Жаппарова Гульнур Кенжеевна
Должность:Учитель казахского языка и литературы
Группа:Посетители
Страна:Казахстан
Регион:Карагандинская область, Бухар жырауский район, п.Курылыс
23.07.2015
0
1026
0

Қазақ әдебиеті пәнінен сыныптан тыс шара "Абай-біздің ұлттық ұранымыз!"

Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданы, Құрылыс ауылы, Ақжар негізгі мектебі КММ

Пәні:  қазақ әдебиеті

Пән мұғалімі:  Жаппарова Гульнур Кенжеевна

Тақырыбы:      Абай –біздің ұлттық ұранымыз!

Мақсаты: Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаев туралы тереңірек меңгеру, өмір жолы мен шығармашылығын таныту, адамгершілікке тәрбиелеу. Абайдың даналығын, рухани асыл мұраларын насихаттау, құрмет ету.

Сабақтың түрі: сыныптан тыс іс-шара

Басталуы: Домбыраның үні. Сахнада Абай өлең жазып отырады. Үстел үстінде ескі май шам және құс қауырсынынан жасалған қалам мен шыны құтыда сия. Абай  сәлден соң, орнынан тұрып өлең шумақтарын оқып сахнадан шығып кетеді.

Қалың елім, қазағым, қайран жұртым

Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.

Жақсы менен жаманды айырмадың,

Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың.

 

-Құрметті қонақтар мен оқушылар! «Абай –біздің ұлттық қранымыз!» атты сыныптан тыс тәрбие сағатына қош келдіңіздер!Абай есімі- қазақ халқының ұлттық санасының оянуы мен рухани қайта жаңғыруының , қоғамның озық күштерінің өркениеттілікке ұмтылысы мен әлеуметтік әділдіктің символы.Абай Құнанбаевтың қалдырған өшпес әдеби мұрасы қашан да түн қойнауынан нұр сәулесін шашқандай халқына құрмет етуде. Абай перзенті бар халық –бақытты халық.

-Өнегелі өнер дегенді айтқанда халқымыздың тарихының биік шыңына шыққан жалғыз дара тау ағашындай Абай есімі ауызға ілінеді.Абайдың мұрасы – қазақтың ең қасиетті қазынасы. Замандар ауысып, дүние дидары өзгерсе де, халқымыздың Абайға деген көңілі айнымайды, қайта уақыт өткен сайын оның ұлылығының тың қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға түседі. Абай өзінің туған халқымен мәңгі-бақи бірге жасайды, ғасырлар қалың елін, қазағын биіктерге, асқар асуларға шақыра береді.

1- оқушы: Абай Құнанбайұлы 1845 жылы тамыз айының 10-жұлдызында дүниеге келіп, 1904 жылы шілденің 6 жұлдызында дүниеден өтті.Абайдың әкесі Құнанбай өз кезеңінде беделді адам болған. Абайдың анасы Ұлжан –ақылды, мейірімді кісі екен. Абайды әжесі  Зере тәрбиелеген. Ол Ибрахимді еркелетіп, «Абай» деп атаған.Абай әжесі Зере мен Ұлжандай аналарының тәрбиесінде болады. Олардың қызық әңгімелерін жалықпай тындайтын. Абай бала кезінде әкесі Құнанбай ел басқару жұмысымен  жүреді. Абайдың бойына әкесінің батылдығы, алғырлығы дарыды.

(Көрініс. «Абайдың дүниеге келуі» 9 сынып оқушылары.)

Слайд көрсетіледі. «Абайға  арналған ескерткіштер»

Оқушылар:

1-оқушы: -Егер сіз жақсылық пен жамандықты, әділдік пен қиянат туралы білгіңіз келсе, Абайды оқыңыз!

2-оқушы: -Адамгершілік пен арлылық , махаббат пен залымдық туралы білгіңіз келсе, Абайды оқыңыз!

3-оқушы: -Өлім мен өмір, адам жанының қалтарыстарын, қатпар - қатпар сырларын білгіңіз келсе, Абайды оқыңыз!

4-оқушы: - Тіршіліктің мәңгілік сауалдарына жауап іздеп, ғаламның 18 мың құпиясын білгіңіз келсе, Абайды оқыңыз!

-Абай –ұлы ойшыл, Абай- дана, Абай –дара. Абай шығармашылығы дербес даралық шыңына жеткен, ұлттық сөз өнерінің дәстүрлерімен, дүниетанымдық және мәдени үрдістермен тығыз байланысты халық рухының көрінісі болып табылады. Абай ұлы ақын, өнердің бір туар иесі дегенге оның поэзиясына, бүкіл әдеби, музыкалық, шығармашылық мұрасына тән жаңашылдықты айтамыз.

 Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,

Жоқ –барды, ертегіні термек үшін.

Көкірегі сезімді, тілі орамды,

Жаздым үлгі жастарға бермек үшін.

Бұл сөзді тасыр ұқпас, талапты ұғар,

Көңілінің көзі ашық, сергек үшін.

 

Олай болса Абай атамыздың өлеңдерін оқиық.

1-оқушы: «Күз» өлеңі

 2-оқушы: «Қараша, желтоқсан мен ол бір екі ай» өлеңі

3-оқушы: « Жазғытұры» өлеңі                                                                                                                            

4-оқушы: « Сегіз аяқ» өлеңі

5-оқушы: «Ғылым таппай мақтанба» өлеңі

6-оқушы: «Ғашықтық, құмарлықпен -  ол екі жол» өлеңі

7-оқушы: «Әсемпаз болма әр неге» өлеңі

8-оқушы: «Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап» өлеңі

9-оқушы: «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» өлеңін жатқа айтады.

 

-Абай ақын, ойшыл, композитор болып елге таныла бастаған кезде оның сөзіне, өнеріне құмартып алыс жерлерден келіп кездескен ақын, әнші, жыршылар аз болмаған. Олар Абайдың өлеңдерін, әндерін қазақ даласына бұрыңғыдан да мол таратуға күш салған.

(Абайдың әні орындалады)

«Желсіз түнде жарық ай»

Желсіз түнде  жарық, ай,

Сәулесі суда дірілдеп.

Ауылдың жаны терең сай,

Тасыған өзен күрілдеп.

Қалың ағаш жапырағы

Сыбырласып өзді-өзі,

Көрінбей жердің топырағы,

Құлпырған жасыл жер жүзі.

Тау жаңғырып, ән қосып

Үрген ит пен айтаққа.

Келмеп пе едің жол тосып

Жолығуға аулаққа?

 

-Абайдың 45 қара сөзі бар.Абайдың қара сөздерінің стилі, оларға тән ой ұтқырлығы, шешендік мәселеге зер салсақ, мұндағы шешендік дегеніміз, әйтеуір, сөзді қалай сұлулап, көрікті етіп өрнектеп айтуға ұмтылу емес, ойдың тереңдігімен, астасып келетін шешендік  тәсілдер қолдана білу екенін айқын аңғарамыз.

(Үнтаспадан 15-қара сөзі тыңдалады.)

(Көрініс)

Жетінші қара сөз

Қайрат , ақыл, жүрек үшеуі таласып келіп, ғылымға жүгініпті.

Қайрат айтыпты:

-Ей, ғылым дүниеде еш нәрсе менсіз кәмелетке жетпейді. Әуелі өзіңді білуге, ерінбей , жалықпай үйрену керек, ол –менің ісім. Дүние, абыройды еңбексіз табуға болмайды. Орынсыз, болымсыз нәрсеге үйір қылмай , бойды таза сақтайтұғын мен емес пе? Осы екеуі маған қалай таласады? –депті.

Ақыл айтыпты:

-Не пайдалы, не зиянды болса, білетұғын –мен. Менсіз пайданы іздей алмайды екен, залалдан қаша алмайды екен; ғылымды үйрене алмайды екен. Осы екеуі маған қалай таласады? Менсіз өздері неге жарайды? –депті.

Онан соң жүрек айтыпты:

•         Мен адам денесінің патшасымын, қан менен тарайды, жан менде мекен қылады. Менсіз тіршілік жоқ. Ұят сақтап, рақым қылдыратын – мен, әділет, нысан, ұят, рақым, мейірбаншылық менен шығады.Менсіз осылардың көрген күні не? Осы екеуі маған қалай таласады?-депті. Сонда ғылым бұл үшеуініңсөзін тыңдап болып, айтыпты:

•         -Үшеуің басыңды қос.Бәрін жүрекке билет.Осы үшеуінің бір кісідей табылсаңдар – қасиетті адам сол.

(Слайд көрсетіледі. Аудармашылығы жайында )

Абайдың әр түрлі тақырыптағы шығармаларының ішіндегі махаббат лирикасы айрықша орын алады. Ол әндердің бірі «Көзімнің қарасы». Оның кең тынысты, мұңды әуені жақсы көретін жанын жырлауға сөз асылын  таппай қиналған жанның ішкі толғаныс сырларын ерекше көркемдік мәнермен еткізеді.

(Ән орындалады)

Көзімнің қарасы

 Көзімнің қарасы,

Көңілімнің санасы,

Бітпейді ішімде,

Ғашықтық жарасы.

 

Қазақтың данасы,

Жасы үлкен ағасы.

Бар демес сендей бір

Адамның баласы.

 

Жылайын, жырлайын,

Ағызып көз майын.

Айтуға келгенде,

Қалқама сөз дайын.

 

Күй «Сал күрең»

Жүрегімнің түбіне терең бойла,

Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла.

Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,

Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма!–дейді Абай.

 

Абай –халқымыздың мақтанышы ғана емес, біздің ұлттық ұранымыз, ұлттық идеологиямыз, оның өлмес мұрасын алдымен өзіміз танып, сосын әлемге таныту –біздің ғұмырлық парызымыз.

Абайдың туғанына 170 жыл уақыт өтсе де, оның еңбектері халық жадында сайрап, оған нұрлы өмірге жол көрсетіп тұр.Абай есімі мәңгі ұмытылмайды.

Абай сепкен ұрық, өскен дәндер бір ғасырдан аса уақыт бойы өсіп –өніп, ұлттық әдебиетімізді, мәдениетімізді, бүкіл рухани өмірімізді көркейтуде. Абайдың тамаша ақындық дәстүрлері қазір жаңа мазмұнға ие болып, кейінгі толқын жазушылардың өнеге етіп, ілгері дамытуы арқылы толысып келеді.

Құрметті ұстаздар, оқушылар, бүгінгі дара да, дана тұлға Абай Құнанбаевтың туғанына 170 жыл толуына байланысты, ақын шығармашылығын ұмытпай, дәріптеп оны құрмет ету мақсатында ұйымдастырылған шағын іс-шарамыз аяқталды. Орыстар үшін –Пушкин, ағылшындар үшін –Шекспир, грузиндер үшін – Руставели  қандай ұлы құбылыс болса, Абай да қазақтар үшін сондай теңдессіз құбылыс.

Олай болса, сөздің соңын  «Абайды таныту арқылы біз Қазақстанды әлемге танытамыз, қазақ халқын танытамыз. Абай әрқашан біздің ұлттық ұранымыз болуы тиіс» -деп елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың айтқан сөзімен аяқтап, аман- сау болыңыздар демекпін.

Комментарии пользователей /0/
Комментариев нет...
Информация
Посетители, находящиеся в группе Гости, не могут оставлять комментарии к данной публикации.
Наши услуги



Мы в соц. сетях

    Персональные сообщения