Күлшат Шахаманова Нуржанкызы
Должность:не указана
Группа:Посетители
Страна:казахстан
Регион:не указан
13.10.2014
0
720
0

Баяндама "Толераттылық"

 

Толеранттылық – бұл жергілікті ха­лық­тың басқа ұлт өкілдеріне және басқа діндегі адамдарға түсіністікпен қарап, оларды қудаламауының белгісі. Жалпы толеранттылық өркениетті қоғамға тән құбылыс. Мұндай қасиет тұтас ұлттың басына бір күнде орнай салмайтыны белгілі. Бұл – халықтың сана-сезімінің, дәстүрінің, рухани байлығының кемел­ден­генінің айқын көрінісі. Осы тұрғыдан алып қарасақ, Қазақстандағы қоғамдық қарым-қатынастардың белгілі бір дәре­жеге көтерілгенін байқаймыз.

Елімізде ұлтаралық татулықтың салта­нат құруы – біз мемлекеттің негізін құрайтын қазақ халқының саяси мәдениетінің биік деңгейге көтерілгенінің белгісі. Біле білсек, толеранттылық – үлкен құндылық. Мұны тәуелсіздікке қол жеткізген    20 жылдағы маңыз­ды жетістігіміз десек артық айтқандық болмас еді. Қазақстандағы полиэтникалық қоғамда негізінен екі мәдениеттің үстемдік құрып отырғаны белгілі. Біріншісі, сөз жоқ қазақ мәдениеті. Бұдан кейінгі орында орыс мәдениеті тұр. Дәл қазір өзге ұлт өкілдерінің діні мен салт-дәстүрін жаңғыртуға барынша жағдай жасалған. Осындай ынтымақты тір­лікке дүниежүзінің көптеген елдері қол жет­кізе алмауда. Керек десеңіз, Қазақстан – Орталық Азияда ұлтаралық татулықты сақ­тап, алауыздыққа жол бермеген жалғыз ел. Бүгінде кең-байтақ қазақ жерінде 11 тілде жастарға тәлім беретін мектептер жұмыс істейді. Біздің билік мұндай білім ошақта­рының барлық шығындарын көтеріп отырғаны белгілі. Осыдан-ақ еліміздегі өзге ұлт өкіл­деріне қандай жағдай жасалғанын бағамдай беруге болады. Сондай-ақ, мұндай мектептер өзге ұлт өкілдері жастарының қазақ тілін оқып-үйренуіне негіз болып отырғанын тілге тиек ете кетуіміз керек. Бұдан басқа ел аума­ғында 13 тілде түрлі радио­хабарлар та­райтыны белгілі. Бұны үлкен жетістік деп айтуымызға қақымыз бар.

Қазіргі таңда өзге ұлт өкілдері Қазақстан халқы Ассамблеясының маңайына топтасып, өзінің салт-дәстүрі мен мәдениетін дамы­туда.Мұны елімізге келіп, қо­ғамдық-саяси жағдайды сараптаған саясат­танушылардың өздері де айтып жүргені белгілі. Тәуелсіздікпен бірге есейіп келе жат­қан Ассамблея еліміз үшін үлкен мән-мағынаға ие. Бүгінде қоғамдық институтқа республика бойынша 820 мәдени орталық мүше. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бүгінгі өміріміз дүниежүзіне үлкен үлгі-өне­ге болып отырғаны даусыз. Ал басқа ел­дерде мұндай жағдай керісінше сипат алғанын көзіміз көрді. Іргеміздегі Ресейдің өзі әлі күнге дейін Кавказ бен Орталық Азия­ның кейбір халықтарына қатысты жа­ғымсыз көзқарастан арыла алмай отыр. Өр­кениеттің шыңына шықты деген Фран­цияның өзінде Ислам дініне қатысты қай­­шылықты көзқарастар туындап, үлкен мәселеге айналып отырғаны жасырын емес. Осындай жайттарды еске алғанда еліміздегі қалыптасқан толерантты қоғамның мәні мен мазмұнын жете түсіне бастайсың. Бұдан басқа Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назар­баевтың Астана төрінде әлемдік дінбасылар­дың құрылтайын өткізіп, төрткүл дүниедегі тәрбие мен бейбітшілікті, лаңкестікке қарсы күресті талқылау бүгінде маңызды ғаламдық іс-шараға айналып отыр.

Алдағы уақытта толеранттылық біздің халқымыздың күнделікті өмірінің дағды­сына, дәстүріне айналуы керек. Сондай-ақ, біздер толерантты қоғам арқылы ұлттық болмысымызды жойып алмауға баса мән берген жөн. Қайта керісінше толерантты қоғамды пайдаланып тілдік, ұлттық басым­дылыққа жетудің жолдарын қарастырға­нымыз абзал. Сонда біздің ұпаймыз түгел болатыны белгілі. Толеранттылық бізді асси­милиацияға түсірмеуі тиіс. Сондықтан мемлекеттік саясатты барынша айқындап алуымыз шарт. Сонда ғана толеранттылық біздің мақсат-мүддемізге жұмыс істейтін бо­лады. Жақында Ассамблеяның кезекті сессиясында Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назарбаев, қазақ тілі – елімізді мекендейтін халықтарды тұтастыратын негізі құрал деп ашық айтты. Осы ретте біздер Президентке қолдау көрсетіп, қазақ тілін дамытуға өзіміз­дің үлесімізді қосуымыз керек. 10 мың әні, 5 мың күйі бар қазақ мәдениеті ешқашан жойылып кетеді деп ойламаймын. Өйткені, қазақ мәдениеті әлемдік өркениет­тің бір пұшпағы болып саналады. Келешекте мәдениетіміз адамзат өркениетінің азығына айналуы керек. Кезінде тілші ғалымдарымыз қазақ тілінің 15 томдық түсіндірме сөздігін жасап шығарғаны белгілі. Білген адамға бұл – үлкен байлық. Алдағы уақытта қазақ тілін дамыту үшін осы түсіндірме сөздікті қайта басып шығарсақ орынды болар еді.

Қазір телеарналарда орыс тілді диктор­лардың қазақ тілінде хабар жүргізетін жақсы үрдісі қалыптасты. Алдағы уақытта осындай маңызды бастамаларды Ассамблея мен орыс тілді мектептер іліп әкетіп, дамытуы керек. Бүгінде Елбасының тапсырмасымен орыс тілді мектептерде қазақ тілін оқытатын оқу бағдарламалары күшейтіліп жатыр. Көзде­ген меже бойынша 2020 жылы еліміздің мектеп бітірушілері қазақ тілін білуі басым бағыттардың біріне айналып отыр. Сондай-ақ, 2017 жылы Қазақстанды мекендейтін халықтардың 80 пайызы қазақ тілін білуі тиіс. Қазір бұл бағыттағы жұмыстар қызу жүріп жатыр. Егер біздер бас-көзге қарамай өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйрету үшін қатал шараларға барғанымызда, еліміздің ішкі және сыртқы саясатына зор нұқсан ке­летін еді. Сондықтан ұлттық, тілдік мәселе­лер өте нәзік дүние екенін естен шығар­мауымыз керек. Тіл – халықтың қорғаны. Алдағы уақытта мемлекеттік тілді білмейтін азаматтар, қазақ тілінің тұғырына қонуын қоғамдық қайшылық деп қарамау керек. Өйткені, қазақ тіліне қатысты мәселе кеше-бүгін ғана туындаған жоқ. Бұл мәселе Кеңес заманында да өзектілігін жоймағаны белгілі. Сондықтан біздер толерантты қоғамға арқа сүйеп, тіл мәселесін түбегейлі шешіп алуымыз керек.

Жарастық табу – толеранттылықтың негізі. Тарихи тәжі­рибе толерант­тылық сананың әр түрлі деңгейі барлығын көрсетеді:

– “Бөтенді” барынша кінәлау, қудалау немесе күшке негізделген келісім;

– “Бөтенмен”” ымырасыз күрес, оны идеялық “әшкерелеу”, тыйым салу, бірақ жазалауға бармау;

– Парықсыздық, талғаусыздық, “маған бәрі бір” деп құндылықтарға бей-жай қарау;

– “Бөтенді” қабыл алмау, бірақ оған және оны қолдаушыларға құрмет көрсету;

– “Бөтенді” іс жүзінде қолдау, оны күшпен ығыс­тырумен келіспеу, қоғамда өз орнын алуын мойындау.

Толеранттылық сана қоғамның әр саласында орын алып отыр. Отбасылық мәселелер, гендерлік саясат пен ұлттық менталитет, қоғам алдындағы парыз бен са­лық­тан жалтару, сайлауға барып дауыс беру не бермеу, ұлттық тәрбие және эротика мен порнографияны қолдау не қолдамау, ішімдік пен темекі тартуға әуестік туралы ойлар қоғамдық пікірде зор орын алады.

Толеранттылықтың әлеуметтік ғылымда әр түрлі деңгейі барлығын айтқан жөн.

Біріншіден, инстинкт, сақтану түйсігі деңгейінде “әйтеуір елде тыныштық болсын” дейтіндерді көреміз.

Екіншіден, іштей келіспей, сырттай келісім ишаратын танытушылықты жоққа шығаруға болмайды;

Үшіншіден, жалтақ келісім, ойланбай келісе салу, келісімпаздық кездесіп жатады;

Толеранттылық туралы ой қозғағанда біз дінара­лық қатынастарды айтпай кете алмаймыз. Қазақ жерінде ислам және басқа да діндер кеңес зама­нын­да қудалауға ұшырады, мешіттер қиратылды, діни әдебиет өртенді. Дін қызметкерлері жаңа демократиялық заманға енді-енді бейімделуде, халықтың рухани талаптарын толық деңгейде қанағаттандыра алмай жүргені де белгілі. Бұл олардың кінәсі емес, өткен заманның оспадарлығы.

Жаһандану әлемді біртұтас қауымдастыққа ай­нал­дырып, “өзім” мен “өзгенің” мәнін өткір қойып отыр. Егер бұрын “бөтен” қол жетпес алыстағы жұмбақ, шет болып көрінсе, бүгін “бөтен” біздің өмі­рімізге басып енді. Соның бір көрінісі – шетел­дік діни конфессиялардың елімізге ағылып келуі.

Шет ел діни конфессияларының ықпал жасау технологиясы бізге таныс емес, біздің дәстүріміз, тарихымыз, тіпті заңдарымыз оларға жат. Олармен үйлесім табу бізге де қиын. Оларды жау деп қарау да дұрыс болмас, дос деп айтуға да асығыс.

Олардың қаржысы мол, нарықтық экономика жағдайына бейімделген, бұқараның психологиялық ерекшеліктерін меңгерген және өздерін жарнамалай да біледі. Сондықтан діни сауатсыз, атеистік идео­логияның ығынан шығып болмаған біздің халықты діни секталар өз ықпалына түсіруде. Шындығын айтсақ, тәуелсіздікпен келген демократияның жемісін шетелдік діндер пайдаланып кетті. Олар үгіт-насихатқа өте бейімді, аңқау елдің отбасына, мәдениетіне жік салып жатыр. Барлық діни секталар мейірбан, шапағат әкеледі деуге келмейді. Тек ұлттың болмысымен, наным-сенімімен, мәдениетімен, дүниетанымымен берік, тығыз байланысқан дін ғана өміршең. Ұлт діннен қуат алып, дін ұлттан қолдау тапқанда ғана дін ізгілік дарытады. Бүгінгі шетелдік діни бірлестіктердің басты мүддесі біздің жастарды кемелділікке емес, батыс құндылықтарын санаға сіңіру үшін қызмет жасап жатыр. Сондықтан дінаралық қатынастарда толеранттылықтың да, байсалдылықтың да шегі бар. “Менің дүние-мүлкіме қол сұққан адам қандай қылмыс жасаса, менің ар-намысыма, ұлтымның жан-дүниесіне, сеніміне, имандылығына ақшамен, жалған ақпаратпен қол сұғу сондай қылмыс” деген қағиданы барлық діндер ұстанады.

 

Толеранттылық идея сырт көзге қарайып көрін­генімен, шындығында, жай төзімділік қана емес. Ол өмір талабынан туып отыр, әр түрлі салдарға апарып соғады. Өзінен бөтенге, дербес пікірі бар, өзге тілде сөйлейтіндерге, бөтен дінге жататындарға, бөтен құндылықтарды мойындайтындарға деген ашу, ыза, төзімсіздік кектесушілікке айналады. Ол жеке адамнан бастап, ұлттарға, дінге, мемлекеттерге қауіп төндіреді. Ойланбай айтылған сөз оқтан да қауіпті. Толеранттылық ой-пікіріміздің, наным-сеніміміздің шектілігін, әрқайсымыздың да қателесуімізге “құ­қымыздың” барлығын мойындатады. 

Комментарии пользователей /0/
Комментариев нет...
Информация
Посетители, находящиеся в группе Гости, не могут оставлять комментарии к данной публикации.
Наши услуги



Мы в соц. сетях

    Персональные сообщения