұстаз халық педагогикасын ғасырлар бойы қалыптасқан салт — дәстүрлерді, әдет — ғұрыпты жан — жақты терең білумен қатар, өркениетті өмірмен байланыстыра отырып, білім берудің барлық кезеңдерінде пайдаланғаны дұрыс. Жетілген мінез — құлық үш нәрсенің — жүректің, ақылдық және қолдық бірлігі мен келісімі. Бала өз жүрегімен тыңдауға үйренсе, жүрегінің айтқанын істейтін болса, өмірден өз орнын табады. Адам баласының өмір тәжірибесінде қалыптасқан үлкендерге құрмет көрсету ізетті өшпес дәстүрге айналған. Тәрбие негізі ең алдымен жанұяда қалыптасатындықтан балаға ата — анадан артық тәрбиеші жоқ. Ата — ананың басты міндеті — баласын адам етіп шығару. Ата — ананың болашақ тәрбиесі үшін, жауапкершілігі ұрпақтан ұрпаққа жалғасуда. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дегендей, ата — ананың күн сайын атқарып жүрген жұмысы — балаға үлкен сабақ. Жас балалардың үлкендер айтса, соны айтатынын, не істесе, соны істегісі келетінін бәріміз де білеміз. Баланың үйден көргені, етене жақындарынан естігені — ол үшін адамгершілік тәрбиесінің ең үлкені, демек жақсылыққа ұмтылып, жағымды істермен айналысатын адамның айналасындағыларға көрсетер мен берер тәлімі мол болмақ. Ұлы ақын Абай адамгершілік, әдептілік нормалары жайында көптеген пікірлер қалдырды. Оның бірінші қоятын талабы — мораль жағынан ұстамды, таза болу, сыпайы мінезді, жақсы қылықты, әділетшіл, шыншыл болу. Әдепсіз, арсыз, өтірікші, алдамшы, кеселді сияқты жаман мінездер мен әдеттерден, жарамсыз қылықтардан сақтанып, өзін одан жоғары санап, ондай қылықтарды бойына лайықсыз көрсе ғана адам парасатты болады. Абайдың қоятын екінші талабы — тұрақтылық, «Қылам дегенін қыларлық, тұрам дегеніне тұрарлық, мінезде азғырылмайтын ақылды, арды сақтарлық беріктігі, қайраты бар болсын» дейді. Үшінші талабы — әділетшілдік. Әлеуметтік міндеті — дүниені белсене құрушы адамның бірі болып, халқы, Отаны үшін қызмет етуі. Ұлы Абайдың айтуынша, адамгершілік — махабат пен әділдік, олар барлық нәрседе болады және бәрін шешеді. Яғни, рухани тәрбие — адамдарды адамгершілікке, білімге, еңбек пен имандылыққа, бір сөзбен айтқанда жан дүниелерінің сұлулығына тәрбиелеу деген сөз. Тәрбиешінің алға қойған мақсаты — оқушының бойына ұлттық саналық қалыптасқан, халықтың әдет — ғұрпын, салт — дәстүрін, халықтың тілін білетін, адамгершілік қасиеті мол, рухани байлығы мол азамат тәрбиелеп өсіру. Тәрбиенің негізгі мақсаты — оқушылардың елжандылыққа және азаматтық жауапкершілікке, жоғары адамгершілік құндылықтарға, олардың біліктілік қабілеттерін, денсаулық сақтау ортасын отбасы мен әлеуметтік тұрғыда құзыретті тұлға қалыптастыру.Оқушыларды тәрбиелеу үшін, олардың ар — ұятын, намысын оятып, мейірімділік, қайырымдылық, кішіпейілділік, үлкенді сыйлауға, кішіге ізет көрсетуге, иманды болуға, адамгершілікке баулу адамгершілік тәрбиесінің жемісі. Өз тобымда «Біз - тәуелсіз елдің ұланымыз», «Жас батыр» сайысы, «Адамшылық шуағы сөнбесін», «Үлкенге сый құрмет, кішіге жол көрсет», «Имандылық инабаттылық мұраты», «Отбасы — тәрбие бастауы», «Достық деген не?», «Сенім, бірлік, ұйымшылдық», т.б. сайыстар, пікірталастар, тәрбие сағаттар өткіздім. Осындай сайыстар арқылы өсіп келе жатқан жас ұрпақ ұланымызды Отанды қадірлеп қорғай білуге, адамгершілік қасиеттері мол патриот болуға тәрбиелейді. Рухани — адамгершілік тәрбиесінде оқушыны адалдылыққа, әділдікке, кішіпейілділікке тәрбиелеп, соны мақсат тұтса, ұстаздың, ата — ананың да болашағы зор болмақ. Тәрбиенің түпкі мақсаты — шәкірттің рухани өсуіне жол ашу, ал рухани өсу дегеніміз — кісілік қасиетін дамыту, дүниетанымын кеңейту, саналы өмірге араласу сезімдерін қалыптастыру, себебі «ел санатымен танылады, ұрпағымен жалғасады». Міне, осы тұрғыда қазақ даналығы — тәрбие көзі деуге болады.