Эссе
«Менің жаңашыл сабағым»
Джуматаева Акмарал Болегеновна
Оқжетпес орта мектебі
Оқжетпес ауылы
«Ізденісім, еңбегім, тебіренісім,
Ақыл-ойым, жігерім — жер жемісім…
Бәрідағы балаға-оқушыма,
Ұстаз тұтып соңыма ергені үшін»- деп Естеу Нүсіпбеков жырлағандай: Ұстаздық –ұлы құрмет! Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақ ел басқаратын басшысын да, ғалым данасын да, еңбекқор диханын да, жер қазған кеншісін де білікті де, парасат-пайымы жоғары, өз ісіне, шәкірттеріне деген сүйіспеншілігі бар ұлағатты ұстаз өсіріп- тәрбиелейді.
Бұл ұстаздық «ұлы» жолға түсуіме балалық шағымдағы әкемнің ұстаз атаулыларға деген мәртебесі түрткі болды деуге болады. Жәудіреген көзді, қыр мұрынды, ақ келбетті, әкесінің ерке қызы менің санамда ұстаз тұлғасы әлемдегі ең ғажайыптардың ғажабы болып қалыптасқан. Жасым жетіге толғанын тағатсыздана күтіп сол бір мектеп табалдырығын аттайтын күнге ынтық болдым. Міне, мен үшін бақытты күн туғанын анамның аялы алақанымен, әкемнің жылы жүзі сыр білдіргендей. Әкемнің : «Сен де мектепке барасың, білім алып, озық боларсың, ботақан. Сен де бір ұстаз маман боларсың әлі-ақ!» -деген сөздері әлі есімде. Жылдар өз ағымында өтіп бара жатыр, бүгінгі таңда мен сол ұлы «Ұстаз» деген атақты игеріп, шығармашылықпен еңбектеніп келемін.
Қиындығы да, қызығы да жетерлік, ең бастысы — жауапкершілігі жоғары мамандықтың бірі ұстаздық ету екені ақиқат. Өйткені бұл мамандық иелерінің мойнына ешнәрседен хабары жоқ, мыңдаған тарыдай ғана бүлдіршіндердің бойына білім нәрін сеуіп, тәрбие ұрығын егіп, таудай азамат етіп шығару міндеті жүктелген. Сондықтан басқа мамандық иелерінің баршасы да ұстаздарға борыштар деп ойлаймын.
“Бала айналасындағы барлық педагогикалық процесс айналып жатқан — күннің көзі” . Сондықтан да әр сабақ қызыққа, жаңалыққа толы болу керек. Мұғалімнің маңызды міндеті балаларды соңынан ілестіру. Әр күн сайын сабаққа дайындалып отырғанда ертең не болар екен, сабағымды есте қалатындай қалай қызықты өткізсем екен? Әр ісім сәттілікпен аяқталып, оқушыға да сәттілік жағдайларын тудыра алсам екен деп толғанамын. Қарапайым мұғалім ғана емес, озық мұғалім болғым келетіні айқын. «Барлық бала жетістікте оқи алады, егер мектеп оқыта алса» -деген нақыл сөздер маған түрткі . (Д.Г.Левитастас) Өз жұмысыма міндетті түрде рефлексия жасап отырамын.
• мен не істеп жатырмын?
• не мақсатпен?
• менің іс-әрекетімнің нәтижелері қандай?
• бұған қалай жеттім?
• одан да жақсы істеу мүмкін бе?
• әрі қарай мен не істеймін?
Осы сұрақтарды өзіне қойып отыратын педагог үнемі дамып отырады. Үздіксіз ізденіс үстіндегі мұғалім ғана шеберлікке, табыстылыққа қол жеткізе алады.
Кейінгі жылдары жиі пайдаланылып келе жатқан жаңа ұғымдардың бірі — инновация. Инновацияны жете түсініп, инновациялық әдіс-тәсілдерді мектеп өміріне кеңінен енгізу жас ұрпақтың саналы да сапалы білім алуының бірден-бір шарты болып табылады. Қазіргі білім беру саласындағы оқытудың озық технологияларын меңгермейінше сауатты, жан-жақты маман болу мүмкін емес. Инновациялық технологияны меңгеру мұғалімнің интеллектуалдық, кәсіптік, адамгершілік, рухани, азаматтық және басқа да көптеген адами келбетінің қалыптасуына игі әсерін тигізеді, өзін-өзі дамытып, оқу-тәрбие үрдісін тиімді ұйымдастыруына көмектеседі. Инновациялық педагогикалық технологияларын шығармашылық қабілеттерін арттыруға өз үлесін қосады.
Қазіргі заман сабағы қандай болу керек? Бұл сұрақ талай дана тұлғаларды толғандырып, ұстаз қауымын үздіксіз ізденіске, жаңашылдыққа жетелегені мәлім. Айтып өткендей, әр сабағыма жауапкершілікпен қарап, мынадай мақсатты көздеймін: сабағым түсінікті әрі қызықты болуы керек. Оқыту нәтижесі-баланы жан-жақты біліммен қаруландырумен қатар, оны күнделікті өмірде, болашақта қолдана алатындай қабілеттілігін дамыту.
АҚТ қолдану мен зерттеушілік құзырлығын қалыптастыру мұғалімге оқушының шығармашылық қабілеттерін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Оқушылар белсенділік танытып, өз бетінше ойланып, пікірлеседі, өз бетінше білім алуға машықтанады. Пән бойынша сапа көрсеткіші жақсы. Сабақтағы танымдық қызығушылық жоғары, балалар түрлі іс-шараларға қатысып, шағын зерттеу жұмыстарын, жоба жұмыстарын жазып жатыр.
ХХІ ғасырдың әлемінде Қазақстанның дамыған елдер қатарына қосылудың жалғыз жолы- модернизациялау мен инновациялық даму. Бұл міндеттерді шешу шартында жігерлілік, шығармашылықпен ойлай білу қабілетілігі, кәсіби жолын таңдай білу, дәстүрлі емес шешімдерді табу машығы, өмір бойына оқи алуға дайындығы көрініс алады. Аталмыш сапалардың барлығын мен және менің оқушыларым зерттеушілік іс-әрекетте, ізденісте жаттықтырамыз.
Менің жұмысымның мақсаты: әр оқушының қабілетін ашу, бәсекелестік әлемде және жоғары технологиялық заманда өмір сүруге дайын жеке тұлғаны тәрбиелеу.
Сабақтарда АҚТ қолданудың артықшылығы:
- оқушылардың қоршаған әлемнің ақпараттық желісінде бағдарлау машығын дамыту;
- ақпаратты өндеуде жұмыс түрлерін меңгеру;
- жаңа техникалық құралдар арқылы ақпаратпен алмаса алу машықтарын дамыту;
- оқушылардық танымдық іс-әрекетін белсендіру;
- сабақтарды жоғары эстетикалық деңгейде өткізу;
- деңгейлік тапсырмаларды қолдана отырып, оқушыға жеке тіл табу.
Берілген әдістің элементтерін мыналар жатады:
1. Оқу материалын түсіндіріп жатқан кезде « проблемалық жағдаят» тудыру.
2. Сабақ түрлері: әңгіме, дәріс, әңгімелесу, киносабақ (аудио-бейне материалдарды қолдану); электронды және баспа материалдары; виртуалды экскурсия.
3. Оқушылардың жұмыс түрлері: кітаппен жұмыс, шығарманы талдау, зерттеу жұмысы, шығарма, презентация жасау.
4. Бұндай сабақтарда білім сапасы тестілеу арқылы бағаланады.
Енді жаңаша өткізілген бір сабағымның өту барысын баяндап берейін.
Сабақтың тақырыбы : «Егер барлық балалар» Ермек Өтеутілеуұлы. Тақырыптың маңыздылығы елімізде тұратын ұлттар мен олардың достығы туралы білімдерін кеңейту. Жас жеткіншектерді көп ұлтты ортаға бейімдеу. Өзге ұлттарға құрметпен қарауға тәрбиелеу. Осының негізінде мынадай
мақсат пен міндеттер белгіленді. Сабақтың мақсаты: Өлеңді мәнерлеп оқуға баулу. Өлеңнің мазмұнын меңгерту. Сабақтың міндеттері: Білімділік : білімді қалыптастыру . Өлеңді мәнерлі оқуға үйрете отырып , оқушыларға ынтымақ, бірлік, татулық, достық жайлы, өлеңнің мазмұнындағы ұлт өкілдері туралы шағын мағлұмат беру. Дамытушылық: а)оқушылардың дүниетанымдық белсендігін арттыру, пәнге қызығушылығын арттыру,болжауын, білімдарлығын, ойын тез және анық тұжырымдап айта алу, алған білімдерін өмірде қолдана алу білігін дамыту, жұмыс істеу машықтарын дамытуды жалғастыру. ә) Ой-өрістерін дамыту, сөздік қорларын кеңейту. Тәрбиелік: а) бейбітшілікті сүюге баулып бірлік, достық сезімдерін тәрбиелеу. ә) бір-біріне жақсы тілекте болу, сыныпта бірін-бірі тыңдауға, ортақ іске барлығы бірдей жұмылуға, оқушыларды еңбексүйгіштікке тәрбиелеу, ұқыпты болуға, пәнге қызығушылықпен және сүйіспеншілікпен қарауға тәрбиелеу.
Сабақтың типі: аралас сабақ.
Сабақтың түрі: саяхат сабақ.
Оқытудың әдіс-тәсілдері:ойын, сөздік жұмысы, көрнекілік, практикалық, презентация бойынша түсіндіру, қайталау,ішінара ізденушілік, сұрақ-жауап, СТО стратегиялары: қызығушылықты ояту, ой шақыру.
Көрнекі-құралдар: мақал-мәтелдер, жұмбақ, ойындар, копьютер,белсенді тақта, ән, слайдттық презентация, когершіндер, бейнехат, ұшақ суреті, аудиоалдық мәнерлеп оқу үлгісі, жер бейнеленген плакат.
Сабақтың құрылымы және сабақтың әр кезеңінде оқушылардың құзіреттілігін қалыптастыру:
Негізгі және басты құзіреттіліктер: құндылықты-бағдарлы (1), әлеуметтік -мәдениеттілік (2), оқу-танымдық (3), ақпараттық (4), коммуникативті (5), әлеуметтік-еңбек (6), тұлғалық өзін-өзі дамыту (7), әлеуметтік қарым-қатынас (8) ,дүниетанушылық пен денсаулық сақтау (9), мәдениеттанымдылық (10).
I. Ұйымдастырушылық кезең , оқушылардың сабаққа іштей және сырттай дайын (психологиялық тұрғыда) болуын сипаттайды. – құзіреттілікті қалыптастыру__7
II. Бағдарлы-мотивациялық кезең -– құзіреттілікті қалыптастыру_1,3,7
III. Ақыл-ой және тәжірибелік машықтар мен білімдердің өзектілігі (оқушыларды жаңа оқу материалын қабылдауға дайындау): – құзіреттілікті қалыптастыру _1
IV. Негізгі -орындаушылық кезең — құзіреттілікті қалыптастыру _2,3,4,5,9,10
V. Білімдерін алғашқы тексеру кезеңі – құзіреттілікті қалыптастыру _5
VI. Бекіту, жаттығу, білім мен машықтарды өндеу_– құзіреттілікті қалыптастыру_5,7
VII. Денсаулық сақтау технологиялары_ – құзіреттілікті қалыптастыру _9
VIII. Үй тапсырмасы — құзіреттілікті қалыптастыру _2
IX. Рефлексивті — бағалау кезеңі — құзіреттілікті қалыптастыру _7
Х. Қорытынды кезең — құзіреттілікті қалыптастыру --7
Бұл сабақ «Біздің тілегіміз –достық» атты тарудың жетінші сабағы. Сабақта жаңа тақырып өтілді. Үй тапсырмасы арқылы өткен сабақпен байланыс болды. Сынып белсенді, сабақта барлық оқушылар қамтылды. Сабақ барысындағы тапсырмалар оқушылардың пәнге деген қызығушылықтарын арттыратындай етіп құрылған. Берілген сабақта оқушылар өздері сабақтың тақырыбы мен мақсатын анықтады, ізденіске жетелейтін, ұшқыр ойын дамытатын, сөздік қорын арттыратын, дүниетанымын кеңейтетін, сәттілік жағдайын тудыратын тапсырмаларды орындап, жеке және жұппен жұмыс істей алды. Сабақтың әр кезеңінде балаларды жұмысқа араластыра отыра бойларындағы құзіреттіліктерді қалыптастырып, дамытуды көздедім.
1.Ұйымдастырушылық кезеңінде оқушылардың ішкі және сыртқы психологиялық сауаттылығы қалыптасады. Дәлірек айтсақ, тұлғалық өзін-өзі дамыту құзіреттілігі дами түседі. Мұнда оқушының эмоционалдық өзіндік реттеуі дамиды.
2.Бағдарлы –мотивациялық кезеңінде оқушылардың құндылықты-бағдарлы және оқу танымдық құзіреттілігі қалыптасады. Бұл жерде оқушы іс-әрекетке немесе оқу пәніне деген өзіндік құндылық бағдарын тұжырымдау машығына ие болады. Бұл тақырыптың өзіне қажет екенін түсінеді. Сонымен қатар, мақсат қойып, оған жету жолдарын ұйымдастыруға үйренеді. Ал өткенді қайталау барысында жеке тұлғалық даму құзіреттілігі қалыптас ады, яғни оқушы өзінің білімін дүрыс көрсетуге тырысады.
3.Оқушыларды жаңа оқу материалын қабылдауға дайындық кезеңінде құндылықты-бағдарлы құзіреттілігі қалыптасады. Бұл кезеңде СТО стратегиясы арқылы бала қоршаған ортаны түсінуге үйренеді, өзінің маңыздылығын, яғни пікірінің маңыздылығына көзі жетеді. Бұл оның оқу-іс әрекетінің әрі қарай жалғасуын меңзейді. Ой шақыру арқылы сабақтың тақырыбын меңгеруге негіз қаланады.
4.Негізгі –орындаушылық кезеңінде әр оқушының бойында бірнеше құзіреттілік қалыптастыруға мүмкіндік артады. Бұнда, әлеуметтік-мәдениеттілік, ақпараттық, дүниетанушылық пен денсаулық сақтау, коммуникативті, оқу-танымдық, мәдениеттанымдылық құзіреттіліктері қалыптасады. — Әлеуметтік-мәдениеттілік құзіреттілігін алсақ, оқушы оқырманның, тыңдаушының, орындаушының көркем-шығармашылық біліктерінің элементтеріне ие болады. — Ақпараттық құзіреттілікте оқушылардың техникалық обьектілер көмегімен еңбектенуі, өз бетінше іздей білуі, таңдай, талдай білуі қалыптасады. -Сонымен қатар, оқушының дүниетанымы мен денсаулығына сақтықпен қарау құзіреттілігі қалыптасады. Сабақ барысында электронды , музыкалық сергіту сәттері ұтымды пайдаланды. — Коммуникативті құзіреттілік оқушының әр тілді меңгеруге құштарлығын оятады, жұпта, ұжымда жұмыс істеу машықтарын қамтиды. Әр ұлттың тілінде амандасу сөздерін де меңгеріп қалды. Сөздік жұмысында балалар «полиглот» болып берілген сөздерді үш тілге аударды. –Оқу-танымдық құзіреттілікте оқушының іштей түсініп, мәнерлеп оқуы артады, жаңалық пен таныс дүниені ажыратуға үйренеді (сөздік жұмысы). Өз көз-қарасын, ойын жеткізуге машықтанады, тәртіп ережесін ұстануға үйренеді. Белгіленген іс-әрекеттің мақсатын анықтап, оған жету жолдарына ішінара-ізденушілік арқылы келеді.Балалар өлеңнің мазмұнын аша білді. Бала интеллектуалды дамуға мүмкіндік алады.
5.Білімдерін алғашқы тексеру кезеңінде оқушы өзі үшін негізгіні ұғуға үйренеді. Қарым-қатынаста тәртіп ережесін ұстануға, өзгелерді тыңдап, түсінуге үйренеді. Баланың коммуникативті құзіреттілігі арта түседі .
6.Бекіту, білім мен машықтарды өндеу кезеңінде коммуникативті және тұлғалық өзін-өзі дамыту құзіреттілігі қалыптасады. Атап айтсам, ойлау мен тәртіп мәдениеттілігі дамып, оқушы өз қабілеті мен қызығушылықтарына сай іс-әрекеттер тәсілдерін меңгереді. Өзгенің позициясына сыйластықпен қарауға үйренеді. Өзіне қанағат, риза болуды, өзін бағалауды үйренеді. Баланың шығармашылық қабілеті дамиды.
7. Сабақтың қорытындысын жасаған кезде, рефлексивті бағалау кезеңінде оқушы психологиялық жеңілдікті сезінеді. Ол өзінің мүмкіндіктеріне сай машықтарға ие болды.
8.Ал үй тапсырмасы кезеңі арқылы оқу еңбегінің мәдениеті дами түседі. Әлеуметтік-мәдениеттілік құзіреттілігі қалырптасады. Бала үйде өз бетінше оқырмандық мәдениетілігін дамытады.
Сабақтың әр кезеңіне жұмсалған уақыт ұтымды пайдаланылды. Сабақтың әр кезеңдері өзара байланысып, үйлесімді әрі таңырқаушылық тудыратындай өтіп отырды. Сабақтың дидактикалық, әдістемелік жабдықтандырылуы мен көрнекі құралдары қойылған мақсатқа жетуде және міндеттерді шешуде маңызды рөл атқарды. Сабақтағы психологиялық климат жағымды болды .
«Ұстаз шәкіртке күн болып көрініп, нұр болып төгілуі керек»- демекші, жаңа ғасыр мұғалімі өзіне сынай қарауды , жаңашылдыққа ұмтылуды ешқашан тоқтатпауы тиіс. Ұлы ағылшын ағартушысы Уильям Уордтың мына бір сөздері соның айғағы:
Жай мұғалім хабарлайды,
Жақсы мұғалім түсіндіреді,
Керемет мұғалім көрсетеді,
Ұлы мұғалім шабыттандырады.