ОҚО Сайрам ауданы, №28 Ақбай жалпы орта мектеп директорының ғылыми-әдістемелік жөніндегі орынбасары, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Серикова Қарлыға Ергешовна
Білім беру үрдісінде жаңа технологияларды қолдана отырып
құзыреттілікті қалыптастыру
«Еліміздің ертеңі бүгінгі жас ұрпақтың қолында,
ал жас ұрпақ тағдыры ұстаздың қолында»
Н.Ә.Назарбаев
"Халықтың кемеліне келіп өркендеп өсуі үшін ең алдымен азаттық пен білім қажет",-деген қазақтың алғашқы ғылымдарының бірі Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов жақсылыққа бастайтын жарық жұлдыз - білім екенін айтты. Егеменді еліміздің тірегі-білімді ұрпақ.
Бүгінгі таңда жас ұрпаққа пәнді тиімді ұғындырудың бірі-жаңа технология негіздері болып табылады. Олай болса, білім беруді ізгілендіру, ақпараттандыру — бүгінгі заман талабы. Қазіргі таңда үздіксіз білім беру жүйесінде білім беруді дамыту, дүниежүзілік білім беру кеңістігіне кіру мақсатымыздың бірі. Білім беруді дамыту негізінде жалпы оқыту үрдісіне жүктеліп отырған жаңаша талап, міндеттер қойылуда. Сондықтан ұстаз іс-әрекетін жаңа талап тұрғысынан ұйымдастыру — бүгінгі күннің өзекті мәселесі.
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының 8-бабында «Білім беру жүйесінің басты міндеті - оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық коммуникациялық желілерге шығу, ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке тұлғаны қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау» - деп атап көрсеткендей, қазіргі кезеңде әрбір мұғалімнің алдына қойып отырған басты міндеттерінің бірі- оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жетілдіріп отыру және жаңа педагогикалық технологияны меңгеру.
Қазіргі заман мұғалімнен тек өз пәнінің терең білгірі болуы емес, тарихи танымдық, педагогикалық — психологиялық сауаттылық, саяси экономикалық білімділік және ақпараттық сауаттылық талап етілуде. Ол заман ағымына сәйкес білім беруде жаңалыққа жаны құмар, шығармашылықпен жұмыс істеп, оқу мен тәрбие ісіне еніп, оқытудың жаңа технологиясын шебер меңгерген жан болғанда ғана білігі мен білімі жоғары жетекші тұлға ретінде ұлағатты саналады.
Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Қазақстан-2030» Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Біздің жас мемлекетіміз өсіп, жетіліп, кемелденеді, біздің балаларымыз бен немерелеріміз онымен бірге ер жетеді.Олар өз ұрпағының жауапты да жігерлі, білім өрісі биік, денсаулықтары мықты өкілдері болады.Олар бабаларының игі дәстүрлерін сақтай отырып, қазіргі заманғы нарықтық экономика жағдайында жұмыс істеуге даяр.Олар қазақ, орыс, ағылшын тілдерін еркін меңгереді, олар бейбіт, абат, жылдам өркендету үстіндегі, күллі әлемге әйгілі, әрі сыйлы өз елінің патриоттары болады» деп көрсетілгендей, ертеңгі келер күннің бүгінгіден гөрі нұрлы болуына ықпал етіп, адамзат қоғамы алға апаратын құдіретті күш –білімге тән. Жас мемлекетіміздің болашағы-бүгінгі мектеп оқушылары. Оларға бірдей талап қойып, олардың табиғи қабілеттерін, нақты мүмкіндіктерін анықтап, соған негіздеп оқыту-бүгінгі күннің өзекті мәселесі.
Оқытудың жаңа технологиясын пайдалану- сапалы білім негізі.
Жаңа педагогикалық технологиялар оқушының шығармашылық қабілеттерін арттыруға өз үлесін қосады. Жаңа технологияны қолдану оқып үйрену, меңгеру, өмірге ендіру, дамыту кезеңдері арқылы іске асады.
Жаңа технологиялардың педагогикалық негізгі қағидалары: балаға ізгілік тұрғысынан қарау; оқыту мен тәрбиенің бірлігі; баланың танымдық күшін қалыптастыру және дамыту; баланың өз бетімен әрекеттену әдістерін меңгерту; баланың танымдылық және шығармашылық икемділігін дамыту; әр оқушыны оның қабілеті мен мүмкіндік деңгейіне орай оқыту; барлық оқушылардың дамуы үшін жүйелі жұмыс істеу; оқу үрдісін оқушының сезінуі.
Жаңа технологиялардың басты міндеті: оқушының оқу–танымдық әрекетін жандандыра отырып, алға қойған мақсатқа толықтай жету болып табылса, педагогикалық технология кәсіптік қызметтің ерекше түрі болып есептеледі. Оқытудың жаңа технологияларын меңгеру мұғалімнен орасан зор іскерлік пен шығармашылыққа негізделген ізденістерді қажет етеді және меңгертеді.
Жаңа педагогикалық технологиямен жұмыс істеу үшін төмендегідей алғышарттар керек:
оқу үрдісін интенсивтендіруді жаппай қолға алу, оқушылардың сабақтастығын болдырмау шараларын кешенді түрде қарастыру, оның ғылыми — әдістемелік, оқыту — әдістемелік, ұйымдастырушылық себептеріне үнемі талдау жасап, назарда ұстау, жаңа буын оқулықтарының мазмұнын зерттеп білу, пәндік білім стандартымен жете танысу, білімді деңгейлеп беру технологиясын игеру арқылы оқушыларға білімді мемлекеттік стандарт деңгейінде игертуге қол жеткізу, оқу үрдісін ізгілендіру мен демократияландыруды үнемі басшылыққа алу.
Жаңа технология түрлерін сабақ үрдісінде пайдалану, оқушының шығармашылык, интеллектік қабілетінің дамуына, өз білімін өмірде пайдалана білу дағдыларының қалыптасуына әкеледі.
Жаңа технологияны қолдану мына кезеңдер арқылы іске асады:
І кезең: оқып-үйрену;
ІІ кезең: меңгеру;
ІІІ кезең: өмірге ендіру;
IV кезең: дамыту.
Оқытудың жаңа технологиясы іс-әрекеттің жоспарланған нәтижесіне жетудің шартты тәсілі ретінде қарастырылатын жаңа әдістердің жиынтығынан тұрады.
1. Мұғалім пәнді жетік меңгеріп, оны оқушыларға ғылыми тұрғыдан негіздеп, қарапайым тілмен, өмірмен байланыстыра отырып бере білуі қажет.
2. Оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай жеке бастарының психологиясын, жан дүниесін жете біліп, әр оқушының жүрегіне жол таба білуі абзал.
3. Ғылым мен педагогика саласындағы жаңалықтарды үнемі пайдаланып отыруы тиіс.
4. Мүмкіндігінше, кейбір үлкен тақырыптарды топтап жеке блоктар түрінде топтастырып өткізе білуі керек.
5. Оқушыларға ұзақ уақыт есте сақтау қабілетін арттыру үшін жаңа сабақты, әсіресе заңдылықтар мен құбылыстарды тірек белгілері мен тірек конспектілері бойынша берген жөн.
6. Оқушылардың сапалы да тиянақты білім алуы үшін әр бөлім, әр тақырып бойынша олардың білімдерін тексеріп отырған жөн.
7. Сабақта халықтық педагогика элементтерін пайдалану қажет. Ол үшін:
Халық ертегілерінен, аңыз әңгімелерінен, өлең жырларынан үзінділер келтіріп, олардың мағынасын түсіндіруге;
Халықтың ұлттық ойындарымен түсіндіруге;
Әртүрлі табиғи құбылыстарға байланысты жұмбақтар шешіп, сөзжұмбақ, бейнесөз құрастыруға болады.
8. Сабақта оқушыларды таң қалдырып, себебін білгілері келетін әртүрлі қызықты тәжірибелерді ұдайы қолданған орынды.
9. Ең бастысы әрбір сабақ өз дәрежесінде өтуі қажет.
10. Жалпы оқытудың жаңа технологияларын қолдана отырып, сабақтың тиімділігін арттыру. Сонымен қатар оқушыларды өз бетімен жұмыс жасауға тәрбиелеу,үйрету, шығармашылық қабілетін дамыту.
Нәтижеге бағдарланған білім беру жүйесі ұғымымен қатар құзыр, құзырлылық ұғымдары білім беру жүйесіне енді. Тақырыпты талдамас бұрын құзыреттілік сөзіне тоқталып өтсем:
«Құзырлылық» ұғымы соңғы жылдары педагогика саласында тұлғаның субъектілік тәжірибесінде ерекше көңіл аудару нәтижесінде ендіріліп отырған ұғым. Құзырлылықтың (латын тілінде «Competens») тікелей аудармасы белгілі сала бойынша жан-жақты хабардар білгір деген мағынаны қамти отырып қандай да бір сұрақтар төңірегінде беделді түрде үкім шығара алады дегенді білдіреді. Шетел әдебиеттерінде «Құзырлылық» - «Терең білім», «Тапсырманы талапқа сай орындау қабілеті», «Қызметті өзектерінде орындау қабілеті» деген мағынада ашылады. Ресей ғалымдарының еңбектерінде құзырлылық мазмұны «әлеуметтік — психологиялық», «коммуникативтік», «кәсіби — педагогикалық» түсініктер арқылы ашылады.
Құзыреттілік — ауқымы кең ұғым. Ол кез келген мәселені шеше білетін ақыл иесі мен танымдық мүмкіндіктері жоғары деңгейдегі маман. Оқушы отбасында, достарымен қарым-қатынаста өз білімін жетілдіретінін ескерсек, мектеп қабырғасында қалыптасқан құзыреттіліктің негізгі мақсаты оқушыны сол әлеуметтік ортаға бейімдеуге көмек көрсету деп білген жөн. Ол мақсатқа жету үшін сабақты жаңа технология мен тәсілдерді қолданып өткізуге болады.
Құзыреттілік ұғымы «білім», «білік» және «дағды» (ББД) сияқты ұғымдарды қамтиды. Бірақ бұл ББД-ның жаңаша жай ғана жиынтығы емес. Құзыреттілік оқыту нәтижесін (білім және білік) ғана емес, сонымен бірге ол оқушылырдың шығармашылық іс-әрекет тәжірибесі мен құндылық бағдарларының жүйесін де көрсетеді. Құзыреттілік — бұл алынған білімдер мен біліктерді іс-жүзінде, күнделікті өмірде қандай да бір практикалық және теориялық мәселелерді шешуге қолдана алу қабілеттілігі. Ол, ең әуелі мектептегі оқыту үрдісінде қалыптасады. Сонымен, оқытудағы құзіреттілік тәсіл білім беру нәтижесі ретіндегі оқыту сапасын қамтамасыз етеді, ал ол өз кезегінде кешенді әдіс-тәсілдерді жүзеге асыруды, мектептегі оқыту сапасын бағалаудың біртұтас жүйесін құруды талап етеді. Демек «құзырет» және «құзыреттілік» ұғымдарын мектептегі педагогикалық тәрибеге енгізу білім берудің мазмұны мен әдістерін өзгертуді, іс-әрекет түрлерін нақтылауды талап етеді.
Құзырлылық — оқушы іс-әрекетінің сапасынан көрінетін білім нәтижесі.
Оқушыларды шығармашылыққа бағыттау мынадай мәселелерді қарастыруы тиіс:
- бағдарламалық-мотивациялық;
- ізденушілік-зерттеушілік;
- тәжірибелік;
- рефлексиялық- бағалаушылық;
Бүгінгі таңда білім саласының алдында дайын білімді, дағдыларды меңгеретін, қайталайтын ғана емес, шығармашылық бағытта жұмыс істейтін, тың жаңалықтар ашатын, біртума ойлау қабілетімен ерекшеленетін жеке тұлға қалыптастыру міндеті тұр. Бұл, әрине, оқушылардың шығармашылық әрекетін дамытуда маңызды мәселе.
Қорытындылай келе, «Мұғалім ең жауапты міндет орындайды — ол адамды қалыптастырады» - деп М.И.Калинин айтқандай, өзгеріске толы бүгінгі жауапты кезеңде заман көшінен қалып қоймай уақыт талабына сай ертеңгі болашақ жас ұрпақты білімді етіп тәрбиелеу ұстаздарға зор жауапкершілікті жүктейді. Ұстаз үшін нәтижеге жету шәкіртінің білімді болуы ғана емес, білімді өздігінен алуы және алған білімдерін қажетіне қолдану болып табылады. Ол мұғалімнен үздіксіз ізденуді, өз білімін үнемі жетілдіріп отыруды талап етеді. Өйткені еліміздің ертеңі жас ұрпақтың қолында. Мұғалімнің шеберлігі мен жетістігі — сапалы білім және жақсы тәрбие алған шәкіртінде. Осы үрдіспен бәсекеге сай дамыған елдердің қатарына ену ұстаздар қауымына зор міндеттер жүктелетінін ұмытпауымыз керек.
Пайдаланған әдебиеттер:
1. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан -
2030» жолдауы.
2. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы. Астана, 2000жыл
3. Бұзаубақова К.Ж. Жаңа педагогикалық технология. Алматы, 2004жыл
4. К.Құдайбергенова «Құзырлылық — тұлға дамуының сапалық критерийі»
(ғылыми-практикалық конференция материалдары) Алматы-2008жыл
5. «Қазақстан мектебі» журналдары, 2010 жыл