Илья Гашек
Должность:Системный редактор
Группа:Команда портала
Страна:Россия
Регион:Москва
28.04.2014
0
6618
7

Мұқағали Мақатаевқа арналған әдеби- сазды кеш «Жырлайды жүрек»

Казахстан, Мангистауская область, г. Актау

ГУ «Общеобразовательная средняя школа №5 с гимназическими классами»

Заместитель директора по воспитательной работе

Есжанова А.М.

Кештің мақсаты:

Ақиық ақын, артына айрықша өшпейтін із қалдырған Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығына шолу жасау, әндері мен поэмаларымен танысу.

М.Мақатаевтың өлеңдері мен әндері арқылы оқушыларды әсемдікке, елжандылыққа тәрбиелеу.

Кештің көрнекілігі:

 М.Мақатаевтың суреті мен «Жырлайды жүрек» тақырыбы, шарлар, ақынның шығармасы мен өміріне арналған көрме. Сазды музыка.

(Кеш «Аққу» биі арқылы ашылады.)

1-жүргізуші: Армысыздар, қадірлі ұстаздар мен қымбатты оқушылар! Жыл керуені алға жылжыған сайын Мұқағали Мақатаевтың артына қалдырған өшпес мұрасы, жарық жұлдыздың қараңғы түн қойнауынан құпия сәулесін шашқандай жарқырай, өркендей өсіп, айшықтала түсуде. Абай үндес Мұқағалидай перзенті бар халық-шынымен бақытты халық.

2-жүргізуші: Иә, Мұқағали- ғажайып, ақиық, сыршыл, гуманист ақын. Ол-бізге көрінбейтін сиқыр бояулардан, бізге естілмейтін құпия дауыстардан толы алатын жұмбақ ақын. Ақын өлеңдерін оқыған сайын ақиқат бейнелі рух, сезім мен сананың бірлігі көңілге ұялайды.

1-жүргізуші: Қымбатты ұстаздар, қонақтар, оқушылар! Ақиық ақынның шығармашылығына арналған «Жырлайды жүрек» атты әдеби-сазды кешімізді бастаймыз.

Бүгінгі кешіміз төрт бөлімнен тұрады.

І бөлім  «Жазылар естеліктер мен туралы»

          (Мұқағали туралы естеліктер айтылады)

ІІ бөлім  «Поэзия жүрек тілі» М.Мақатаевтың өлеңдері мен әндері шырқалады.

ІІІ бөлім  «Аққудың қанатына жазылған сыр».  Поэмадан үзінді

ІҮ бөлім   «Жас ақындар арнауы» оқушылардың өлеңдері

1-жүргізуші:Олай болса, І бөлімге кезек берелік

Аламан бәйгеге оза шауып, өлең-жырда шамасына шаң жұқтырмаған ерен жүйрік, талантты тұлға Мұқағали ақынның өмір жолы әр алуан. Оны біріміз білсек, біріміз білмейміз. Олай болса, қыран тағдырлы ақын Мұқағали ағаның өмір жолынан деректерге назар аударайық.

/Интерактивті тақтадан Мұқағали Мақатаев туралы бейнеролик жүреді/

Ақиық ақын 1931 жылдың 9-ақпанында Алматы облысы, қазіргі Райымбек (бұрынғы Нарынқол) ауданының Қарасаз ауылында дүниеге келген. Мұқағалидың әкесі Сүлеймен шаруа адамы болған. Бастауыш сыныпты Қарасазда оқып, орта мектепті Нарынқолда интернатта оқып бітіреді. Мектепте оқып жүрген кезде ең алғашқы өлеңдерін бастаған болатын.
1948 жылы орта мектепті бітірісімен, мәдени-ағарту саласында түрлі қызметтер атқарды. Мектепте әдебиет пәнінен сабақ берді. Аудандық газетте әдеби қызметкер болып істейді. 
2-жүргізуші
Ол 1962 жылы Алматыға қоныс аударып, әдеби ортаға етене араласа бастайды.  Алматы Шет тілдері институтының неміс тілі, Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультеттерінде оқып және Мәскеудегі М. Горький атындағы әлем әдебиеті институтында білім алады. 
1-жүргізуші
  Мұнан соң «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің (1962-1963 жж.), «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат») (1963-1965 жж.), «Жұлдыз» (1965-1972 жж.) журналдарының редакциясында, Қазақстан Жазушылар одағында (1972-1973 жж.) қызмет атқарады.
  Мұқағали Алматыдағы қазақ әдебиеті мен өнерінің қаймақтары шоғырланған ортада өткерген аз ғана жылдар ішінде өзіндік дара үнін, суреткерлік қайталанбас дарынын танытып, өнімді еңбектене білді. Көзінің тірісінде жариялап үлгерген жыр жинақтары:
 «Ильич» (1964ж), «Армысыңдар достар» (1966ж), «Қарлығашым келдің бе?», «Мавр» (1970ж), «Аққулар ұйықтағанда» (1973), «Шуағым менің» (1975ж)
2-жүргізуші:
«Айтылар естеліктер мен туралы,
Біреулер жан еді дер өр тұлғалы.
Біреулер тұлпар еді деуі мүмкін,
Бүтінделмей кеткен бір ер тұрманы.»
Иә ,ақын туралы естеліктер де жазылып, лебіздер айтылуда.Алдымен ақынның өз өмір жолы туралы жазылған «Менің анкетам» өлеңін тыңдап көрелік.

-        Туған жерің?
-        Ұланымын, Қарасаз деп аталатын ауылдың.
-        Туған жылың?
-        1931. Құрдасымын  Шәмілдің.
-        Жынысың кім?
-        Еркекпін ғой, еркекпін! Және-дағы    тәуірмін...
-        Партияда барсын, ба?
-        Жоқпын.
Бірақ, коммунистік көзқараспен қараймын.
-        Шыққан тегің?
-        Шаруамын.
Бар тірліктен бағалы оны санаймын.
-        Білімің ше?
-        Орташа ғой.
Алайда өзім жоғарыға балаймын.
-        Ана тілің?
-        Қазақша.
Қысылғанда орысша да, немісше де, тағы бар.
-        Қайда істедің?

-        Мынау «Еңбек кітапшамнан» танып ал.
Оқымаған, дипломсыз демесең,
Бір басымнан бар мамандық табылар.

-        Міндеттісің бе әскерге?
-        Міндеттімін.
Біздің әлі жас кеуде.
Жауынгердің ұлымын ғой,
Жанын қиған Мәскеуге.
-        Сөгіс алып көрдің бе?
-        Ол жағынан періште едім дей алмаймын
Мен мүлде.
Ойлы-қырлы бүл өмірде болады ғой мүлт кету,
Ол өзі бір еншісі ғой ездің әрі ердің де...
-        Шетелдерде болдың ба?
-        Болғамын жоқ.
Олар маған тұрған да жоқ қол бұлғап.
Қалсам болды, өлсем болды жәйіммен,
Осы отырған орнымда-ақ.
-        Мекен-жәйің?
-        Мекен-жәйім - жер менің.
Жерде жүрген ақын деген пендемін.

Қалам, қағаз, уақыт бер тек аздаған,
Мен өмірді жырлау үшін келгемін!

1-жүргізуші: Ақын жүрегі сезімтал ғой. Ол өз замандастары мен кейінгі ұрпағының өзін өлеңдерімен бірге есіне алып жүрерін алдын ала сезді ме?

2-жүргізуші:

Ақ ұлпа жерді жапқанда,

Ағаштар сырға таққанда.

Бозарып атқан ақ таңда,

Бозарып тұрып ақпанда

Есіңе мені алғасың,- деп толғанады ақын. Ендеше кезекті әнге берейік.

Ән: «Есіңе мені алғайсың »

1-жүргізуші: Туған жерге, елге, халқына, досына, Отанына, әкесіне, әжесіне, ана тіліне деген махаббат сезімі ақын ретінде оның басты тақырыбы еді. Өзінің ұлтын, туған тілін ерекше құрметтеді.

2-жүргізуші: Түзу-түзу жыртылған аңыздайын,

Аңызыма неге нәр тамызбайын.

Қара өлеңі қазақтың қаза болса,

Қара көзден неге қан тамызбаймын,- деп өзі жырлағандай, кезекті ІІ бөлім ақын өлеңдеріне берейік.       

1-жүргізуші:

Отан!!
Отан!
Сен болмасаң, не етер ем?
Мәңгілікке бақытсыз боп өтер ем,
Өмірден бұл өксуменен кетер ем.
Жалғыз Отан – мекенім, – деп тайға таңба басқандай жазып кеткен ойлары, бүгінгі, болашақ ұрпақтың бәріне айтылған ақыл-өсиет. Бұл сөздерді әрбір қазақ жүрегіне үкі етіп тақса да артық етпейді. Отанды сүюдің, оған құлай берілудің – асқақ үлгісі бұл.
Ендеше ақынның Отанына, туған жері Қарасазға, қазақ еліне арнаған өлеңдеріне кезек берелік.

/«Үш бақытым» , «Отан туралы», «Отан», «Туған жерге», «Қазақ жері»  өлеңдері оқылады/
Кір жуып, кіндік қаны тамған туған жері, ғажайып өлкесі туралы толғанысы ерекше болатын.Қарасазға деген ақын махаббатын сөзбен жеткізу мүмкін емес еді. Келесі тыңдайтындарыңыз Туған елге деген сағыныш.

/ «Қарасаз» әні орындалады/

2-жүргізуші:

 «Поэзия!
Менімен егіз бе едің?
Сен мені сезесің бе,
Неге іздедім?
Алауыртқан таңдардан сені іздедім,
Қарауытқан таулардан сені іздедім,» – деп жырлаған Мұқағали ақын шындығында да поэзиямен егіз дүниеге келген сияқты.
1-жүргізуші: Поэзия – адам жанын тебіренткен, айтылмай, бейнеленбей тынбайтын өктем рухтың бейнесі; Ақынның өзге жұрттан артықшылығы - бүкіл болмыспен, табиғатпен табысып, кез келген кісі әсерлене бермейтін кұбылысқа тебіренетіні, кез келген кісі әсерлене бермейтін нәрседен әсерленетіні..Ендігі кезекте поэзия әлеміне саяхат жасасақ.

/«Поэзия» , «Фариза»,  «Шеше», «Сәби ана», «Өмір» өлеңдері оқылады/

2-жүргізуші:
       Махаббат, сүйіспеншілік тақырыбына соқпай кететін ақын жоқ. Өйткені махаббат мәселесі – бұл мәңгілік тақырып. Бірақ әр ақын өз сезімін, өзінің ішкі жан дүниесін әр қалай шығарады. Ақынның сезімінде жасандылық жоқ. Махаббатта бір қуаныш, бір үміт, бір өкініш, бір күдік болатындығы жасырын емес.
1 жүргізуші: Ия, махаббат әлемін Мұқағалидай жырлаған адам кем де кем шығар. Ол «нағыз махаббатты армандады», ол махаббатқа бас иді, оның кеудесі сарқылмас сағынышқа толы, ал сағына білген адам сүйе біледі, сағына білген адам өзге жанды түсіне алады, жұбата да алады.
Олай болса Махаббат лирикасына арналған жырларын тыңдасақ.
/«Ғашықпын»,  «Лашынға», «Үнсіздік»,  «Махаббатпа» өлеңдері оқылады/
/«Мен деп ойла» әні орындалады/

2-жүргізуші: Ақын шығармаларының үлкен бір саласы- оның поэмалары. «Ильич» 1964 жыл, «Мавр» 1970 жыл,  ең асылы, ең биігі- «Аққулар ұйықтағанда». Бұл поэма 1973 жылы «Жалын» жинағында жарияланды.

Олай болса, кешімізідің ІІІ бөліміне кезек берсек.

   «Аққудың қанатына жазылған сыр» Аққулар ұйықтағанда поэмасынан үзінді

/ «Аққулар ұйықтағанда» поэмасынан үзінді көрініс көрсетеді «Аққулар ұйықтағанда» /

1-жүргізуші: Өлең өнер, өлең дерт, оны туа біткен дарын иесі, шын талант қана өмірге әкеледі. Ақын әкелген әрбір сөз жүректерге ән болып, әуен болып жетіп жатыр. Оның әндері-таңғы шықтай мөлдір, сырлы әуенді. Ендеше, ақын ағаның жолын қуып, қауырсын жырларымен шашу шашсын деген ниетте кезекті оқушыларға береміз. 

/  «Ақын аға», «Мұқағали», «Шын ғашықпын» өлеңдері оқылады

«Сенің көзің» өлеңін заманауи тұрғыда өңделіп, орындалады/

2 - жүргізуші: Ақын мұрасы, маржан поэзиясы – мәңгілік болашақ  ұрпақтың еншісі, қастерлеп, қадірлейтін қазынасы.
Олай болса, жас ұрпақтың «Мұқағали» есіміне арнаған лебізі.

/оқушылар әріптер алып шығады/
М–Мұқағалидың
Ұ–ұрпаққа
Қ–қалдырған
А–аманатын
Ғ–ғасырлар
А–арнасына
Л–лайық деп
И–иіліп , бас иеміз. –барлығы бірге.
Рахмет!.

1-жүргізуші: Айтылмаған Мұқаңда арман бар ма?

Әр әні толы ғой армандарға

Шерте білген мұңдарын жас қайынға

Дәл Мұқандай қазақта ақын бар ма?

2-жүргізуші: Міне, бүгінгі кешке қатысқан тыңдарман қауым, Мұқағалидың сырлы, әуенді, мұңды жырларына қанық болдыңыздар  деп ойлаймыз.

1-жүргізуші: Жылдар тізіліп өткен сайын Мұқағали ақынның бейнесі тұлғалана, биіктей түседі. Оның рухани қазынасын ұлт иелігіне асыратын XXI ғасырдың жастары-сендерсіңдер!

2-жүргізуші: «Ғасыр ақыны» атанған Мұқағали жырлары жылдан -жылға, ғасырдан- ғасырға жалғаса бермек! Мұқағали-мәңгілік өмір!

1-жүргізуші: Сонымен, ақиық ақын Мұқағалиға арналған «Жырлайды жүрек» атты әдеби-сазды кешіміз аяқталды.

2-жүргізуші: Келесі көріскенше амандықта болайық.

Комментарии пользователей /0/
Комментариев нет...
Информация
Посетители, находящиеся в группе Гости, не могут оставлять комментарии к данной публикации.
Наши услуги



Мы в соц. сетях

    Персональные сообщения