Мир учителя
Должность:Администратор
Группа:Мир учителя
Страна:Страны СНГ
Регион:не указан
Дарынды баланы тәрбие беру мен оқыту барысында анықтау

Казахстан, Алматинская область, Талдыкорган

Средняя школа №7 имени К.Ушинского

Учитель технологии

Абдимомунов Данилхан Мукашевич

Дарынды баланы тәрбие беру мен

оқыту барысында анықтау

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында мемлекеттік саясат негізінде ең алғаш рет «Әр баланың қабілетіне қарай интеллектуалдық дамуы және адамның дарындылығын таныту» сияқты өзекті мәселелер енгізіліп отырғаны белгілі. Осы мәселе негізінде дарындылықты анықтап алу негізге алынуы шарт. Осы орайда, мұғалім оқушыларға арнайы білім бағдарламаларын оқытып қана қоймай, баланың шығармашылық қабілетіне қарай бала бойындағы дарындылықты дамыту жолдарын да іске асыру жұмыстары да тиесілі. Бұл арнайы бір бағытта жұмыс жасай отырып, өзіндік көзқарасы қалыптасқан, өмірлік жағдаяттарға пікірін айта білетін, адамгершілік тұлғасы қалыптасқан, интеллектуалды тұлға тәрбиелеу деген сөз. Баланың рухани өсуіне, оның әр түрлі әлеуметтік ортада өзін жайлы және қалыпты сезінуіне психологиялық-педагогикалық жағымды жағдай жасау арқылы оқушылардың шығармашылық қабілетін ашу жұмыстары дарынды баланы анықтауға бағытталуы қажет. Әрине, осы уақытқа дейін дарынды балалармен жұмыстар жасалып келді. Алдағы уақытта дарынды баламен жұмыс түрін жандандыра отырып, қоғамдық мәселелерге үн қосуға бейімдеу және мектеп қабырғасынан инновациялық ғылыми сипатқа бейімдеу сынды мәселелерді жүзеге асыру қажеттілігі туындауда. Міне, дарынды баламен жұмыс түрлері осы тұрғыда жүзеге асқаны дұрыс. Ал, ол жұмысты жүзеге асыру ең алдымен дарынды баланы анықтау мәселесімен тығыз байланысты. Дарындылықты қандай да нақты бір әдіспен анықтау мүмкін емес.

Дарынды баланы тәрбие беру мен оқыту барысында біртіндеп, сатыланып анықтау қажет. Дарындылықтың қалыптасу деңгейлерін ғалымдар екі топта қарастырылады:

1. Актуальді дарындылық - бұған қабілеттілігі қалыптасқан белгілі іс-әрекетте өз жетістігін байқата алатын әлеуметтік ортада, үлкен сында жоғары көрсеткішті иемдене алатын балаларды жатқызуға болады.

2. Потенциалдық дарындылық - баланың жалпы психикалық мінезінде белгілі бір қабілеті бар, бірақ ол еш жерде байқалмайды, сондықтан жағдай жасағанда ғана нәтижелі болады.

«Бұлақ көрсең көзін аш» деген ұлағатты сөзге сүйеніп, бар мүмкіндікті пайдаланып, баланың қабілетін, дарынын ашу - мұғалім міндеті болып табылады. Бала бойындағы ерекшелікті, қабілетті танып, соған бағыттап дарынды баланың болашағының ірге тасы дұрыс қалануына мүмкіндік жасауымыз қажет. Дарынды баламен жұмыс жасаудағы негізгі мақсат - заман талабына сай бәсекеге қабілетті, білімді, іскер, ойлау жүйесі дамыған, адамгершілігі жоғары, логикалық тұжырым жасауға бейім, еркін ойлай алатын жеке тұлғаны қалыптастыру. Осы орайда оқушының шығармашылық жұмыста өзінің қабілетін іске асыруға дайындығын арттыру бағдары нақтылануы тиіс. Дарынды баламен жұмыс жасаудағы бағыт оқу бағдарламасын тереңдетіп, оқыту және оқушының танымдық белсенділігін дамыту арқылы жүзеге асады.

Негізінен бала өзінің дарындылық қасиетін іс-әрекет барысында көрсете алады. Сонымен бірге, іс-әрекеттің бір түрінен әр түрлі дарындылықтың аспектілері көрінуі мүмкін. Дарындылықтың әр қилы түрі, формалары оқушының психологиялық мүмкіндігі мен даму кезеңдерінде жақсы болып келеді және ол баланың ортасына да тікелей байланысты болады. Балалар кішкентай кезінен белгілібір іс-әрекетке қабілеттілік байқатады. Осы қабілеттілікті қалыптастырып, жүйелі дамытып отырған жағдайда ғана ол қасиет баланың бойына дарып, болашақ кәсіби өміріне бағыт-бағдар береді.

Бала бейімділігі мен икемділігі сәби күнінен қалыптаса бастайды және еңбек үстінде ол әрі қарай дамып, нығаяды. Дарындылық "оқу" және "шығармашылық" болып екіге бөлінеді. Бұл екеуі егіз ұғым секілді. Өмірді танып білу, әдетте, оқып-үйренуден бастау алады. Содан соң адам сол білімін "шығармашылықпен пайдалануға, қоғамға пайда келтіруге ұмтылады. "Барлық мүмкіндіктер балалардың бойында" деп, Лев Толстой айтқандай, ашылмай бұйығып жатқан мол мүмкіндікті дер кезінде дұрыс жолға бағыттай білу керек.

Бала дарындылығының байқалмайтын жақтары да кездеседі. Кейде тіпті баланың есейген шағында сирек кездесетін қабілеттері көрініс тауып жатады. Бала бойындағы белгілі бір қабілеттің жарқын көрінісі ой - өріс деңгейінің жалпы дамуымен, ғылымның, өнердің арнайы бір саласын бейімделуімен сипатталады. Дарынды баланың өзгешелігі неде? Оқушы пікірінің ерекшелігі мен дербестігінде, сұрақты әр қырынан қарастыруында. Бұл қабілеттер оқушының жоғары деңгейін көрсетіп тұр, бірақ бұл қабілеттерді мектепте дамытуға жағдай жасалмаған. Баланың дарындылығын байқағанда не істеу керек? Бала дарындылығының өзіндік қырларын білген педагог оны оқыту үрдісінде тиімді пайдалануына болады. Әрбір адам бала кезінен өмірде үлкен жетістікке жетуді армандайды. Ерте кезден бастап бір іс-әрекетке қабілеттілік байқатады (сурет салады, ән айтады, өлең жазуға, әңгіме жазуға талпынады, билейді, музыкалық құралда ойнайды, т.б.). Бұл қабілеттілікті қалыптастырып, жүйелі дамытып отырмаса, ол қасиет жас өскен сайын бірте-бірте жойыла бастайды, жас жеткіншектің болашақ кәсіби өміріне бағыт-бағдар бере алмайды. Сондықтан ата-аналар мен мұғалімдердің алдында жаңа міндет - балалардың жеке қабілеттілігін, бейімділігін анықтау және дамыту, соның негізінде олардың болашағына бағыт беру. Осы аталған мәселенің өзектілігі соншалық, жеке тұлғаның дарындылығын дер кезінде анықтап, оны қолдап отыру қажеттілігі дәлелдеуді қажет етпейді. Жалпы педагогикада дарындылықты анықтауда сан түрлі әдістер мен тәсілдер қолданылады. Оқушы бойындағы дарындылықты анықтау үшін психологиялық диагностикалар, (әдістемелер тесттер, сауалнамалар, эксперимент зерттеуі) т.б.қажет.

Дарындылықты анықтау әдістемелері баланың қабілеттеріне жасалған ұзақ уақыт бойғы бақылаулардың нәтижесін растай түсу үшін, сондай-ақ күшті және әлсіз психологиялық сапаларын дәлірек анықтаумен қажетті психо-педагогикалық көмекті ұйымдастыру үшін қажет. Дарынды баланың психикасын анықтауда кең ауқымды түрлі әдістер қолданылады:

- арнайы психологиялық сұрақнама, әдістемелер;

- баланың іс-әрекетін мұғалімдер, ата-аналар, психологтар тарапынан экспертті бағалау;

- балалардың шығармашылық жұмысының нақты нәтижелерін мамандар тарапынан сараптау;

- түрлі танымдық әрі пәндік олимпиадалар, конференциялар, спорт жарыстарын, шығармашылық байқаулар, фестивальдар және т.б, ұйымдастыру;

- белгілі дарын түрін талдау міндеттеріне байланысты түрлі әдістерді пайдалана отырып, психодиогностикалық зерттеу жүргізу.

Мұғалімдер үшін баланың бейімділігін анықтауға арналған әдістемелер: «оқушылардың қызығушылығының картасы», «интеллектуалдық портрет». Медициналық құжаттар мен мектеп дәрігерлерінің байқауына жалпы таңдау жасау негізінде баланың физикалық даму аймағы зерттеледі. Балалардың өзінің дарындылығын анықтау диагностикасына қатысуы олардың тесттік тапсырмаларды орындауымен анықталады.

Дарынды оқушымен жұмыс жасау барысында оқыту сипатын мұғалім мен оқушының өзара шығармашылық қарым-қатынасы ретінде қабылдау қажет. Дарынды оқушының алдына нақты бір мақсат қою арқылы оның берілген тапсырмаға деген қызығушылығын оятуға болады. Аталмыш жұмыстар мұғалімді инновациялық тәжірибесін шығармашылық ынтамен дамытуымен қатар білім беру үрдісіне жаңа тұрпат ендіруіне көмегін тигізеді. Осы тұрғыда жаңашыл идеяны ұстанған педагог оқушының жеке тұлғалық қасиетін барынша құрметтеуге, оның шығармашылық қабілеттері мен бейімділіктерін, өздігімен ойлау қабілетін дамытуға, бағытталған ізгіліктік ерекшелігімен сипатталады. Сонымен, дарынды оқушымен жаңа тұрпатта жұмыс жасауда инновациялық тәжірибені тұлғаны дамытудағы ізгілік пен шығармашылық көзқарасқа негізделген әдістер мен жүйе негізінде қарағанымыз орынды.

Наши услуги



Мир учителя © 2014–. Политика конфиденциальности