Казахстан, Западно-Казахстанская область, г. Уральск,Теректинский район
Чаганская средняя школа
Учитель казахского языка и литература
Жолдасқалиева Гүлбарам Жолдасқалиқызы
Қазіргі білім беру саласында заман ағымына орай жаңаша білім берудің әр түрлі жолдары іздестірілуде. "Педагогикалық құрамның сапасын көтеру, мектеп мұғалімдерінің біліктілігін арттыру талаптарын күшейту қажет" деген елбасы жолдауына орай мемлекетімізде қолға алынған ҚР педагог қызметкерлерінің үшінші деңгей бағдарламасы бойынша біліктілік арттыру курсын аяқтап, білім беру саласында бірқатар оң өзгерістерді енгізуге болатынын байқаған едім. Бұл оқыту жүйесі бойынша жеке тұлға бұрын білімді қабылдаушы, жинақтаушы болса, ал жаңа талап бойынша өздігінен білім алушы, үйрене білуші ретінде танылады.
«Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек» деп биылғы жолдауында елбасымыз атап көрсеткен болатын. Бүгінгі таңда білім беру мен тәрбиелеуге байланысты қойылатын талаптар да арта түсуде.
Қазіргі кезде жоғары білім беру жүйесін реформалаудың басты мақсаты- білімді игеру кезінде күтілетін нәтижелерге қол жеткізу. Мұнда басты назар оқытушыдан жеке тұлғаға ауысыды. Жеке адамның дамуы белгілі қоғамдық қолдау мен әлеуметтік қажетсінуді керек етеді. Бұл бағытта американ ғалымы А. Маслоудың идеяларына жүгінеміз. Яғни оқушы өз ақылына, сезіміне сүйене отырып, шешім қабылдауға үйрену керек. Сондықтан ұстаздар қауымы білім берудің жаңа талаптарымен келісе отырып, өзгеруге талпыныс жасауы тиіс. Біз неліктен өзгеруге тиіспіз?
Сіз балаларды сүйесіз және олардың сізді қажет ететіндігін білесіз.
Сондықтан да сіз де, олар да өзгеруі қажет!!!
Әдебиет пәнінің басты мақсаты - оқушыларды сөйлету, ой-қиялын жетілдіру, өзіндік ой-пікір қалыптастыру болса, әр сабағымда оқушыларды сыни ойлауға дағдыландыруға тырыстым. Осы модульді пайдалану барысында оқушылардың тілін, ойын, еркін сөйлеуін дамытып топпен жұмыс істеу кезінде бірін - бірі тыңдай отырып, өзіндік дербес ой пікірлерінің қалыптасатындығын аңғардым. Себебі белгілі ғалым Дайана Халперн "Сыни ойлау-ойлаған нәтижеге жету үшін танымдық техникаларды пайдалану арқылы шығармашылықпен әрі қарай бағыттай ойлану. Сыни ойлау-белгілі бір мәселе туралы бар идеяларды жинақтап, оларды қайта ой елегінен өткізумен және шешім қабылдаумен аяқталатын күрделі психологиялық үрдіс" екенін атап көрсеткен. Бұрын оқулық көлемінен шықпай, оқушының ойлануына шектеу қойып келсек, сыни ойлаудың нәтижесінде тың пікірлер мен идеяларға жол салдық. Сыни ойлау дегеннің өзі ойлау туралы ойлану. "Сұрақтардың толассыздығы аса маңызды болып табылады. Әуесқойлықтың қолданылуының себебі бар. Өмірдің , мәңгіліктің құпияларын немесе таңғажайып шындықтың құрылымын пайымдаған кезде шаттанбауға болмайды. Тек әр күн сайын, ең болмаса, осы құпиялардың сәл ғана бөлігін түсінуге әрекет жасау жеткілікті. Ешқашан әуесқойлықтың ұлы сезімін жоғалтпаңдар" деп Альберт Эйнштейн атап көрсеткендей сабақтың өн бойында баланың сыни тұрғыдан ойлауына жағдай жасап, өмірмен байланысты құнды сұрақтармен ой тастап отыруға баса мән беру керек. Сабақ барысында оқушыларға сұрақ қою, негіздеу, болжам жасау мен үлгілеу дағдыларын жаттықтыру қажет. Оқушылардың сыни тұрғыдан ойлауын дамыту мақсатында/қай тапсырма болса да/ мынадай үш негізгі сұрақ төңірегінде жұмыстануды жөн деп таптым. "Қалай? Қашан? Қандай?" Сонымен қоса ойластырылған тапсырмаларды оқушыларға қалай берем, қашан берем, қандай тапсырма берем деген сұрақтың төңірегінде жұмыстану айтарлықтай нәтиже береді деп айта аламын. Беретін сабағыңыздың соңында айтарлықтай нәтижеге қол жеткізем деп талпынсаңыз оқушымен бірге сіз де бір шыңды бірге бағындырасыз. Ол үшін талмай ізденіс пен шынайы құлшыныс қажет. Бала жүрегіне жол таба білу үшін сіз де оқушы бейнесіне еніп, оның жан қалауын ұғынуға тиіссіз. Мұғалім мен оқушының бір-бірін түсініп, қолдап, бағалап отыруы - жетістікке жетудің сара жолы.
Ахмет Байтұрсынұлы: «Тілдің міндеті — ақылдың аңдауын аңдағанша, қиялдың меңзеуін меңзегенше, көңілдің түюін түйгенінше айтуға жарау.Айта білетін адам табылса, тіл пайдалануға әрқашан жарайды. Тек айта білетін адам табылуы қиын», — деген екен. Сыни ойлау — ашық қоғам негізі. Сыни ойлау деген әр жеке тұлғаның кез –келген жағдайдағы мәселені ойлап, зерттеп, қорытып, өз ойын еркін ортаға жеткізе алуы.Сыни тұрғыдан ойлау өзіндік, жеке ойлау болып табылады.Ол — өз алдына сұрақтар қойып және үнемі оларға жауап іздеу, шешімін табуды қажет ететін мәселені анықтау, әр мәселеге байланысты өз пікірін айту, оны дәлелдей алу, сонымен қатар басқалардың пікірлерін дәлірек қарастыруды және сол дәлелдемелердің қисынын зерттеу дегенді білдіреді.
Оқушы жаңа ұғымдарды, түсініктерді, өзінің бұрынғы білімін жаңа ақпаратпен толықтырады, кеңейте түседі. Сондықтан да, сабақ қарастырылғалы тұрған мәселе жайлы оқушы не біледі, не айта алатындығын анықтаудан басталады. Осы арқылы ойды қозғату, ояту, ми қыртысына тітіркенгіш арқылы әсер ету жүзеге асады. Осы кезеңге қызмет ететін “Топтастыру”, “Түртіп алу”, “Ойлану”, “Жұпта талқылау”, “Болжау”, “Галереяда ой шарлау” т.б. деген аттары бар әдістер (стратегиялар) жинақталған. Басты мақсат – оқушының белсенділігін арттыру. Өйткені үйрену — енжарлықтан гөрі белсенділікті талап ететін іс-әрекет екені даусыз. Оқушы өзі білетінін еске түсіреді, саралайды, жұбымен бөліседі, тобында талқылайды. Яғни өз ойын айту, бөлісу, ортаға салу арқылы оның ойы ашылады, тазарады. Осылайша шыңдалған ойлауға бірте-бірте алғашқы саты қалана бастайды. Оқушы жаңа білім жайлы ақпарат жинап, оны бұрынғы бар білетін білімімен ұштастырады. Ойлау мен үйренуге бағытталған бұл бағдарламаның екінші кезеңі мағынаны ашу (түсіне білу). Бұл кезеңде үйренуші жаңа ақпаратпен танысады, тақырып бойынша жұмыс істейді, тапсырмалар орындайды. Оның өз бетімен жұмыс жасап, белсенділік көрсетуіне жағдай жасалады. Оқушылардың тақырып бойынша жұмыс жасауына көмектесетін оқыту стратегиялары бар. Соның бірі INSERT. Ол бойынша оқушыға оқу, тақырыппен танысу барысында V — “білемін”, ― - “мен үшін түсініксіз”, + - “мен үшін жаңа ақпарат”, ? — “мені таң қалдырады” белгілерін қойып отырып оқу тапсырылады. INSERT — оқығанын түсінуге, өз ойына басшылық етуге, ойын білдіруге үйрететін ұтымды құрал. Оқушылар білетіндерін анықтап, білмейтіндерін белгілеп сұрауға әзірленеді. Бұл әрекет арқылы жаңаны түсіну үшін бұрынғы білім арасында көпірлер құрастыруға, яғни байланыстар құруға дағдыланады. Тақырып туралы ой-толғаныс – бағдарламаның үшінші кезеңі. Күнделікті оқыту процесінде оқушының толғанысын ұйымдастыру, өзіне, басқаға сын көзбен қарап, баға беруге үйретеді. Оқушылар өз ойларын, өздері байқаған ақпараттарды өз сөздерімен айта алады. Бұл сатыда оқушылар бір-бірімен әсерлі түрде ой алмастыру, пікір таластыру , өз үйрену жолын қалыптастыру мақсатында басқалардың әр түрлі пікірлерін, болжамдарын саралап үйренеді. Бұл үйрену сатысы — ойды қайта түйіп, жаңа өзгерістер жасайтын кезең болып табылады. Әр түрлі шығармашылықпен ой таластыру болашақта қолданылатын мақсатты құрылымға жетелейді.
Осы кезеңді тиімді етуге лайықталған “Бес жолды өлең”, “Еркін жазу”, “Семантикалық кесте”, “Т кестесі” сияқты стратегиялар әр сабақтың ерекшелігіне, ауыр-жеңілдігіне қарай лайықтала қолданылады.
Сабақта оқушыға білім дайын күйінде беріле салмау керек. Мұғалім шеберлігі арқылы баланың білімді игеруге қызығушылығын оятуы керек. Ал ол сұрақ әр түрлі әдіс-тәсілдер арқылы баланың алдына жан-жақты мақсат қойып, іске асыруына жол көрсетеді.
Сыни тұрғыдан ойлауға үйретудің басты мақсаты- балаларға терең білім беру. Жаңа технология ретінде ең озық әдістерді дер кезінде игеру, іздену арқылы бала бойына дарыту, одан өнімді нәтиже шығара білу — әрбір ұстаздың басты міндеті.
Сын тұрғысынан ойлауда оқушы болжайды, зерттеп, қорытып, өз ойын жеткізеді, негізін ашады, сұрыптайды, талқылайды,, сын көзбен қарайды,пікірін дәлелдейді, пікір алмасады, ортақ пікірге келеді, мақсатқа жетеді, өзін — өзі басқарады, топпен жұмыс істеуге үйренеді, жан дүниесін өзгертеді, ойлауды дамытады, қызығушылықты дамытады, қызығушылықты артырады, кез — келген сабақты меңгертеді, оқушы өзін — өзі тәрбиелейді.
Сыни ойлауды дамыту мақсатында жұмыстана отырып, белгілі бір нәтижнге қол жеткізуге болатындығын аңғардым.