Редактор
Должность:Редактор
Группа:Мир учителя
Страна:Россия
Регион:Санкт-Петербург
Балалықтың бал сыры - қаламынан тараған

Қазақстан Республикасы,Ақмола облысы,Көкшетау қаласы

Көкшетау қаласы,(қазақ тілінде оқытылатын) дарынды балаларға арналған №3 облыстық мамандандырылған мектеп-интернаты

Кітапханашы

Жунусбекова Ажар Шадиходжановна

Ауызша журналдың мақсаты: балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың өнегелі өмірі және шығармашылығымен таныстыра отырып, балалардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру.

Өтілу барысы. Кіріспе сөз: Қымбатты балалар! 15 қазан - балалар әдебиетінің классигі, жазушы Бердібек Соқпақбаевтың туған куніне 90 жыл.Ол балаларға арнап көптеген шығармалар жазған. Қаламынан туған әрбір шығармасын балалар ғана емес, үлкендер де сүйіп оқиды. Кітаптары әлемнің 20 шақты тіліне аударылған. «Менің атым –Қожа» повесі бойынша түсірілген киноны 28 елдің балалары тамашалады. Бұл — біз үшін үлкен мақтаныш. Жазушы Б. Соқпақбаевтың өнегелі өмірі және шығармашылығымен таныстыру мақсатында «Балалықтың бал сыры қаламынан тараған» деп аталатын ауызша журналымызды назарларыңызға ұсынамыз.

Ауызша журнал 4 беттен тұрады:

1 бет: «Ақын өмір».

Жүргізуші: Б. Соқпақбаев 1924 жылы 15 қазанда Алматы облысы, Нарынқол ауданының Қостөбе ауылында дүниеге келген. Хан Тәнірі аясындағы осы бір табиғаты ғажайып шағын ғана ауылда жазушы балалық шағын өткізген. әкесі Ыдырыс адам баласына еш жамандығы жоқ момын адам болған екен. Анасының аты - Әспет. Ақылды, өнерлі, адамгершілігі, мол парасатты адам болған. 1951 жылы Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық институтының филология факультетін, кейіннен Москвадағы М.Горький атындағы Әдебиет институтының курсын бітірген. Біраз жыл ауыл мектебінде мұғалім болып, «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Балдырған журналында»,

Ш. Айманов атындағы Қазақфильм киностудиясында жұмыс істеген. Қазақстан Жазушылар одағында балалар әдебиеті жөніндегі әдеби кеңесші болған. Бердібек Соқпақбаев 1947 жылы Абай атындағы педагогикалық институтта оқып жүргенде, жас ақын-жазушылардың республикалық мәслихатына қатысады. Онда жанр бойынша секциялар жұмыс істеп, жас талапкерлердің шығармалары талқыналады. Бердібек ақын Қасым Аманжолов басқарған поэзия секциясына қатысып балаларға арналған бір топ өлеңін оқиды. Оның өлеңдерің қатты ұнатқан Қасым оған өлеңдерін баспаға өткізуге ақыл-кеңес беріп, кітабының жарыққа шығуына көмектеседі. Сөйтіп, Бердібек Соқпақбаевтың 1950 жылы «Бұлақ» деп аталатын өлеңдер жинағы жарыққа шықты. Беташары «Өлең» деген жыр еді:

Жазып та көрдім, мен де өлең,

Жазып та көрдім,қара сөз.

Ерте ме, кеш пе мен де өлем,

Өлмейді тек — дана сөз.

2-бет. Бердібек Соқпақбаев туралы көрмемен таныстыру.

1950жылы «Бұлақ» атты өлеңдер жинағы, 1951 жылы «Он алты жасар чемпион», 1953жылы «Бақыт жолы»,1955жылы «Жолда»,1957жылы «Алыстағы ауылда», «Чемпион», 1961,1962 жылдары «Жексен», «Жекпе-жек», ал 1963 жылы әйгілі «Менің атым — Қожа» повесі, 1966 жылы «Аяжан», «Қайдасың, Гауһар?», 1964 жылы «Өлгендер қайтіп келмейді» повестері мен өлеңдері жинағы жарық көрді

Кітапханашы: «Балалық шаққа саяхат», «Өлгендер қайтіп келмейді», «Қайдасың, Гауһар?», «Бастан кешкен», «Менің атым — Қожа», «Он алты жасар чемпион», «Жекпе-жек» тағы да басқа туындылары — қазақ әдебиетінің классикалық шығармалары қатарынан орын алған. «Жекпе-жек» повесінің табиғатты да, тақырыбы да ерекше. Бұл повесть қазақы ауыл өміріндегі спортқа құлшынған баланың шынайы психологиясын көрсететін туынды. Екіншіден, ауыл спортының, әсіресе бокстың дамуына ынталандыратын қиял, үміт отын жағушыкүш тәрізді. «Жекпе-жекті» оқысандар жан-дүниелеріңе өзгеріс еніп, спортқа құлшыныстарың оянады деп ойлаймын.

«Он алты жасар чемпион» атты кітабында ауыл балаларының спортқа құмарлығы, еңбекке, оқуға деген ынта-ықыласы жазылған. Жасынан әлжуаз өскен Мұраттың өзін-өзі шынықтырып, бокспен айналысып, биік тұғырдан көрініп чемпион атануын сөз етсе, «Қайдасың, Гауһар?» повесі шынайы достық пен махаббатты айшықты көркемдеген. Оқиғасы қарапайым, тілі шұрайлы шығармада соғыс жылдары 9 сыныпты бітіре сала ауыл мектебіне мұғалім болған Жәнібектің басынан кешкендері, Гауһар екеуінің арасындағы шынайы махаббатты жайлы сөз болады.

«Өлгендер қайтіп келмейді» романы мен «Менің атым — Қожа» атты повестері өз оқырмандарымен тірі адамдай сырласуы сирек құбылысты шығармалар. Өйткені, шығармаға жан бітіру нағыз таланттың ғана қолынан келеді.

3-бет. Жазушы жайлы лебіздер.

8-оқушы: Қастек Баянбаев: …Қаламгердің анық өсіп, шеберліктің белгілі бір биігіне шыққанын көрсеткен туындысы — «Менің атым –Қожа» повесі. Қожа бейнесі қазақ балалар әдебиетіне қосылған қомақты олжа.

9-оқушы: Қадыр Мырзалиев: … Бердібек Соқпақбаев кітаптарының соңғы беттерін жапқанда көркем шығарма оқып шыққандай болмайсын, өзіңнің ең тату-тәтті дос, жолдастарынды ұзақ сапарға шығарып салғандай боласың. Қимайсың. Көңілің бұзылады.

Бердібек Соқпақбаев шығармалары, міне осындай. Жазушы үшін бұдан асқан бақыт болуы мүмкін емес.

10-оқушы: Т. Ахтанов: … Бердібек Соқпақбаев бірінші жақпен жазуды мықтап меңгерген және не нәрсені жазуды, оны қалай жазуды еркін меңгерген суреткер жазушы.

11-оқушы: С. Шаймерденов: Нақтылы жазу, ұтымды жазу Бердібектің үлгісі деп әбден айтуға болады. Шындықтың алдында бас имейтін не нәрсе бар? Осындай шырай Бердібек қаламынан шыққан шығармалардың баршасына тән. Оның туындыларының електен өткен дуниедей болып мөлдіреп тұратыны сондықтан.

12-оқушы: Қ. Ергөбек: Б. Соқпақбаев –тақырыпты өмірдің өзінен алатын жазушы. өзінің шығармалары арқылы өмірдің күрделі, ауыр екенін, өмірде әділеттің сақтала бермейтінін шыншыл баяндап берген жазушы.

13-оқушы: «Бердібек Соқпақбаевтың — кірпияз мінезі - жазушының жан-дүниесінің тазалығын білдіреді. Өте қарапайымдылығымен өзін биік ұстайтын жазушылардың байқамайтындығын байқап, соның соны желісінен жанына нәр тапқан жазушы. Оның бізден ерекшелігі де сол. Сендердің топырақтарыңда туып, елдің мерейін үстем ететін үлкен классик жазушы болуының сыры да сонда»,- дейді Таһауи Ахтанов.

4-бет.Кім шапшаң! : Сәлем, сәлем балалар! Балалар мен жақында жаңа ойын үйрендім. Ол қандай дейсіңдерме? Бұл ойын «Кім шапшаң деп аталады» Мен сендерге сұрақ қоям, ал сендер жылдам жауап беруге тиіссіңдер. Ал, қанеки балалар!Сендердің білімдеріңді тексерейік.

  1. Мен өз үйімде төр бөлменің есігін жауып алып кеңес өткізгенімді біліесіңдер. Сонда кімнің мәселесі талқыланды?
  2. Менің он үш жыл өмірімдегі ең қатыгез күн қашан болып еді?
  3. Қожаның анасының аты (Милат)
  4. Повестегі қазақ тілі пәнінің мұғалімі (Майқанова Сәбира)
  5. Қожа қандай?
  6. Қожаның қателіктеріне ұрына беруінің себебі не, қалай ойлайсыңдар?
  7. Повестегі Жанар қандай оқушы деп ойлайсыңдар?
  8. Қожа кімнің тәрбиесінде болды?
  9. «Менің атым Қожа» повесінің алғашқы аты? («Өзім туралы повесть»)

Жарайсыңдар балалар «Менің атым Қожа» повесін жақсы білетіңдерін көрініп тұр. Енді «Менің атым Қожа » повесінен үзінді тамашалайық.

Қорытынды. Бердібек Соқпақбаев — шынайы адам, шыншыл жазушы еді. Өтірікке өлердей қас болатын. Өнерді өтірікпен әсемдеуден қорқатын. Қатарлас замандастарының өтірік жазғанын жазып жүргенін білсе, сыйламай қоятын. Ол қоғам шындығын бар ауыртпалық, қиындығымен көрсетем деп өзі де көп қиындық көрген қаламгер. Бердібек Соқпақбаев шығармалары кеше шындық болып шырылдап сөйлесе, бүгін өмірдің өзі болып баурайды оқырманды. Оның шығармаларының қызық оқылып, бүгін жазылғандай әсер ететіні де сондықтан. Бердібек Соқпақбаев — ұрпаққа деген басты шығармаларын жазған, оқырмандарынан лайықты бағасын алған бақытты жазушы. Бүгінгі ауызша журналымызды қазақ халқының дарынды ұлдарының бірі, ақын Қадыр Мырзалиевтің мына сөздерімен аяқтасақ деймін: «…Бердібек Соқпақбаев кітаптарының соңғы беттерін жапқанда көркем шығарма оқып шыққандай болмайсың, өзіңнің ең тату-тәтті дос, жолдастарыңды ұзақ сапарға шығарып салғандай боласың. Қимайсың. Көңілің бұзылады. Бердібек Соқпақбаев шығармалары, міне осындай. Жазушы үшін бұдан асқан бақыт болуы мүмкін емес.»

Наши услуги



Мир учителя © 2014–. Политика конфиденциальности