Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы Шеңбертал орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Жайшылықов Думан Елеусізұлы
Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмақ емес!
Соғыс — күйретуші күш! Дәл солай! Барды жоқ ететін, тауды жер ететін, жер бетіндегі тіршілік атаулының бәрін жалмап жұтатын тажал. Сол қанды кезеңді еске түсіріп, елестететін газет-журнал матералдары немесе радиотелехабарлар, кинолар аталар ерлігін мақтаныш тұта бізге жеткізді. Иә, содан бері жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де, ешнәрсе де ұмытылған жоқ.
Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмақ емес! Адамзат тарихындағы ең сұмдық соғыстың болып өткеніне 70 жыл толды. Бірақ, Ұлы Жеңістің ұмытылмайтыны сияқты, соғыс та ұмытылмастай ізін қалдырды. Жеңіс күні — бұл сан мыңдаған ұрпақ үшін ортақ мереке. Бұл мереке — бейбітшілік пен қайырымдылықтың мәңгі жасампаздығын, Отанын қорғаған жауынгер-солдаттар мен офицерлердің айбынын, тылдағы Жеңісті жақындатқан жұмысшылардың ерлік еңбектерінің мәңгі өшпейтіндігін дәлелдейтін белгі болып қалмақ. Біздің аталарымыз бен әкелеріміздің батырлықтары мен жанқиярлықтары, олардың өз Отанына деген шексіз сүйіспеншіліктері Қазақстанның бүгінгі жауынгерлері үшін мақтан тұтарлық үлгі ғана емес, бұл — бірнеше ұрпақты байланыстыратын қоғамның рухани дамуы мен ұлттық қайта өрлеуінің жоғары адамгершілік негізі. Жеңіс күні — абыройымыз бен даңқымыздың мерекесі. Табандылық пен ерлік, Отанға деген сүйіспеншілік қатал соғыста Жеңіске жеткізді. Бұл сол кездегі кеңес халқының ержүректілігі мен төзімділіктерін паш ететін, тарихта мәңгі қалатын күн. Бұл күнді соғыстың алғы шептерінде қайсарлықпен шайқас жүргізіп, ерліктің сан үлгісін көрсеткен ардагерлер тойлайды. Солардың жанымен, қанымен, терімен, көз жасымен, күшімен, ісімен, ерлігімен, атаның туын жықпай, ананың намысы үшін туған жердің топырағын жауға таптатпай, еңіреп жүріп жауды жеңіп, тауын шағып, туын жығып, жеңістің таңбасын басқан күн — Жеңіс күні. Бұл күннің толғағы ауыр болса да, туғаны бар халқы үшін қуаныш болған күн. Сондықтан да бұл Ұлы мереке. Оққа ұшқан қарулас жолдастарының аманатын арқалап, аман оралған ардагер аталарымыздың өздері қорғап, қорған-қамқор болып оралған арттағы қалың елдің қамығып жеткен Жеңіс күнін, біз ұмытсақ та тарих ұмытпайды. Ол - өмір заңы. Біз Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңіске ештеңеге теңеспейтін ғажап күшпен жеттік. Ол күш - әрине, "бірлік”. Қаншама халық бір тудың астына бірігіп күштерін бір арнаға салды. Ұлы Жеңіс он бес одақтас болған мемлекеттердің ортақ мерейтойы. Сол кездегі Кеңес Одағының басқа халқымен бірге жауды талқандап, жеңіске жету ісіне Қазақ халқы да өзінің лайықты үлесін қосты. Қазақстандық жауынгерлер Брест қамалынан бастап Берлинге дейін барды. Олар Сталинград түбіндегі шайқаста, Днепр өткелінде, Москва мен Ленинград үшін болған ұрыстарда ерен ерліктер көрсетті. Қазақ ел басына күн туғанда толарсақтан саз кешетін жауынгер халық. Ұлы Отан соғысының қатпарлы парақтарына үңіліп қарасақ, қазақтардың қанды қырғынға қаймықпай соғысқанына ашық көзіміз жетеді.
Сол бір сұрапыл жылдары қазақ халқы өзінің Отанына, жеріне деген патриоттық сезімін, ұлттық мақтанышын дәлелдеді. 500-ден аса жерлестеріміз, оның ішінде 96 қазақ Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Жауға қарсы шайқастар алдыңғы шептегі ұрыстарда ғана емес, алыстағы ауыл мен кең байтақ далада да жүріп жатты. Сол жылдары Қазақстан миллиондаған босқындарды өз бауырына аналық мейірімімен тартушы, эвакуацияланған завод пен фабрикаларға, майданға керекті оқ-дәрі мен азық-түлік жеткізуші үлкен арсеналға айналды.
Шығанақ Берсиев сияқты еңбек ерлерімен қатар иықтарына үлкен ауыртпалық түскен еңбек даласында миллиондап жұмыс істеген әйелдерсіз, жасөспірімдер мен қарттарсыз Жеңіс күнін көзге елестету мүмкін бе еді?!
Ұлы Отан соғысы тарихының беттерін парақтаған адам жеңіс сағатын соқтыруға Қазақстанның қосқан үлесі телегей-теңіз екенін байқар еді. Осы бір аяқ астынан басталған әділетсіз арпалысқа Қазақстаннан 2 миллионға жуық түрлі ұлт өкілдері әскер қатарына шақырылды. Майдан даласынан 394 мың қазақ боздақтары қайтпай қалды. Бұл соғыс қайғы-қасірет әкелмеген бірде-бір отбасы болмады… Бірінің әкесі, бірінің ағасы қаза тапты. Қаншама жас боздақтардың қыршын жасы қиылды…
Ердің ері шыдайтын жаңбырша жауған оқ пен қарша бораған бомбаның арасында олардың нәзік жүректері тасқа айналып, гүл ғұмырлары ажалдың қанды тырнағына ілікті.
Фашистік Германия тізе бүкті… Бірақ сол сұм соғыс өзімен бірге 10 миллионнан астам немістің өмірін алып кетті. Оны жеңген Кеңестер Одағы 27 миллион адамның өмірін берді. Талай ғасырлар бойы жасалған материалдық және мәдени қазынаны құртты. Міне, соғыстың әкелген қасіреті. Сондықтан адамзатқа әрқашан соғысты тоқтататын жеңіс керек. Осыдан 70 жыл бұрынғы Жеңіс сонысымен қымбат. 1418 күн мен түн толарсақтан қан кешіп, кейінгі ұрпаққа тыныштық әкелгені үшін қасиетті. Әрине, жеңіс өздігінен келген жоқ. Оны елі, жері үшін отқа түскен ерлер ерлігі жеткізді.
9 мамыр - бұл мереке ғана емес, бұл ауыр еңбек, бұл халықтың батырлығы. Бiздiң парызымыз - бұл күндi еске сақтау. Бiздiң ардагерлеріміз! Олар кемде-кем қалды. Оларға лайықты кәрілікті қамтамасыз ету, оларға көмектесу керек. Ұлы жеңістің туған күні құтты болсын! Тарихымызда қалған бұл сұрапыл соғыстың кеселінен өткен ата-апаларымыз аман болсын! Келешек еліміздің дархан даласы кең, аспаны ашық болсын! Жұдырықтай жұмылған, білектей біріккен кеңпейіл Қазақ елі жасасын! Ешқашанда жауынгер ерлігі мен жеңісті еңбегімен соққан еңбекшінің ерен ерліктері ұмытылмайды.