Қазақстан,Шығыс Қазақстан облысы,Семей қаласы
№ 10 орта мектебі
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Хасанова М.А.
Оқушылардың қазақ тілі бойынша сауатты жазу дағдысының қалыптасуына грамматиканың теориясы мен орфография ережелерін меңгерулері негіз болады. Орфография ережелері жеке сөздердің жазылуын қарастырмайды, ол қандай да болса грамматикалық жалпы бірлігі бар сөздер тобының жазылуын бағыттап отырады. Сөйтіп көптеген сөздерді белгіленген орфографиялық норма бойынша жазып үйренуге қолайлы жағдай жасалады. Орфографиялық ережелер сайып келгенде, грамматика, фонетика және сөз түрлендіруші материалдарды білу деңгейіне қарай меңгеріледі. Демек, грамматикалық теория емле ережелеріне негіз болып саналады. Сондықтан бастауыш кластарда орфография ережелері грамматикалық не сөз жасау тақырыптарының құрамды бөлігі ретінде солармен бірге өтіледі. Мәселен, оқулықта берілген тапсырмадағы әрбір сөйлемнің не туралы айтылғанын сұрау арқылы сөйлемнің ойды білдіретіні, әр сөйлемде неше сөз бар екені анықталып, сөйлемнің сөздерден құралатыны жөнінде түсінік беру грамматикалық білімге жатса, ал, сөйлемдегі бірінші сөздің бас әріппен жазылатынын және сөйлем құрамындағы әр сөздің бөлек-бөлек жазылатынын таныту орфографиялық ережелерді меңгерткендік болады. Үндестік заңының емле ережелері «Сөз құрамы» тақырыбын оқытқанда түбірге қосымшалардың жалғауына байланысты, ал зат есімнің септік жалғауларын өткенде, олардың сөзге жалғануына орай қолданылады. Яғни түбір сөз жуан не жіңішке болып жалғанады деген бір ғана емле пайдаланылады.
Емле ережелерін оқып үйрену грамматикалық теорияға ілесіп отырады. Мысалы, зат есімнің тәуелденуі тақырыбын өткенде, тәуелдік жалғаудың мәнін, зат есімнің тәуелдену жолын, тәуелді зат есімнің үш жақта айтылатынын және зат есімнің тәуелдік жалғаулары грамматикалық білім сипатында таныстырылғаннан кейін, - к, қ, п дыбыстарына біткен зат есім сөздерге тәуелдік жалғау жалғанғандағы өзгеріске байланысты орфографиялық ережелер түсіндіріледі.
Орфография зерттейтін обьектілер. Офография зерттейтін обьектілер мыналар:
Орфографиялық жаттығулар. Дұрыс жазуға үйретудің автоматтандырылған дағдысы жаттығулар нәтижесінде калыптасады. Емле жаттығуларының түрі әр алуан. Олар үйретілетін орфографияға сәйкес әрі оқушыларды сауаттылыққа дағдыландыру жұмысының сипатына лайық қолданылады. Орфографиялық жаттығу жұмыстарын, негізінде, үш салаға ажыратып қарауға болады. Олар:
Оқушыларды дұрыс жазу дағдысына үйрету үшін, оларға көшіріп жазу жұмысында ескерілетін нұсқау, ережелер түсіндіріледі. Ең әуелі балалар көшіріп жазатын материалды түгел оқып шықсын. Әр сөйлемдегі сөздерді буынға ажыратып, әрі ол буындарды іштен айтып, дұрыс жазылуын ескерсін. Соңынан өзі жазған жұмысын тиісті мәтіннің материалымен салыстырып, дұрыс-терісін байқасын. Көшіріп жазу жаттығулары қай сыныпта да әр түрлі емлелік тапсырмаларды орындату мақсатымен жүргізіліп отырады. Сабақ мақсатына орай көшіріп жазу жұмысы алдында дайындық жасалады. Жаттығуда кездесетін (белгіленген) орфограммалары бар сөздер айтылады, ол сөздің неліктен солайша жазылатындығы талқыланады. Өтіліп отырган ережеге жататын орфограммалар мәтәннен таптырылып, саны анықталады.
Оқыту тәжірибесінде көшіріп жазу жұмысына грамматикалық, лексикалық және жасау мәнді тапсырмалар өндіріліп, кешенді сипат беріледі. Бұл емлелік дағды қалыптастырудың теориялық негізі болатын грамматика, сөз жасау жөніндегі білімді оқушылардың қаншалықты меңгергендерін анықтауға жол ашады. Осы кешенді жаттығу тапсырмаларының үлгісі мыналар:
– Көп нүктенің орнына керекті әріпті, буынды не сөзді қойып көшіріп жазу. Керекті объектілер мәтәннің соңында беріледі.
– Көшіргенде, сөздердің түбірін және қосымшаларын ажырту, соған байланысты түбірлес сөздерді тану.
Осы міндетті орындауда орыс тілді оқушыларға мынадай тапсырмалар беруге болады:
«Мына сөздерді көшіріп жазып, қосымшалардың астын сызыңдар:
етікші малшы бастық
етікті малға баста
етікке малда бастау
етіктің малдың басына».
Тапсырмадағы 12 сөздің «етік, мал, бас», деген үш қана сөзден өрбіп тұрғанын салыстыру, бақылау әдістерімен балаларға үғындыруға әбден болады. Түбірлес сөздер деген ұғымды оқушылар түсіне бастайды.
«Бағананың оң жағындағы жалғаулардың қайсысын қай сөзге жалғаса, ондағы сөздер дұрыс байланысады?
Тырна түлкі… қонаққа шақырды. -ға
Тырна түлкі… тамақ берді. -ты
Құмыра… түлкінің басы сыймады. -ні
Тырна құмырадағы тамақ… өзі жеп қойды -ге».
– Теріп көшіру сөздердің құрамы, тұлғасы бойынша, сөз тіркестері, сөз таптарына қарай іріктеп теріп жазылады. Сөздердің мағыналық тобына қарай саралап көшіру де осы тапсырмаға жатады. Мысалы, мына жаттығуды қарастырайық (I сынып).
Сөздерді оқыңдар. Туыстық білдіретін сөздерді бір бөлек, қызметті білдіретін сөздерді бір бөлек көшіріп жазыңдар.
Шопан, ата, әже, тракторшы, апа, қарындасым, инженер, сіңілім…
Бұл тәріздес тапсырманы орындау арқылы орыс тілді шәкірттің заттану ұғымы кеңейіп, сөздік қоры жүйелі қалыптаса бастайды.
Байырғы құрылысы бұзылып берілген мәтіннің сөздерін өзара байланыстырып, қалпына қайта келтіріп көшіріп жазу. Бұл мәндес тапсырма синтаксис тақырыбына лайық беріледі. Сөйлемдегі сөздердің байланысын табу үшін және сөйлем мүшелерінің бір-бірімен қарым- қатынасын айыру үшін, сондай-ақ жалпы сөйлем құру тәсіліне дағдыландыру үшін осындай тапсырма берудің маңызы зор.
Есту факторына негізделген жаттығу жұмыстарын оқыту тәжірибесінде «жатжазу» деп атау кеңінен орын алады. Орыс тілді сыныптарда жатжазудың ескерту, түсіндірмелі, терме, еркін, бақылау, өздік және шығармашылық тәрізді түрлері қолданылады. Есту сезімі арқылы қабылданып, негізінде, жатқа жаздыратын жаттығулар (диктанттар) мұғалімнің сабаққа арнап алған материалдарды дауыстап оқу (диктовкасы) бойынша жаздырылады. Бұл ретте мұғалімнің сөйлеуі, оқуы, асылында, орфоэпиялық нормаға негізделуі керек екендігі сөзсіз. Мысалы, әріп жатжазуын жаздыратын болса, мұғалім I сынып балаларына әріптің аты түрінде айта алмайды. Өйткені балаларға Әліппені өту кезеңінде әріптің аты үйретілмейді, дыбыс үйретіледі. Дыбыстың жазудағы белгісі - әріп, әріптің қалай жазылатыны танытылады. Ал, әріптерді атағанда, дыбыс атымен айтылады. Бұл жағдайда дауысты дыбыстарды айтудың қиыншылығы жоқ, артикуляциялық жағынан ерекше шеберлікті керек ететіндер - дауыссыз дыбыстардың айтылуы. Солай болғанмен, мұғалім дауыссыз дыбысты да оның табиғи үнделу күйінде немесе соған бейімдеу әуенінде дыбыстап танытуы тиіс. Балаларға да қай дауыссыз дыбыстың қалай дыбысталатынын меңгертуге міндеттіміз. Ал, балалар сол дыбыстардың жазудағы таңбасын - әріптерін біліп, дәл мүсінін тауып жаза алатын болсын.
Буын диктантын жаздырғанда, мұғалім буындағы дыбыстардың арасын ашпай, буынды бүтін күйінде оқуы керек. Мәселен, со, шо, на, но секілді буындар осы буын бүтіндігі сақталып айтылады, әйтпесе; «с-о, ж-о, н-а, н-о» түрінде буындағы дыбыстарды бір-бірінен айыра таратып оқыса, онда ол буын диктантын жүргізгендікке жатпайды, әріп диктанты болып шығады. Жоғарғы буындар осы қалпында мағына бермейді. Олар балалар танысқан сөздердің құрамында кездеседі. Балалардың осындай білімдерін пайдаланып, әлгі буындарды ендіріп мағыналы сөз жасатқан - тиімді тәсіл. Сонда, дербес айтқанда, мағына бермеген буындар сөз жасау қызметіне қатынасатынын түсінеді.
Қазақ тілінде бір буынды сөздердің көп екені мәлім.Олай болса, буын жатжазуында бір буынды сөздерді де жаздырған дұрыс. Осы тұста оқушылар жазған буындарының ішінде мағыналы сөз бар екенін де айырып, тіл құбылысын байқайды. Осындай дайындықтан кейін тіл үйренуші оқушылары сөз диктантында екі, үш буынды сөздерді жазып дағдыланады. Сондай ретте «ат-ата, сыр-сырла, Айна- Айнаш » секілді сөздерді пайдаланып, олардың қандай буындардан тұратыны талдатылады, мәні ұқсас, не ұқсас емес буындар ажыратылады.
Тіл үйренудің алғашқы сатысында айтылуы мен жазылуында ерекшелігі жоқ сөздер алынады әрі ол сөзде қандай дыбыстар бар екеніне шейін талданады. Мәселен, сөздің кейінгі буындарында ерін дауыстылар естілетін, орыс тілі арқылы тілімізге енген сөздердің аяғында ұяң дауыссыз дыбыстар (в, г, д) келетін деректер әдейі қатыстырылып отырады. Жаттығудың осындай түрі оқушыларды түбір сөзді морфологиялық қағида бойынша жазуға дағдыландырады. Сондай-ақ ол жаңа материал мен ертерек өтілген орфограммаларды байланыстырып жүргізуге де қолайлы.
«Достық қарудан да күшті» деген сөйлемді былайша түсіндіре отырып жазған болар еді. –Достық. -Дос — түбір, - тық жұрнақ. Дос-жуан сөз, сондықтан қосымша да жуан жалғанады. Дос сөзінің соңы қатаң с дыбысына біткендіктен қосымшасы да қатаң дыбыстан (т) басталады.
Түсіндірмелі жатжазудың материалы алдын-ала талданбастан бірден жатқа жаздырылады. Тек қана қандай емле ережелерін ескеру керектігі айтылады. Бұл жаттығудың нәтижесі жазып болғаннан кейін шығарылады, яғни сөйлем ішіндегі қай сөздің қандай ережеге сәйкес дұрыс жазылу емлесі түсіндіріледі, әрине, оқушылар түсіндіреді. Орыс тілді сыныпта кейбір орфограмма жөнінде түсінік беруді жазбаша түрде орындау да өндіріліп, дамыта оқыту тәсілін қолдана бастаған жөн. Бұндай жұмысты үй тапсырмасы ретінде орындатса, онда балалар үйде оқулықты еркін пайдаланып, көптеген білімді пысықтаған болар еді. Сөйтіп өздігінен оқуға, тұжырым жасауға машықтанар еді.
Терме жатжазуында өтіліп жатқан ережеге немесе мұғалім берген арнаулы бір тақырыпқа сәйкес келетін сөздер, орфограммалар танылып, солар ғана іріктеліп жазылады. Оның жүргізілу жолы былайша: мұғалім жазуға арналған материалды сөйлемдеп оқиды. Оқушылар әр сөйлемнен берілген тапсырмаға лайық келетін сөздерді екшеп алып жазады. Тапсырма орыс тілді аудиториялардың 5- сыныпта да орындатылады. Ол үшін әр сынып тәжірибелік материалынан белгілі объектілер (орфограмма, жеке сөз, сөз тіркесі) теріп жаздыртылады. Мысалы, түбір сөзді бір бөлек, туынды сөзді бір бөлек жазу. Ілік септік пен тәуелдік жалғаулы сөздің тіркесін табу, я заттың, сынның тағы басқалардың аттарын білдіретін сөздерді теріп жазу. Оқушылардың жұмысы, олардың жазуы, оқыуы ішінара тақтаға жазу жолымен тексеріледі. Жатжазудың бұл түрі түсіндірілген ережені пысықтау, білім бекіту үшін қолайлы. Сонымен бірге бүкіл сынып ұжымының белсенді еңбегін ұйымдастыруға, сабақ уақытын үнемді пайдалануға да тиімді.
Орфографиялық талдау қазақ тілі сабағында жүргізілетін басқа жұмыстармен қатар жасатылады. Ол, әрине, грамматикалық талдау және жатжазу жұмыстарына байланысты жүреді. Емлелік талдау үш жолмен жасалады.
Бірінші түрде талдау жасағанда, оқушыларға «Неліктен осылай жасалған?», екінші түрде «Неліктен осы түзетілгендей етіп жазу керек?, үшінші түрде талдау жүргізгенде «Қалай жазу керек?», «Неліктен солай жазылады?» деген пысықтағыш сұрақтар қойылады. Сөйтіп оқушылардың емле ережелерін оқушыларға меңгерту құралы болып табылады. Ол — жаңа білімді бекіту, өткенді қайталау үшін де тиімді тәсіл. Емлелік талдау әр сабақ сайын біршама уақыт жүргізіліп отырады. Бұл жұмыс оқушылардың дәптерін тексерумен де байланысты жүргізіледі. Оның да әдісі түрліше. Мұғалім оқушы дәптерін тексеріп, қателерін түзетіп береді де, олардан осы түзетіліп жазылғанныңдұрыстығын түсіндіріп беруді талап етеді. Егер мұғалім оқушының жіберген қателерін түзетпей, оларды түрліше белгімен (астын сызу тағы басқалар) көрсетіп қойған болса, онда оқушылардан қате жіберілген сөзді қалайша дұрыс жазуға болатынын сұрап, дәлелдеткізеді. Осындай міндеттерді орындау оқушының ережелерді толық түсінуіне мүмкіндік туғызады.
Оқушыларды сауатты жазуға үйрету жаттығулары байланыстырып сөйлеу дағдысымен де ұштастырылады. Оқылған мәтінді мазмұндағанда, сөйлемдегі баяндауыштардың жағын өзгертіп, қайта құрғызып сөйлетеді. Оқушының сөздік қорын байытуға арналған жұмыста заттың аттары жақындық белгісіне қарай топтатылып, жікке айырып көрсетіледі. Осы сәтте балалар жеке сөздердің жазылуын есінде ұстап қалады. Оқушыларға таныс белгілер қойылмаған, я болмаса бас әріппен жазылмаған сөйлемдер беріледі. Бұл сияқты тапсырманы орындаумен бірге оқушы кейбір сөздің дұрыс жазылу емлесін еске түсіреді. Сыныпқа кейде құрылымы бұзылып берілген сөйлемдермен жұмыс жасатылады.
Ана тілі пәні құрамына оқу, тіл дамыту, жазу және грамматика мен емле салалары енеді.
Грамматика ана тілі пәні тараулары арасында ең күрделі саласы және ол балалардың ақыл-ойын дамытуда өте маңызды қызмет атқарады. Өйткені оқушыларға тілдің құрылымдық жүйесін меңгерту, оның заңдылықтарын білгізу осы грамматика арқылы жүзеге асады. Ал, ана тілі пәнінің салалары оқушы тілін байыту, логикалық ойлау қабілетін дамыту ісінде грамматикалық білімге сүйеніп, соған негізделеді.
Сонымен бірге грамматика - қиын пән. Өйткені грамматикалық ережелер, анықтамалар жеке-жеке тілдік белгілерді, ұғымдарды жинақтатып, дерексіз түрде құрылады. Грамматикалық ережелерді түсіну үшін оқушы саналы түрде ойланып, топшылап, тұжырым жасайды.
Бұл пәннің маңызы туралы бастауыш мектеп бағдарламаларында грамматикалық элементтерімен танысудың барысында оқушылардың тілдік фактілерді бір-бірімен салыстыруды, жинақтауды, жүйелеуді, түйінді мәселені таба білуді меңгеретіні, грамматикалық заңдылықтарды білуге құмарлығы артып, өздігінен еңбек ету дағдылары қалыптасатыны айтылған.
Бағдарлама бойынша қазақ тілі грамматикасының тіл үйренушілердің алғашқы сатысында берілетін негізгі білім мен дағды төмендегідей:
Орыс тілді сыныптарда грамматикадан берілетін білім мен дағды оқушылардың төртінші-сегізінші сыныптарында жақсы оқуына, алған білімін тәжірибеде қолдана білуге негіз бола алады. Грамматиканы оқытуда жүйелік, бірізділік, сабақтастық қағидалары берік сақталады. Грамматиканың тараулары бір-біріне байланысты өтіледі. Бұрын өтілген материал жаңа тараумен ұштастырылып, қайталанады. Сонымен гармматика сабақтарында оқушылар мәтінді жеке бөлшектерге, сөйлемге, сөйлемді сөзге, сөзді буынға, дыбысқа ажыратуды үйренеді. Сөйлем құрамындағы сөздердің синтаксистік қызметіне қарай сөйлем мүшелеріне, лексикалық мағыналарына сәйкес сөз таптарына бөлінетіндігін, сөз құрамын біледі. Сөйлемдердің құрлысы, мағынасы жөнінен әр алуан болатынын танып, өз бетімен сөйлем құруға, оны жазуға, өз ойын ауызша да, жазбаша да толық білдіруге дағдыланады.
Қолданылған әдебиеттер