Бекежанова Айман Турсынгалиевна,
Талдықорған қаласы,
К.Ушинский атындағы №7 орта мектебі,
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Сабақтың тақырыбы:
Жамбыл Жабаевтың өмірі мен шығармашылығы. «Аттандыру» өлеңі
Сабақтың мақсаты:
Халық ақыны Ж.Жабаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы айта отырып, ақын өмірін үлгі ету, өлеңін талдау және өлеңнің мәнін ашып түсіндіру.
Білімділік: Жамбыл Жабаевтың өмір тарихына шолу жасай отырып, шығармашылығының қазақ әдебиетінде алатын орны мен маңызына тоқталу, «Аттандыру» өлеңінің мәнін ашу, талдау, теориялық білім беру.
Дамытушылық:Жамбыл Жабаевтың өлеңін оқыта отырып, оқушылардың шығармашылықпен жұмыс істеуіне ықпал ету, ойлау шеберлігін, сөйлеу, жазу мәдениетін дамыту.
Тәрбиелік: Оқушыларға Ж.Жабаевтың өмірбаяны мен өлеңін оқытып, мазмұнына аша отырып, оқушылардың бойында өз еліне, тіліне деген сүйіспеншілік сезімін қалыптастырып, отансүйгіштікке тәрбиелеу.
Сабақтың әдісі: сұрақ-жауап, әңгімелеу, түсіндіру, мәнерлеп оқу, талдау
Сабақтың көрнекілігі: қосымша әдебиеттер, семантикалық карта, слайдтар, суреттер
Сабақтың түрі: конференция сабағы
Сабақтың әдісі: сұрақ-жауап, түсіндіру, талдау, шығармашылық
Пәнаралық байланыс: тарих, музыка
Сабақтың барысы:
Ұйымдастыру кезеңі:
Бүгінгі конференция-сабағымыз «Жүз жыл өмір кешкен ақында неше жүз жылдар өнері мен шеберлігі түйіскен» деп
М. Әуезов айтқандай, «Жасымнан атым аян Жамбыл едім, Сүрінбес қара өлеңге даңғыл едім»,- деп өзі жырлағандай, шашасына шаң жұқпаған дана жырау ақын Жамбыл Жабаевқа арналады.Ол тарихта «Халық поэзиясының алыбы», «ХХ ғ. Гомері», «феномен - феникс» атағымен қалды.
Бүгін біздің конференциямызға Жамбылдың өмірін, шығармашылығын, айтысын, күйлерін зерттеген ғалымдар және Жамбыл шығармашылығына қызығушылық танытып жүрген журналистер келіп отыр.
Мейірімді жүрекпен,
Ақпейілді тілекпен,
Амандасып алайық,
Бір жадырап қалайық!
-Қош келіпсіздер! Сіздермен бірге бүгін Жамбыл атамыздың шығармашылығының қыры мен сырын тереңірек ашамыз деп ойлаймын!
-Сөз кезегін зерттеуші ғалымдарымызға берейік!
1.Жамбыл өмірін зерттеуші-ғалымдар — Ақмарал мен Ақнұр (Кәдірбайдың төбеті)
2.Ақынның шығармашылығын зерттеуші-ғалымдар — Нұррахман мен Мәди
3.Қазақстан тарихын зерттеуші-ғалымдар — Еділ мен Еламанға Жамбыл өмір сүрген кезеңдегі Қазақстандағы тарихи-әлеуметтік жағдайға тоқталып өтуін сұраймыз!
4.Ақын атамыздың айтыс өнеріне де қосқан үлесінің зор екендігін білеміз.Жамбылдың айтыскерлігін зерттеуші-ғалымдарымыз — Толқын мен Әйгерімге сөз береміз.
Жамбыл бабамыз өз шығармаларының біразын Ұлы Отан соғысы жылдарындағы жауынгерлерге күш-қайрат, жігер беруге және елін, жерін қорғауға үндеуге арнады. Сондай шығармасының бірі– соғыс жылдарындағы Жамбылдың аса бір әсерлі өлеңдері - баласы Алғадайды майданға аттандырғанда және Алғадай ерлікпен қаза болғанда айтқандары. Соның ішінде «Аттандыру» өлеңі. Өлең ауыз әдебиеті үлгісінде, батагөйлік сарында көркем суретпен, терең философиялық мәнде туған. 1942 жылы Алғадай Жамбылұлы майданға кетеді. 1943 жылы 22 ақпанда Днепрпетровск облысы, Синельникова қаласында ерлікпен қаза табады.Бұл суық хабар ақынға өте ауыр тиеді. Сонда ата жүрегінен мына өлең жолдары шығады.
Жамбылдың «Аттандыру» өлеңі
Атаңнан бата ал, балам,
Арғымақ атқа мін, балам!
Ақ сақалым желбіреп,
Артыңнан қарап мен қалам.
Құлағыңда, құлыным,
Даусым жүрсін жырлаған.
Алғадайым, арлы едің
Ата сөзін сыйлаған.
Перзентімнің алды едің,
Көңілімді қимаған.
Аттандырдым майданға,
Аман-есен жүр, балам!
Абыройға ие бол,
Ағат баспа бір қадам!
Атақ берген атаңа,
Ел қадірін біл, балам!
Сынға түскен бұл заман
Саған айтқан сөзімнен
Сабақ алсын тыңдаған.
Айтылған сөз деп ұқсын –
Аңғарлы жан «Бұл маған»
Хош, хош, балам, хош, балам!
- Өлең кімге арналған?
- Ұлы Алғадайға арналған.
- Өлең не туралы?
- Атаның балаға арнаған ақ тілегі, батасы, жүрегінің түкпірінен шыққан әкелік сезімі.
Бізде қонақта әдебиет теориясын зерттеуші-ғалымымыз Гүлім Шаяхметова бізге бата, оның түрлері туралы айтып береді.
Өлең құрылысына талдау.
Авторы: Ж. Жабаев
Жанры: өлең
Тақырыбы: Баласы Алғадайға бата, тілегін білдіру.
Мазмұны: Әке үмітін, ел үмітін ақтау. Өзінің ғана баласына емес, барлық қазақ баласына берген аталық батасы.
Шумақ: 5
Тармақ: 4 - 6
Ұйқас: қара өлең ұйқас,аралас ұйқасты, толғау түрінде жазылған.
Бунақ: 2
Қосжазба күнделігі
Өлеңдегі маған әсер еткен шумақ |
Неліктен ол маған Әсер етті? |
Түсіндірме күнделігі (оқушылар өздері толтырады).
Өлеңдегі сөз |
Оқушы түсінігі |
Арлы |
ар сақтағыш, ұяты бар |
Абырой |
1. ар, ұят 2. атақ, дәреже, бедел |
Ағат |
жаңсақ, жаңылыс, теріс |
Аңғарлы |
әріден ойлап білетін, байқағыш |
Шығармашылық жұмыс:
Керекті сөздер: әлемге, бата, асқақтата, Жамбыл ата.
Жүз жасаған …
Сүйінбайдан алдың …
Қалықтаттың кең …
Қазағымның, даңқын.
Бекіту сұрақтары. «Ұтымды жауап» (Сұрақ — жауап )
- Жамбыл қай жерде туылған?
- Қай жылы дүниеге келген? (1846 ж.)
- Қанша жыл өмір сүрді? (99жыл)
- Ақынға бата берген ұстазы кім? (СүйінбайАронұлы)
- Қандай атақты айтыскерлермен кездесті? (Құлмамбет, Досмағамбет, Сарыбас, Айкүміс, Бақтыбай, Шашубай )
- Жамбыл кім? (жыршы, дастаншы, айтыскер, ақын, күйші) (Топтастыру)
Қорытындылау: «Жамбыл жырлары теңіз түбінде шашылып жатқан маржан сықылды. Оны жинап алып, халқының қолына беру — біздің әрқайсымыздың азаматтық борышымыз». С.Сейфуллин.
Үй тапсырмасы. «Аттандыру » өлеңін жаттау.
Бағалау. Үйге тапсырма. Шығармашылық жұмыс. Ақынға хат жазу