Илья Гашек
Должность:Системный редактор
Группа:Команда портала
Страна:Россия
Регион:Москва
Мағжан Жұмабаевқа арналған әдеби кеш

Казахстан, Мангистауская область, г. Актау

ГУ «Общеобразовательная средняя школа №5 с гимназическими классами»

Учитель казахского языка

Мусагалиева Д.У.

Арыстанмын, айбатыма кім шыдар?

Жолбарыспын, маған қарсы кім тұрар?

Көкте — бұлт, жерде — желмін гулеген,

Жер еркесі - желдің жөнін кім сұрар?

I. Қазақ әдебиетінің ХХ ғасыр басындағы жарқын жұлдыздарының бірі — Мағжан Жұмабаев. өмірі мен өлеңі бір кезде аңызға айналған ақынның аты соңғы жарты ғасырдан артық уақыт бойы айтылмайтын болған. Сол себепті кейінгі буын бұл ақынды аз біледі. Ақынның кітаптары тиым салу салдарынан сарғайып, тозып, жыртылып, жоғалып жатты. Ақты қара, қараны ақ деп түсіндірген зорлық-зомыбылық дәуірінің құрбаны болған ақын тағдыры аянышты.
-Мағжан Жұмабаев кім, қандай ақын?
өлең «Мен кім?»

Мағжан ақын бар өмірін, білгенін сол туған халқына, еліне арнаған да, сарнаған да. «Жан сөзі» деген әйгілі өлеңінде (1920ж);
Қазақ елі, бір ауыз сөзім саған:
Болғайсың, сыншы болсаң, әділ сыншы,
Кінәні жүрекке қой, қойма маған, –
деуінің де төркіні сонда.
Мағжан өз тегін де, өз жерін де мадақтаумен өткен, өмірдегі азаматтық орнын ақтауға ұмтылған, өлең сөздің асыл маржанын төгілткен, сұлу жырымен оқырманын егілткен, өне бойы қапаста, қайғы мен қасіретте өмір кешіп, ақырында мүлт кеткен, өзі айтатындай, соры арылмаған халқының зарлы перзенті.

өлең «Жан сөзі»

«Мен өлмеймін, менікі де өлмейді» дегенде, қауіп-қатер жоқ дегені емес, бірақ ақырында қылша мойнын талша қиылатынын біліп пе? Жалпы алып қарағанда, «мен өлмеймін» деген сөздерде терең шындық та жатыр. 60 жылдан аса уақыт бойы үстемдік құрған қоғам ақын үнін шығармай, тұмшалап келсе де, енді естіліп, ақыры жалғастық тауып отырғаны шындық. Ақын өлеңі мен дана сөзі өлмек емес. Ақын көзін аластап, өлеңін жауып жоқ қылған әкімшілік дәуір үстімізден енді ғана ауып барады. Қазақстанның тәуелсіз ел болып қайта құрылуы әрбір жеке адамның бас бостандығын қамтамасыз етпек

II. Мағжан Жұмабаев 1893 жылы Солтүстік Қазақстан облысының бүгінде өз есімімен аталатын ауылында орташа ғана дәулеті бар отбасында дүниеге келеді. Әуелі ауыл молдасынан, содан соң ауылдағы мұғалімнен оқып, сауатын ашады. 1905-1910 жылдары Қызылжар (Петропавл) қаласындағы медреседе оқиды. Медреседе бірқатар шығыс тілдерінен дәріс алады, шығыс ақындарының жырларымен танысады. Өзі де әдебиетпен шұғылданады. 1910 жылдың күзінде Уфаға келіп, осындағы Ғалия медресесіне түсіп білімін молайтады. 1913-1917 жылдары Омбыдағы мұғалімдер семинариясында оқиды.

Омбыдан елге қайтып келіп, айналасында болып жатқан қоғамдық жұмыстарға араласады. 1917 жылдың көктемінде Ақмола облыстық халық ағарту бөліміне қызметке кіреді. Алаш партиясының жұмысына араласады. Ақмола губерниялық "Бостандық туы" газетінде жұмыс істейді. 1922 жылы Ташкентке келіп, сондағы "Ақ жол" газетінің редакциясына кіреді.

1923-1926 жылдары Мәскеудегі әдебиет-көркемөнер институтында оқиды. 1927 жылы елге оралып, оқытушылықпен айналысады. Бірақ көп ұзамай Мәскеуде оқып жүргенде "Алқа" ұйымын ұйымдастырғаны үшін тұтқындалып, он жылға сотталады. 1936 жылы тұтқыннан босап, еңбек жолына қайта оралысымен, 1937 жылдың аяғында ұсталып, 1938 жылы "халық жауы" деген жаламен ату жазасына кесіледі.

III. Мағжанның шығармашылық жолы Қызылжар қаласында оқып жүргенде басталады. Бойында әдебиетке деген құштарлықтың ұшқыны бар жас Мағжанның жүрегіне 1909 жылы Петербург қаласында жарық көрген Абайдың тұңғыш өлеңдер жинағы орасан зор әсерін тигізеді. Абайдың жыры талапкер ақын жүрегіндегі ұшқынға алау береді. Алғашқы жырларын жазады. Татар жазушысы Ғалымжан Ибрагимовтің көмегімен 1912 жылы Қазан қаласында Мағжанның "Шолпан" деп аталатын тұңғыш өлеңдер жинағы жарық көреді. 1922 жылы Қазанда ақынның таңдамалы өлеңдер жинағы кітап болып шығады.

Мағжан — лирикалық өлеңдермен қатар бірнеше көркем поэмалар жазған ақын. Атап айтқанда, "Қойлыбайдың қобызы", "Батыр Баян", "Қорқыт", т.б. поэмалары ақын талантының ерекше қырын танытады.

Әдеби шығармаларымен бірге Мағжанның қаламынан туған ғылыми еңбектер, оқу құралдары да кезінде халқының қызметіне жарап, елеулі мәнге ие болды. Жастарды оқу, білімге шақырған қаламгер педагогика саласында бірқатар еңбек жазды. 1923 жылы Ташкентте "Педагогика" атты кітап шығарды. Сонымен бірге 1928 жылы Мәскеуде төменгі сынып шәкірттеріне арналған "Сауатты бол" атты оқулығы жарық көреді.

1938 жылы жазықсыз жазаның құрбаны болғаннан кейін Мағжан шығармашылығын оқуға, жариялауға тыйым салынды. Тек еліміз тәуелсіздік алар тұстағы арнайы үкімет шешімі арқылы ғана ақынның есімі мен шығармашылық мұрасы толық ақталды. 1989 жылы ақын шығармаларының бір томдығы, 1995 жылы үш томдық жинағы жарық көрді.

IV. Мағжан Жұмабаевтың алғашқы өлеңдері ағартушылық сарында жазылды. Ол түсінікті еді. Мағжан өмір сүрген уақыт қаншалықты күрделі саяси, қоғамдық тақырыптарды алға тартқанымен, оның алдындағы Шоқан, Ыбырай, Абайлар бастап кеткен ағартушылық ой-пиғыл бұл кезең әдебиетінде басымдау жатты. Мағжан да Абай дәстүрінде жыр жазды, ұлы ұстаз үлгісін жалғастырды. Алғашқы өлеңдерінің бірін "Алтын хакім Абайға" деп атауының өзінен ақынның ұлы Абайды ерекше құрмет тұтқаны сезіледі.

өлең "Алтын хакім Абайға"

Өз өлеңдерінде қазақ арасындағы әр түрлі келеңсіз мінез-құлықты, әрекетсіздік пен жалқаулықты, сауатсыздықты сынайды. Елін білім алуға, өнер үйренуге шақырады. "Жазғы таң", "Өнер-білім қайтсе табылар", Қазағым", т.б. өлеңдерінде ақын осы тақырыпты көтереді. Мағжанның ағартушылық сарындағы өлеңдерінің арасында ел мен жер тағдырына алаңдаушылық жатады. Ақын туған елін сүйді, туған жерінің әрбір пұшпағын жүрегіне жақын тұтты.

Өлеңдері: "Жазғы таң", "Өнер-білім қайтсе табылар", Қазағым"

V. Қолында дәулеті бар деген бай-болыстар да, азын-аулақ оқыған төрелер де өз басының қамын ойлаумен жүр. Халықтың жайына алаңдайтын ешкім жоқ. Оқудағы шәкірттерге де дұрыс білім берілмейді. Қыз балалар малға сатылуда. Өзара дау-жанжал, айтыс-тартыс көп. Міне, Мағжанның өкініші — осылар.

Дегенмен Мағжанның ойлары мұнымен шектелмейді. Бір ұлттың өз халқының мүддесін ойлаумен ғана қалып қоймайды. Мағжанның азаматтық парасатынан туындаған арман-мақсаттар бұдан әлдеқайда биік. Туған халқы туралы айтқанда, оның кешегі өткен жолын еске алады, оны бүгінгі жағдайымен салыстырады. Онымен де шектелмей, ақын жалпы түріктік идея көтереді. Түркі тектес халықтардың бәрінің болашағынан үміт күтеді, жалпы Шығысты пір тұтады. Бұл қатарда ақынның "Пайғамбар", "Күншығыс", "Түркістан", От", т.б. тәрізді бірсыпыра өлеңдерінде түптің түбінде жақсылық атаулының бәрі де Шығыстан келмек, Батыстан торлаған қою қара бұлтты Шығыстың жарық сәулесі ғана талқандамақ. Бұл өлеңдерінде ақынның туған жерге, өз топырағына, Шығысына деген ғажайып сүйіспеншілігі, перзенттік патриотизмі айқын көрінеді.

Өлеңдері: "Пайғамбар", "Күншығыс", "Түркістан" , «От».

Өлеңде ақын шабытының ғаламат күші қаншалықты сезіліп тұрса, ақынның Шығысқа, оның ұлдарына деген махаббаты мен мақтанышы да соншалықты жарқырап көрінеді.

Мағжанның бұл тақырыптағы өлеңдерінде заман шындығы халықтың басынан өткен тарихи белестерді ойға алу арқылы түсіндіріледі. "Тұран", "Түркістан" деген образды бейнелер арқылы Мағжан Шығыс әлемін, бүкіл түркі дүниесін мақтан ете жырлайды.. Шығысты дәріптейтін өлеңдерінде Мағжан осынау түркі халықтарын бірлікке шақырады. Сонда ғана Батыстан келген қиянатқа, Ресей патшасының отаршыл саясатына қарсы тұруға болатынын ұқтыруға тырысады. Бұған дәлел — ақынның "Орал тауы" атты өлеңі. Өлең кейіпкері — Орал тауы. Мағжанның бейнелеуінде ол — бүкіл түркі дүниесінің символы.

"Орал тауы" өлеңі.

VI. Туған халқының, түркі дүниесінің басындағы ауыр халді, мұңдана баяндаған өлеңдерінің өзін Мағжан айрықша оптимизммен қорытып отырады. Ақынның лирикалық кейіпкері — аса батыл, нені болса да кесіп айтатын өткір жан.Ақын өзін немесе өзінің лирикалық кейіпкерін ғана емес, айналасындағы жастарды да "арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты" қалыпта көргісі келеді. Халқының болашағы үшін күресетін негізгі күш –жастар. Олай болса, өмір бойы "алаш" ұранын көтеріп өткен Мағжан үшін жастардың орны бөлек. Өзінің "Мен жастарға сенемін" деп аталатын өлеңінде ол жас жеткіншектерге үлкен үмітпен қарайды. Жастардың бойынан кыранның қанатындай күштілікті, таза жүрек пен сүйкімді мінезді, туған жерге деген шексіз махаббатты көреді. Соған мақтанады. Шабыттана жырлайды. "Мен жастарға сенемін!" деп асқақтай сөйлейді.

"Мен жастарға сенемін!" өлеңі

Мағжан өлеңдеріндегі ең басты тақырып — ел мен жер тағдыры. О бастан-ақ халқына азаттық өмір тілеген ақын туған елінің өткен тарихына үнемі көз жіберіп отырады. Сол арқылы тарихи шындықтың бетін ашады.

Атап айтқанда, "Өткен күн" атты өлеңінде Еділ мен Ертістің арасын жайлаған қазақтың бір кездегі жайнаған даласы мен көкорай шалғынды жайлауын, айна көлдері мен алаңсыз күн кешкен тұрмысын, қаһарман батырлары мен әділ билерін, ел тұрмысының сәні болған ұлттық салт-дәстүрлерін мақтан етіп отырады.

"Өткен күн" өлеңі

VII. Қазақ даласындағы 1917 жылғы төңкерістер тұсындағы жағдайды жырлауда да ақын дәл осындай шыншылдықтан жаңылмады. "Бостандық'', "Есімде… тек таң атсын", т.б. өлеңдерінде ақынның халқының тәуелсіздігі жолындағы жанын құрбан етер ерекше қайраты сезіледі.

Өлеңдер: "Бостандық'', "Есімде… тек таң атсын"

Ақын өлеңдерінде бостандықты аңсау сезімі аса күшті. Екі дүние алмасып, аласапыран болып жатқан тұста өмір сүрген ол халқына тәуелсіздік күнінің жақындағанын сезеді. Әйтсе де оған жету оңай емес. Сенімінен гөрі үміті басымырақ акынның. Осындай көңіл күйде жазылған Мағжан өлеңдерінің бірі — "Сағындым". Өлең абақтыда отырған ақынның жан дүниесінен хабар береді.

"Сағындым"

VIII. Өмірге құштарлық, айналасындағы адамдарға, туған табиғатқа, жер-анаға ғашықтық туралы ойлар — Мағжан өлеңдерінің басты сипаттарының бірі. Ақын нені жырласа да, ерекше махаббатпен, шынайы жүрекпен жырлайды. Сол себепті де оның өлеңдері сырлы, сазды, көркем.

"Сүйемін" атты өлеңін ақын қартайған анасына, күнделікті тұрмыстың жетегінде жүрген қарапайым жарына деген сезімін суреттеуден бастайды. Өлеңде өмірдің жүрекке жылы, көзге таныс суреті бар. Ана да, жар да әркімге қымбат екенін есіңе қайта салғандай.

"Сүйемін" өлеңі

Мағжан нені айтса да, бейнелеп айтады. Ол үшін даланың тауы да, суы да, желі де ғажайып. Ақын өлеңдерінде адам мен табиғат астасып жатады. Қай шығармасында да Мағжан осы екі ұғымды бірлікте алып жырлайды. Бір өлеңінде анасына, жарына, жалпы адамға деген махаббатын туған жерге катысты сезімімен ұштастырып жатса, енді бір жырларында сол табиғаттың асыл жемісі — адамды бәрінен жоғары кояды. Бұған дәлел — "Сен сұлу" өлеңі.

"Сен сұлу" өлеңі.

Өлеңде сұлулықтың көркіне көз тоймай, айналасына таңырқай көз салған ақынның бейнесі бар. Ол айрықша тебіреніс үстінде. Оның көңіліне қуаныш, мактаныш сезімін ұялататын кең даланы гүлге ораған көктемнің арайлы күні, күміс табақтай көкте жүзген сұлу Ай, жібектей есіп, жанды жадыратар Жел, асқар тау, көлде жүзген аққулар, көк аспанда нұрын шашын тұрған Күн. Ақын осы көріністің тамаша картинасын жасайды. Табиғаттың әр құбылысынан, туған жердің әр тынысынан сұлулықтың тамаша белгілерін көреді. Сонда да болса, дүниедегі ең сұлу жаратылыс Мағжан үшін бұл емес. Сұлудың сұлуы — оның жүрегі қалаған сүйікті адамы. Мағжанның таза махаббат тақырыбына арналған лирикасы — аса көркем мұра. Табиғатынан жаны сұлу сыршыл ақын адамның ең асыл сезімін жеткізуге келгенде ғажап шеберлік танытады.

"Сүй, жан сәулем", "Сен сұлу", "Жұлдызды жүзік, Айды алқа қып берейін", "Шолпы", т.б. өлеңдерінде Мағжан адамға тән осынау ұлы сезімді аса биікке көтере жырлайды. Ақынның лирикалық қаһарманы үнемі ғажайып сезімнің кұшағында жүреді. Шын сүю — Мағжанның ұғымында әрі ләззатты, әрі азапты күй. Қуанышы да мол, азабы да аз болмайтын сезім. Ақынның сезімі кіршіксіз мөлдір. Сонымен бірге, ол махаббатқа шексіз адал. Сүйген жанының бір сәттік қуанышын ол патшаның тағына да, дүниенің малына да айырбастамайды. Сүйген жары үшін не қиындыққа да төзуге даяр.

Өлеңдер: "Сүй, жан сәулем", "Жұлдызды жүзік, Айды алқа қып берейін", "Шолпы"

IX. Мағжан — қазақ өлеңінің көркіне көрік қосқан, саздылығы мен әуезділігін әсемдеген ақын. Жоғарыдағы өлеңдерінің бәрінде де ол қарапайым өмір кұбылыстарын әсем суретке айналдыра жырлайды. Мағжан өлеңдеріне тән ерекше бір әуезділігі айқын көрінеді.

Мағжан Жұмабаев — бірнеше көркем поэма жазған құлашы кең эпик ақын. Ол өз заманының толғауы күрделі жайларын халқының өткен тарихын жырлау арқылы көрсетуге ұмтылды. Өйткені артта қалған казақ елін алға жетелеу сол халықтың өз қолынан ғана келмек. Сондықтан да халыққа күш берер осындай ерлік қайнарын Мағжан тарихтан іздеді. Өз шығармаларында кешегі өткен батыр бабаларымыздың ерлігін жырлады. Абылайды, Кенесарыны жырға қосты. Сол арқылы халқының қайратын ұштап, санасын оятуды ойлады.

Бұл тұрғыдан келгенде, "Батыр Баян" поэмасының маңызы ерекше. Поэманың оқиғасы бір кездегі қазақ пен қалмақ арасындағы жаугершілік заманнан алынған.

…Қалмаққа қарсы жорыққа аттанбақ болған Абылай хан қол астындағы батырларын жинайды. Жалғыз Баян батыр ғана кешігіп келеді. Сөйтсе, бір кезде жорықта қолға түскен қалмақ қызы мен батырдың інісі Ноян екеуі көңіл қосып, қалмаққа карай кашып бара жатқан жерінен Баян қуып жетіп, екеуін де оққа байлап өлтірген екен. Қызда Баянның да ойы болған. Бірақ қалмақ қызы әр түрлі айламен жақындатпай жүріп, күндердің күнінде інісі Ноянмен сөз байласқан.

Бұдан кейін Абылайдың қолы жорыққа аттанады. Сол жорықта Баян батыр ерлікпен қаза табады.

Оқиға желісін Мағжан жай ғана баяндап шықпайды. Биік романтикалық сарынға құрылған бұл поэмада батырлық та, достық та, адамгершілік мейірім де, ашу-ыза да бар. Поэманың бас кейіпкері Баян батырдың өзі шығармада екі сипатта көрінеді. Інісі Ноян мен қалмақ қызының қылығына ашуланып, соңынан қуып жеткен шақтағы Баян мен екі жасты өлім кұштырғаннан кейінгі Баянның көңіл күйі, кескін-кейпі екі түрлі, бірақ нанымды. Бәрі де қарапайым адам баласының бойынан табылатын таныс жағдайлар.

…Ойламай, белді бекем будым неге?

Қозымды қас дұшпандай қудым неге?

Майысып Ноян қалқам, ерке марқам,

Қасқиып қарсы алдымда тұрдың неге?

Бауырыма тас жүрегім жібімеді-ау,

Бір ата, бір анадан тудым неге?

Салдырап шіріп қалғыр саусақтарым

Қанымен өз қозымның жудым неге?

Күнәсіз екі жасты өлтіргенше,

Өлмедім ішіп уын удың неге?

Туған бауырын оққа байлап, екі ғашықтың өлімі үстінде тұрған Баян осылай егіледі. Бірақ болар іс болды, өз қолын өзі кесе алмайды. Егіле тұрып ойланады. Жаңағы өзі қойған көп "неге?" жауап іздейді.

Жоқ, әлде, жоқ, жоқ… Әлде… Өлтірдім бе,

Інімді алты алаштың намысы үшін?! –

деп өзін жұбатады. Осылайша өзін-өзі бекіткен Баян батыр қалмаққа аттанып, сол жорықта ерлікпен қаза табады.

"Батыр Баян" поэмасы — тек Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығынан ғана емес, бүкіл қазақ поэзиясының қазыналы қорынан лайықты орын алатын аса көркем де құнды туынды

X. Ғұмырының соңғы жылдары ештеңе жазбап па екен, жазса ол қайда, әлде ұшты-күйді жоғалып кетті ме деген сұрақ туады. Себебі М.Жұмабаевтың 1927 жылы жазған «Тоқсанның тобы» поэмасынан кейін басқа шығармалары мәлімсіз. Рас, тәркілеу, ұжымдастыру, онан кейінгі аштық жылдары, әрине, шығармашылық шабыт бере қоюы қиын. Ол уақыттың жалған поэзиясының айқайын жұрт енді естіп, ұғып отыр.
Сонда да болса, шеккен қайғы-қасіретін, тартқан азабын ақын дәптерге жазып қалдыруы да мүмкін. Бірақ М. Жұмабаев үні 1927 жылдан кейін естілмейді. Өзі бір кездері толғана жазған, үні өшкен бұлбұл кейпі ақынның басына келді:

Дариға, аяқталмай үзілді жыр,
Сұм жүрек жалын болып қалды ғой құр.
Бұлбұлдың әнін үзген не болды екен?
Мынау не, көлдің беті жыбыр-жыбыр?
Көл беті жыбыр-жыбыр бақа: «бақ-бақ»,
Сайрасын енді қалай бұлбұл бейбақ!
Өмірдің өзгермейтін құрсын заңы –
Бір жақтан бұлбұл шықса, бақа шықпақ.
Жыршы құс бақырайған бақа көрсе,
Бақылдап тырбық бақа әнін бөлсе,
Ойласаң таңқаларлық дәнеңе жоқ –
Құсадан ақын бұлбұл үнсіз өлсе.

Қорытынды:

М. Жұмабаев көңіл-күйін, өткен өмір жолын башқұрт халқының аса үлкен, қадірменді жаушысы Сайфи Құдаш тебірене баяндайды. Сайфи Құдаш ғасырдың бас кезінде Солтүстік Қазақстанда М.Жұмабаевпен бірге қызметтес болған, жете таныс адам. 1969 жылы ол Қазақстан басшыларына Мағжанды ақтау, шығармаларын жариялау керектігі жайында толғана ұзақ хат жазған. Бірақ онан еш нәтиже болмады.
«М. Жұмабаевты мен өзіндік ерекше, табиғат болмысы бөлек ақын, өлеңнің асқан шебері санағанмын және солай санаймын да, — дейді қарт жазушы, — бұл орайда ол Абайдың лайықты жолын қуушы, әрі дамытушы деуге болады. Сонымен бірге оның өмірі, ақындық еңбегі және трагедиялық тағдыры бір-бірімен тұстас, бұлақ суының бір тамшысындай, М. Жұмабаев шығармаларына бір жақты баға беру, яғни оны Революционер, күрескер дәрежесіне көтеру, немесе, керісінше, Совет өкіметі мен қазақ халқының қас жауы етіп сипаттау — біздің тарихымыздың тұрпайы да, анайы, орны толмас олқылығы, екінші жағынан біздің мәдени мұраға деген көзқарастың жауапсыздығы, барып тұрған дөрекі түрі»

«Қазақ жазушыларынан, әрине, Абайды сүйемін. Менің бала күнімнен ішкен асым, алған нәрімнің барлығы да — Абайдан. Бұдан соң Мағжанды сүйемін. … Мағжан мәдениеті зор ақын. Сыртқы кестенің келісімі мен күйшілігіне қарағанда бұл бар заманның шегінен асқандай … бүгінгі күннің бар жазушысының ішінен келешекке бойұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын сөз — Мағжанның сөзі»

Мұхтар Әуезов


Мағжан Жұмабаевтің өлеңімен аяқтап, оқушыларға оқып, білім алып, үлкен азамат болыңдар деген тілек айтылады.

Мектептен (қайтты) Марияш,
Әліппесі қолында.
Шақырады оны атасы:
«Кел, құлыным, кел мұнда».
Марияш:
«Ата, ата!»- дегенде,
Атасы:
«Кұлыным ата дейді ғой!»
Марияш:
«Бата, бата!»- дегенде,
Атасы:
«Құлыным бата дейді ғой!
Бата десең, қарт атаң
Айналсын сендей ботасын!
Оқы, құлыным, әлім бол,
Атаң берді батасын!»

Наши услуги



Мир учителя © 2014–. Политика конфиденциальности