Редактор
Должность:Редактор
Группа:Мир учителя
Страна:Россия
Регион:Санкт-Петербург
Қазақтың дарынды композиторы әрі дирижеры — Нұрғиса Атабайұлы Тілендиев

Қазақстан,Батыс Қазақстан облысы,Ақжайық ауданы

Есенсай орта жалпы білім беретін мектебі

Музыка пәні мұғалімі

Бейлов Марат Тилекбаевич

Мақсаты: Қазақтың дарынды композиторы, домбырашысы әрі дирижеры Н.А.Тілендиевтің өмірі мен шығармашылығы туралы қысқаша мәлімет беру.

а) білімділік: Оқушылардың композитор әрі дирижер Н.Тілендиевтің өнері мен шығармашылығына өз бетімен ізденістерін қалыптастыру.

ә) тәрбиелік: Қазақ композиторларының күрделі шығармаларына қызығушылығын қалпытастыру, оған шығармашылықпен қарауға бейімдеу.

б) дамытушылық: Күй тыңдау, әндерін орындау барысында оқушылардың ырғақты сезіну, есте сақтау қабілеттерін дамыту.

Сабақтың түрі: Жаңа білімді меңгерту сабағы

Көрнекілігі: интерактивті тақта, баян, суреттер, венн диаграммасы

Әдіс-тәсілдері: түсіндіру, музыка тыңдау, ән айту, сұрақ-жауап.

Пәнаралық байланыс: әдебиет

Сабақтың жоспары:

І. Ұйымдастыру бөлімі;

ІІ.Жаңа сабақты түсіндіру;

Нұрғисаның жеті жұлдызы

  • Н.Тілендиевтің өміріне тоқталу

Ритмдік жаттығулар жасау

  • Орындаушылық өнері

М.Шаханов «Әке туралы жыр» - орындау

  • Композиторлығы

М.Мақатаев «Саржайлау» - орындау

  • Күйші-композитор

Н.Тілендиев «Аққу» күйін тыңдату

  • Музыкалық шығармаларды оркестрге өңдеу

Н.Әлімқұлов «Алатау» - орындау

  • Дирижерлығы

Т.Молдағалиев «Құстар қайтіп барады» - орындау

  • Марапаттары мен наградалары

ІІІ. Жаңа ән үйрену «Нұрғиса ағама сағыныш»

Сөзі Т.Молдағалиев, әні Т.Шәмелов

ІҮ. Қорытындылау, бекіту (тест руно)

Ү. Оқушыларды бағалау

ҮІ. Үйге тапсырма түсінік айт, әнді жаттау

Сабақтың барысы:

І. Ұйымдастыру кезеңі:

Оқушылармен әуенмен амандасу.

Оқушыларды түгендеу, сыныптың дайындығын тексеру.

ІІ. Жаңа сабақ «Қазақтың дарынды композиторы әрі дирижеры — Нұрғиса Атабайұлы Тілендиев» .

1. Өмірі 2.Орындаушылық өнері

3. Композиторлығы Нұрғисаның жеті 4. Күйші-композитор

жұлдызы

5. Музыкалық шығармаларды 6. Дирижерлығы

оркестрге өңдеуі

7. Мараппатары

1. Өмірі.

Есімі ел ішінде мәлім ғана емес, аты аңызға айналып кеткен азаматтарымызды ардақтау, аялау арқылы таланттарымызға жол ашамыз. Сондай дарын иесі, бітімі де, болмысы да бөлек, қазақ айтатын сегіз қырлы ұлдарымыздың бірі — Халық Қаһарманы Нұрғиса Тілендиев.

Нұрғиса Тілендиев 1925 жылдың 1-ші сәуірінде Алматы облысы, Іле ауданы, Шилікемер ауылында дүниеге келді. Талантты баланы тап басып таныған академик А.Қ.Жұбановтың көмегімен 12 жасар Нұрғиса қазақ халық аспаптары оркестріне (қазіргі Құрманғазы атындағы оркестр) орындаушы — домбырашы ретінде кіреді. Дирижерлік шеберліктің, орындаушылық өнердің бастапқы сабақтарын Тілендиев — алғашқы ұстазы Ахмет Қуанұлы Жұбановтан алған болатын.

Сұрапыл соғыс Нұрғисаның 18-дегі жасына жалғаса басталып кетті, 1943 жылы дарынды жас өз еркімен майданға аттанып, фашистік жендеттермен аянбай соғысты, оған «Ұлы Отан соғысында Германияны алғаны үшін», «Берлинді алғаны үшін» медальдары сияқты жауынгерлік наградалары дәлел бола алады.

Соғыстан кейін Н.Тілендиев Құрманғазы атындағы Алматы Мемлекеттік консерваториясының халық аспаптары факультетінде оқи жүріп, Қазақ КСР радиокомитетінің халық аспаптары оркестрін басқарады. Бұл ретте, әдетте, кәсіби дирижерлік қажеттілігі де туады да, Нұрғиса 1949 жылы Мәскеу мемлекеттік консерваториясының дирижерлік факультетіне (профессор Н.П.Аносовтың класына) оқуын жалғастырады.

Оқуы тәмамдалғаннан кейін Н.Тілендиев 1952жылдан бастап, 1960 жылға дейін Абай атындағы опера театрының симфониялық оркестрі бас дирижерінің орынбасары қызметін атқарады. Ал, 1960 жылы Құрманғазы атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің бас дирижері болып, 1968 жылы «Қазақфильм» киностудиясының музыкалық редакциясын басқарды. Бірнеше жыл артқа тастап, Нұрғиса музыкалық этнографиямен әуестеніп, 1982 жылдан бастап, өмірінің соңына дейін бас дирижерлікпен қоса, оркестрдің көркемдік жетекшілігінің де тізгінін қатар ұстады. Күллі әлемге танымал «отырар сазы» оркестрі — азаматтығы мен өнерге адалдығының арқасында халық жүрегінен өзінің асқаралы орнын тапқан ұлы ғұламаның мәңгі өлмес, мәні кетпес шебер туындысы болып қала берді.

Ритмдік жаттығулар жасау

2. Орындаушылық өнері

1-оқушы:

Домбырада орындаушылық қасиет Нұрғисаға туа біткен. Сүйінбай, Жамбыл, Кенен, Бақтыбай тәрізді Жетісудың шашасына шаң жұқтырмас ақындары мен Байсерке, Шортанбай, Рақыш, Қатшыбай тәрізді бал бармақты күйшілерінің орындаушылық қасиеттерін Нұрғиса бойына қалыптастыруда, домбырашы-күйші, әрі ісмер, бойына өнердің сегіз қыры дарыған - әкесі — Тіленді мен айналасын әсем әнімен таңдандырған, Дулаттан шыққан қасиетті — анасы — Салиханың тәрбиесі ерекше болды. Нұрғиса әкесінің күйшілігінен, анасының әншілігінен отбасылық аялы алақандарынан нәр алған. Соны санасына ұялатып, бітім — болмысына қалыптастырды. Әкесінен «Арман», «Терісқақпай», «Аққудың сарыны», Қатшыбайдан «Баламишка» сонымен қатар, Жамбылдың әуен — ырғақтарын, Байсеркенің күй сарындарын бес жасына дейін-ақ үйреніп алды.

Ол: «Менің бойымдағы бар өнер қасиетім, бес жасыма дейін-ақ әке-шешемнен жиып теріп алғандығым. Бар жетістігім де, өнердегі шыңым да соның арқасы» - деуші еді толғаныс сәттерінде.

2-оқушы

Музыкада құлаққа естілетін әр дыбыстың қай нота екенідігін, қай октавада тұрғанын қай тональда орналасқанын айыра алатын және сол дыбысты бірден дауыс үнімен келтіре алатын адамдар болады. Осы сирек кездесетін қасиетті Ахмет Жұбанов қаршадай Нұрғисаның бойынан аңғарып, әрі таңданып, музыкаға баули бастайды.

Жалпы, Нұрғиса сол кездері қазақ орындаушылық өнері саңлақтары Әбікен Хасенов, Ұлықпан Мұхитов, Қали Жантілеуов, Науша Бөкейхановтартың және т.б. домбырада күй орындағандарын тыңдап, Жүсіпбек Елебеков, Ғарифолла Құрманғалиев, Манарбек Ержанов, Күлаш Байсейітовалардың айтқан әндерін құлағына құйып, сол ортада өзі де болашағынан үлкен үміт күттіретін талантты бала атанды.

Нұрғисаның басқа домбырашылардан тағы да ерекшелігі оның саусақтарының салалығында, оң қолы мен сол қолының бірдей ойнайтын мұқалмас қайратында және домбыра ойнағандағы икемділігінде деп білеміз.

М.Шахановтың сөзіне жазылған «Әке туралы жыр» әнін орындау

3. Композиторлығы.

3-оқушы:

Нұрғиса бойына әннің әуендерін, күйдің ырғақтарын шығарғыштық қасиет, еурапалық тілмен айтқанда, композиторлық өнер де туа біткен. Алайда , композиторлықтың қауыз ашып, бүршік жаруы — оның Ұлы Отан соғысына қатысып, майданнан келгеннен кейін Мәскеудегі П.И.Чайковский атындағы концерваторияны бітіргеннен кейін ғана қалыптасты. Нұрғиса композитор ретінде алғаш рет әндерімен танылды. 4-оқушы:

Оның сыршыл да сезімтал лирикалық, жігерлі де Отан сүюге баулитын әндері елуінші жылдардан бастап-ақ, тыңдаушылар сүйіспеншілігіне бөленді. Шығармашылық қоржыныдағы төрт жүзге жуық әндердің нотасы бұған бұлжытпас дәлел. Атап айтсақ « Ақ құсым», «Әке туралы жыр», «Әжеме», «Алатау», «Саржайлау», «Өз елім», «Құстар қайтып барады» т.б. көптеген әндері халық сүйіп тыңдайтын әндерге айналды. Осы орайда Нұрғисаның әндеріне сөз жазған ақындар Хамит Ерғалиев, Ғафу Қайырбеков, Мұқағали Мақатаев, Тұманбай Молдағалиев, Сағи Жиенбаев, Қадыр Мырзалиев, Оспанхан Әубәкіров, Мұзафар Әлімбаев тәрізді ақындар есімдерін де атап өтуді парыз санаймыз.

Мұғағали Мақатаевтың сөзіне жазылған «Саржайлау» әнін орындау

4 Нұрғиса — күйші-композитор.

5-оқушы

Нұрғиса күрделі ірі жанрлық шығармалар да жазған адам. Мысалы, 1958 жылы жазып сахнаға шығарған «Достық жолы» балетін жұртшылық жылы қабылдағаны белгілі. 1961 жылы композитор Құдыс Қожамияровпен бірлесіп жазған «Алтын таулар» операсы, 1959 жылы жазылған «Менің Қазақстаным» кантатасы және оркестрге арналған «Алтын дән», «Ата толғауы», «Еңбек қуанышы», «Қайрат», «Жеңіс салтанаты», « «Атадан мұра», «Аңсау», «Махамбет», «Әлқисса» тәрізді шығармалары композитордың барлық күрделі жанрларға қалам тарта алатын ауқымдылығын танытты.

6-оқушы:

Нұрғисаның тағы бір қыры спектакльдер мен кинофильмдерге жазған музыкаларынан айрықша көрінді., сондай-ақ «Қилы кезең», «Балалық шаққа саяхат», «Беу балалар-ай» фильмдері және «Ақсақ құлан», «Бозторғай» мултьфильмдері Нұрғиса Тілендиевтің музыкамен көркемдеуі арқасында сәтті шыққанын еске алғанымыз орынды. Сонымен қатар Нұрғиса спектакльдерге де музыка жазды. Мұхтар Әуезовтың «Қарақөз», Шыңғыс Айтматовтың «Жәмилә», «Алғашқы мұғалім», «Арманым Әселім», Әбділдә Тәжібаевтың «Майра» пьесаларына музыка жазды.

7-оқушы

Нұрғисаның есімін тарих төрінде, халық жүрегінде қалдыратын қымбат дүниелерінің бірі — кинофильмдерге жазған музыкалары болса, соның ішінде «Қыз Жібек» фильмінің орны ерекше. Асыл дүниелер мәңгілік жасайды. Демек, Нұрғисаның нұрлы жүзі де, сазды әуені, жүрек тербейтін ән-күйлерді де қазақ халқымен бірге мәңгілік жасай беретін болады. Басқасын былай қойғанда , «Нұрғиса Тілендиев «Қыз Жібегімен-ақ» тарихта қалады» - деп жазды белгілі қоғам қайраткері Камал Смайылов ағамыз.

Н.Тілендиевтің «Аққу» күйін тыңдаймыз

Күйді тыңдағанда, көзіңе жас келеді. Қаздай қаңқылдамайды, шағаладай шаңқылдамайды, аққу ғажап қой. Аққу сол әдемі үнін бей-берекет естірте бермейтін құс қой. Ал, мұнда аққудың үнін есту қандай ғажап, оны ауызбен айтып жеткізу мүмкін емес. Сол үнді домбыра жеткізіпті

Аққу арман, аққу дүние, көл аққу,

Шошымаңдар, жақынырақ кел аққу.

Сиқырлы үнмен тілін тауып Нұр аға,

Сүйістірген аққуларды сен, аққу.

5. Музыкалық шығармаларды оркестрге өңдеу.

8-оқушы:

Белгілі бір заттың әдемі көрінуі — шебер қолдың өңдеуінің жемісі.

Композитороркестрге лайықтауға болады деп қолына алған музыкалық шығарманы мейлі халық ән күйі немесе халық композиторларының әндері мен күйлері болсын өңдеу арқылы түп нұсқасын сақтай отырып, жаңаша үндер реңімен, әуен ырғақтарының әртүрлі музыкалық аспаптар тобының үндестігімен айшықтайды. Нәтижесінде композитордың өз қолтаңбасы танылады. Оркестрдегі композитор қолтаңбасы ол — композитор еңбегі. Сондықтан да, шығарманың оркестрге лайықтаған түрі — партитурасы көп жағдайда композитор өз атымен аталады.

9-оқушы:

Мысалы өзінің «Ата толғауы» күйінің партитурасында әуелі ұрмалы тоқылдақ аспабының үні естіледі. Оған қоңырау мен шаңқобыз қосылады. Бірте-бірте бас қобызшылар, бас домбырашылар, контробастар үндері қосылып күй ырғағы үдей түседі. Күйдің шырқау биік кульминациясында аспаптар қатарының үндері толықси, асқақтай шығып, күй мазмұнын айшықтап күңірентеді. Ал, халық әндерін өңдеу арқылы жинақталған «Қыз Жібек» операсы симфониялық оркестр үлгісінде еуропалықмузыкалық аспаптарға лайықтаған.

Нұрғиса шығармаларының арқауы, жеткен жетістігі өмірінің өзегі, көздеген мақсаты — музыкалық шығармаларды оркестрге лайықтаумен байланысты. Сол арқылы өнер биігіне көтерілді, халқына қызмет жасады, ұрпағына мұра қалдырды

Нұрсұлтан Әлімқұлоатың сөзіне жазылған «Алатау» әнін орындау

6. Дирижерлығы.

10-оқушы

«Отырар сазы» фолклорлы — этнографиялық оркестрін ұйымдастырып, дирижерлік ету Нұрғисаның есімін сөз жоқ шырқау биікке көтерді.

Белгілі композитор Өмірбек Байділдаев:

«Ол өзі жайлы сараң, аз әңгімелейді. Ал, оның сегіз қырлы өнерін байыптап, бағдарлап, сараласақ — көп еңбек, үлкен дүние… Алғашқы жұмысын қазақ операларынан бастады. Олар — «Қыз Жібек», «Жалбыр», «Ер Тарғын», «Абай», «Біржан-Сара», «Достық жолымен» және «Алтын таулар» болатын. Аталған опералардың мазмұны мен құрылысы да, композиторлық концепциясы да әртүрлі. «Шын жүйрік өрге шапса, өршеленер» дегендей, ол классикалық опералық, балеттік шығармаларды да қолға алды. П.И.Чайковскийдің «Аққу көлі», балеті мен «Қарғаның мәткесі» операсын, Дж.Вердидің «Риголетта», Ж.Бизенің «Кармен» операларын қазақ сахнасына қойып, дирижерлік ету де Нұрғисаның үлесінде. Қазіргі кезде Құрманғазы атындағы оркестрдің үш жүзден артық репертуарын Нұрекең толық меңгерген дирижер» - деп жазғанын терең білімділігін, жоғары кәсібилігін және аса еңбекқор екендігін танимыз.

Тұманбай Молдағалиев «Құстар қайтып барады» әнін орындау

7. Марпаттары мен наградалары

11-оқушы:

Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының иегері (1978ж.)

КСРО халық әртісі (1984ж.)

Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің депутаты (1985ж.)

Канадада өткен халықаралық кинофестивальдің дипломына ие болған «Менің атым Қожа» көркен фильмі, Ленинградта өткен Бүкілодақтық кинофестивальдің дипломына ие болған «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», Ташкентте өткен Азия мен Африка елдері кинофестивалінде лауреат атанған «Халық қол өнері» фильмі Көзіміз көрген өнердің сондай даналары мен көсемдері: қара сөзде — Мұхтар Әуезов, Әбіш Кекілбаев, ақындықта — Мұқағали Мақатаев болса, музыкада — Нұрғиса Тілендиев.

12-оқушы:

ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері (1995ж.)

«Халық Қаһарманы» Алтын жұлдыздың иесі.

Нұрғиса Тілендиев — қазақ даласын сахнаға айналдырып сазға бөлеген жасампаз; музыка өнерінің ашылмай кеткен жұмбағы, шешілмей кеткен сыры; таусылмайтын кені, тот баспайтын асылы, сарқылмайтын бұлағы, сөнбейтін шырағы, талмайтын пырағы; лапылдаған жүрегі, құламайтын тірегі, ақиқат шындығы асқақ үні; алтын діңгегі, мінсіз ұстазы; өшпейтін өнегесі, азбайтын рухы; әннің тіккен туы, асқар тауы, күйдің соққан желі, қара дауылы, ақ бораны; әні елге ем болған балгер; бармағынан бал тамған арқалы домбырашы, кеудесінен күй қоздаған күй-құдірет.

ІІІ. Жаңа ән үйрену

Тұманбай Молдағалиевтың сөзіне жазылған Тұяқберді Шәмеловтың әні

«Нұрғиса ағама сағыныш»

1.Төгілуші едің ән болып

Күй болып және құйылдың.

Асыл да асқар жан көріп,

Рухыңа бүгін сыйындым.

Қайырмасы:

Тырналар қайтіп барады

Әніне қосып өзіңді.

Өлмейтін әлем адамы

Сен жаңа ғана көз ілдің.

2.Салауат дейміз өткенге,

Өмірдің әнін мәңгі айтып.

Құстармен бірге көктемде

Келермең, аға, сен қайтып.

3. Елестеп өттің тағы да

Жас дәурен баста тұра ма?

Сағынған сұлу тауыңа,

Оралармысың Нұр аға?

ІҮ. Қорытындылау, бекіту.

1.Мына күйлердің ішінен Нұрғиса күйлерін ата.

а) Ақжелең. Кіші Қаратөс. Балжан қыз.

ә) Әлқисса. Ата толғауы.Аққу.

б) Адай. Сарыарқа. Серпер.

2. Нұрғиса әндерін тап.

а) Сағындым Алматымды.Әгугай домбыра.

ә) Ақ бантик. Қайықта: Қайдасың.

б) Саржайлау. Өз елім. Алатау.

3. Н.Тілендиев басқарған оркестрді ата.

а) Отырар сазы.

ә) Құрманғазы.

б) Симфониялық оркестр.

4. Н.Тілендиевтің туған жерін ата.

а) Жамбыл облысы Байзақ ауданы.

ә) Алматы облысы Іле ауданы.

б) Қызыл орда облысы Шиелі ауданы.

5. Н.Тілендиевтің күй поэмалары.

а) Дайрабай. Құдаша думан.

ә) Ақсақ құлан. Мерекелік күй поэмалары.

б) Мүрагер. Махамбет.Жеңіс салтанаты.

6.Сүйген жары Дариғаға арнаған шығармасы.

а) Көңілді бикеш.

ә) Сүйген жар.

б) Ақмаңдайлым.

7.Қай кинофильмде Нұрғиса шығармалары орындалады.

а) Құлагер. Көшпенділер.

ә) Алты жасар Алпамыс.Алдаркөсе.

б) Қыз Жібек. Менің атым Қожа.

Дұрыс жауап: «Нұрғиса» сөзін құрайды.

Сабақты қорыту:

Мелодия-әуен деген сөз. Нұрғиса асқан әуенші композитор. Оның әуеншілігінің қасиеті терең тамырлылығында, жасыл жайлау,көш керуен,сыңғырлаған қыз шолпысы, ана қуанышы тәрізді жылылық сезімдер, жалпылай айтқандаелдің тұрмыс тіршілігі, майда қоңыр әуендермен сөзсіз жетелейді .

«Ақынмын деп қалай мен айта аламын.

Халқымның өз айтқанын қайталадым.

…Күпі киген қазақтың қара өлеңін

Шекпен жауып өзіне қайтарамын»,-деп ақын Мұқағали Мақатаев айтқандай халықтан іздейді, халқына қайтарады, халқының жүрегінде паналайды.

Нұрғиса Тілендиев шығармалары қазақ музыкасы тарихында қайталанбас із қалдырды. Композитор халық эстетикасынан еркелей аққан арда ағысты бүгінгі күннің музыкасының жаңа арнасына бұрды. Оның творчествосындағы дәстүрлі танымның асып төгілген ғаламат рухани күш-қуаты бізге адамгершілік асулрының асқар биігін меңзейді

Ү. Оқушыларды бағалау

ҮІ. Үйге тапсырма түсінік айту, әнді жаттау

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Музыка оқулығы. 6-класс
  2. Қазақ энцеклопедиясы
  3. Мектептегі музыка сабағы.
Наши услуги



Мир учителя © 2014–. Политика конфиденциальности