Преподователь
Балманова Шолпан Жибекалкызы
І.Кіріспе
ІІ. Негізгі бөлім:
1.Отан-қуат, Отбасы-шуақ.
2.Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас.
3.Салтыңды біл, халқыңды сүй.
4.Жалтақтамай өзге тілді ұлысқа, ең алдымен өз тіліңді дұрыста.
5.Табиғат-туған анамыз.
ІІІ.Қорытынды.
І. Кіріспе.
Бала - басты байлығымыз. Ал ең асыл іс оның тәрбиесінде жатыр.
Әрбір мемлекеттің болашағы білім мектебінде шыңдалады. Болашақта ел тізгінін ұстар азаматтар — бүгінгі оқушыларымыз десек қателеспеген болар едік.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлт болашағы білімді ұрпақ қолында» деп айтқан сөзі бізге жарқын болашаққа апарар жолды меңзеп тұрғандай. Шын мәнінде солай. Бүгінгі жас ұрпақ, біздің нұрлы ертеңіміздің мызғымас тірегі, келешегіміздің келбетті көрінісі. Сол себепті олардың білімді, бәсекеге қабілетті, жан-жақты дамуы еліміздің өсіп-өркендеуінің аса маңызды фактор болып табылатыны айқын.
Бала тәрбиесi — игiлiктi iс. Берерi де, сұрауы да, жемiсi де мол іс осы тәрбие саласы.Халықта «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған. Сондықтан баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, яғни адамгершілік құнды қасиеттерді сіңіріп, өз-өзіне сенімді етіп тәрбиелеуде ең алдымен педагогтар шешуші роль атқаратыны белгілі.
Сондай-ақ бала өмірінде отбасы тәрбиесі басты рөл атқарады. Отбасы мүшелерінің қарым-қатынасы, бір-біріне көзқарасы, ойлау жүйесі, жүріс-тұрысы, мінез-құлқы — ұлттың анықтаушы, бөлінбес бөлшегі іспетті.Бұл орайда бала тәрбиесіне ең алдымен отбасы тәрбиесі керек екендігін жасыра алмаймыз.Солай да деп айтуға толық құқығымыз бар.
ІІ. Негізгі бөлім:
1.Отан-қуат, Отбасы-шуақ.
«Отансыз адам - қай жерде жүрсе де бейшара адам. Өзіңнің еліне, Отаныңа, жеріңе, ата-бабаңның төккен қаны мен теріне адал болуың керек. Қайда жүрсе де, не істесе де қазағын-елін ойлап, осыны көркейтсем, кіндік қаным тамған елім аман болып, оның дәрежесі жоғары болса, қай мемлекетке барсам да мені сыйлайды деген түсінікте болу керек.»-деп, Елбасымыз Н. Назарбаевтың сөзін жалғай келе, «Отан -отбасынан басталады» -демекші, Отбасы — адам баласының алтын діңгегі. өйткені адам ең алғаш шыр етіп дүниеге келген сәтінен бастап, осында ер жетіп, отбасының тәрбиесін алады. Сондықтан да отбасы — адамзаттың аса қажетті, әрі қасиетті алтын мектебі. |
Отбасының басты қазығы, алтын тіреу діңгегі — бала. Баланың тәрбиелі болып өсуіне берекелі отбасының әсері мол. Отбасының әрбір мүшесі, өзара сөйлесіп, не болмаса ата-ананың, баланың міндетін атқару ғана емес, береке-бірлік, сүйіспеншілікпен араласса, босағасы берік, шаңырағы биік отбасына айналары сөзсіз.
Ата мен ана — бала тәрбиесінің қамқоршысы, өнегесі.
Ата-асқар тау,
Ана — бауырдағы бұлақ,
Бала жағасындағы құрақ — деп ата-ана мен баланы табиғаттың тамаша құбылыстарына теңеген халық мақалына қайран қаларсың.
Қазақ отбасы негізінен үш ұрпақтан тұрады. Ол – ата, әке, бала.
Осы негізде менің «Әке-ана-бала» атты өлеңім туды.
Отан-қуат, Отбасы-шуақ демекші, төмендегі екі өлеңім Отан мен отбасына арналып жазылды.
Қазақстан-ұлы достық мекені
Татулықтың бұзылмаған қаймағы,
Құт–береке қазыналы аймағы.
Қазақстан — ұлы достық мекені,
Желбіреген жасампаздық байрағы.
Шаттық толы шаңырағы шың бойлап,
Еркін қанат жайды алып керегең.
Оқтай түзу уықтары қадалып,
Өзге елмен теңесті ғой терезең.
Құлпырады гүлге толы бау–бағы,
Ұлан байтақ, ырыс –құт пен бар малы.
Жазиралы дархан далам көсілген,
Еркін тыныс алам сенің төсіңнен.
Ту тігіліп бақ орнаған басыңа,
Қайта оралдың дәстүрің мен салтыңа.
Жығылмасын десең егер көк байрақ.
Тәу ет, бүгін табынып сен туыңа.
Біздің тумен аспан түсі үндесер,
Нұрлы Ертеңмен елім менің тілдесер.
Мәңгі бақи ашық аспан астында,
Мамыражай тыныштықта күн кешер.
Әке-ана-бала
Әке-мұхит, тайызға бас бұрмаған,
Толқыны оның ана боп тасқындаған.
Дүлей соғып даланы толқын ұрса,
Сәбиі де өсігі басылмаған.
Әкелер ғой асуға жетелейтін,
Аналар ғой сәбиін мәпелейтін,
Бала бар ғой түсінбей қадіріңді,
Кеш ұғынып, соңынан опық жейтін.
Әке-таудың ең биік шыңы дерсің,
Таудан аққан бұлақты ана дерсің.
Жағадағы жайқалып өскен құрақ,
Жаңа өмірдің жалғасы - бала дерсің.
2.Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас.
Әр адамның туған жері алтын бесігі.Адам сол алтын бесігінде тербеліп, өміріне жол ашады.Туған бесігіңде қалай тербеліп өссе, даңғыл жолы да солай түзіліп, өмір ескегі де солай есіле беретіні сөзсіз. Туған жерге байланысты төмендегі екі өлеңнің туған жерін сүйіп, оны қастерлеуге тигізетін пайдасы зор деп түсінемін.
Теңізді аңсау
Тыныстап бірге таңдармен,
Айдынын су кернеген.
Толысып бірге түндермен,
Толқының қайда,тербеген?
Кеттің сен көзден тасаға,
Шарықтап ұшпай шағала,
Құстарың қонып жағаңа.
Базарын қайта құра ма?
Теңізім менің тағдырым,
Кеудеме толы жан сырым.
Аңсаумен теңіз айдынын,
Торлады жүзді қайғы–мұң.
Күтумен таңды атырып,
Күтумен күнді батырып.
Теңізім қайта тола ма?
Шағала ұшты шарқ ұрып.
Қаңырып қалды қайығың,
Жоғалды аң, құс, балығың.
Мұндай күйге түсердей,
Бар еді қандай жазығың?
Теңіздің соғып жүрегі,
Халқымның болғай тілегі.
Түле қайта Аралым,
Көк теңіз боп кешегі…
Қасиетті менің Аралым
Қасиетті менің Аралым,
Қасиетті демей не дейін?!
Әлемге атын танытқан,
Аштықта жүрек жалғаттың,
Көтеріп елдің мейірін.
Қасіретті менің Аралым,
Қасіретті демей не дейін?!
Алақан толмас су қалып,
Орныңда теңіз сор қалып,
Дертті болды ел деймін.
Қастерлі менің мекенім,
Қастерлі демей не дейін?!
Кіндік қаным тамған жер,
Ыстық қой маған туған жер,
Жерімді тастап кетпеймін,
Қасиетті менің Аралым.
3.Жалтақтамай өзге тілді ұлысқа, ең алдымен өз тіліңді дұрыста.
Тіл-таптырмас құндылық. Тіл бар жерде, ұлт бар.Тіліңді қастерлеу, ұлтыңды қастерлеу болып табылады.Ендеше тілің тірегің- соғып тұрған жүрегің деген сөз соған қарап айтылғандай.
Толғаныс
Ауырдан таңдап тартып, жүгімді мен,
Тіл деп қаттым ұдайы үнімді де.
Өгіздей өрге сүйреп келем әлі,
Өгейсіме өз тілім өз елімде.
Атаң, бабаң, анаңның тілі ғой деп,
Құдайым қанша құлаққа ілсе кәні.
Әредікті әр жерден аулаймын деп,
Азды жаным, көңілім күпті әлі.
Ақтық демім біткенше күресемін,
Жаңылмайтын жалғанда бұл есебім.
Қазығына байласам қайта тілді,
Тектен-текке кетпегені тұр есенің.
Төктім қанша терімді тілім үшін,
Демімді көкіректен бөлдім түсін.
Тілім, ділім, дінімді күйттегенде,
Орнатып бермес маған айдай мүсін.
Тіл деп неше жүрегім қан жыладың,
Сауырымды сан рет қамшыладым.
Тілегіме жету үшін әлі талай,
Белгісіздеу қанша рет шаншыларым.
Таудан құлау мен үшін емес қайғы,
Тілін түзеу еліме болар жайлы.
Сенің құның бір теңге тұрса егер,
Міне, осы біз үшін үлкен қайғы.
4.Салтыңды біл, халқыңды сүй.
Халықты ең алдымен ұстанатын салтына қарап ажыратады.Әркім өзінің салтын білуі керек.Салт санада қалыптасады.Сол сепепті салтын санаға қалыптастырып, саналы ұрпақ тәрбиелеу басты парызымыз саналады.
Бағыма келдің
Қош келдің Наурыз төріме еніп,
Шуағын күннің молыннан төгіп.
Қырқа да, қыр да жайнады гүлге,
Көңіл мен көрік егіздей болып.
Емірен енді табиғат Ана,
Жаңарған екен жайнап түз дала.
Шарықтап еді шаттанып бала,
Көктем боп кеткен көңілің ана.
Ағайын туыс айқарып құшақ,
Жер төсін емді жайқалып құрақ.
Ауылым аман, түгелдей аймақ,
Құтысы толы кілегей-қаймақ.
Көктемгі таңның тынысын тыңдап,
Егізден еріп төлдері қой-лақ.
Қытымыр қыстан аман-сау қалды,
Қайтеміз енді бекерге пұлдап.
Күн менен түннің теңескен шағы,
Қарадан бұрын молырақ ағы.
Салауат айтып өткенге енді,
Береке барға тілейміз дағы.
Таныдық салтын ежелгі елдің,
Құтыңды барлық жеріме бердің.
Кесірден кетіп, киеге еріп,
Көндікпей сорға, бағыма келдің.
Тәуелсіз елім мерекең жарқын,
Тұтастай бүгін тойлаған халқым.
Саған да қымбат, маған да қымбат,
Осынау игі дәстүрлі салтым.
5.Табиғат-туған анамыз.
Табиғат біздің сан жетпес байлығымыз. Табиғаттың сан түрлі құбылыстарын сезініп, табиғатпен етене араласып өмір кешіп жүргеніміз жасырын емес. Адам табиғатпен тілдесіп, өз мұңы мен қуанышын білдіре алады. Табиғат адам баласын өзінің мәуесіне бөлейтін асыраушысы да. Жалпы адамзат пен табиғат егіз ұғым.Мұны адамның табиғатсыз, табиғаттың адамсыз тіршілігі мүлде болмайды деген сөзбен түсіндіруге болады.Соның негізінде табиғат туралы мына бір өлеңдерім туды.
Көктемде
Күндер–ай, күндер өтіп те кетер зымырап,
Бұлақтар ағар таулардан төмен құлдырап.
Сезімге бөлеп маңайды тағы отырмын,
Ойыма менің оралып жанды бір сұрақ.
Әсерлі теру гүлдерді көркем көктемде,
Даланың исі бұрқырап келіп жеткенде.
Кеткендер бар хош иіс мәңгі бұйырмай,
Көктемнің нұры жан–дүниеңді өпкенде.
Сезімге бойлап, сезіндім ішкі сырымды,
Арнадым мен де көктемге көрік жырымды.
Оңаша қалып, өзіммен өзім отырсам,
Жазамын желіп, жауқазындардай жырымды.
Самалды дала серпілтті сұлу сезімді,
Жасаурап тұрған құрғатып қара көзімді.
Он алты жолды шимайлап өткен өлеңім,
Көктемде жеткен сағыныш құсы секілді.
Күз
Күрең күз келді, жапырақ төгіп бақтарға,
Құстардың легі бет түзеп жылы жақтарға.
Күн қабағы байқалып кейде қатулы,
Ұласар соңы нөсерлі қалың жаңбырға.
Сары түс басар реңін жасыл жапырақ,
Қатайып кейін тоң болар жылы топырақ.
Жәндіктердің мекені енді жерасты,
Жер бетінен таппаған мәңгі бір тұрақ.
Уылжып піскен бау-бақша толы көкініс,
Өзгеше нұрға бөлепті күзгі көрініс.
Әкеліп еңбек молшылық бізге несібе,
Азықтан соғып беріпті берік бекініс.
Жетісу жыры
Сұлудың кірпігіне ілініп Ай,
Керемет көрінетін керімім-ай.
Біткен бұл қазағыма дара жер деп,
Жетісу жырын толқып жазамын-ай.
Белдері сағымдармен ұласатын,
Жеріңе жібек төсеп гүл атасың.
Жұпарын жұтып тұрып жасыл белдің,
Көрген көз бірден оны ұнатасың.
Далиған далаң арқау дастан –жырға,
Табиғат тастан таққан алтын сырға.
Балқисың батқан күнмен бақыт кешіп,
Жұлдыздан салып жолды аспан нұрға.
Шоқтанған шоқ гүлдерден жүзім жанып,
Жұмақтай гүлзар баққа енем барып.
Шұғылаң шуақ болып құйылғанда,
Сендегі сұлулықты көрем анық.
Құлпырған құндағыңда қызыл дәнің,
Қауызын кеузеп қалсам қызығамын.
Қуанып құлдилаймын қызыл белден,
Қақпасын ашуға тез қазынаның.
Жаннат бұл, жаһандағы жаныма жай,
Таңдары тамылжыған тұнық арай.
Жұмағым бау-бақшасы гүл төгетін,
Жетісу –жеті өзеннің атына сай.