Үржімбаева Шынар Бисембайқызы
Должность:преподаватель
Группа:Посетители
Страна:Казахстан
Регион:Атырау
30.05.2016
0
424
0

Сценарий "Алаштың ақтаңгері - Әлихан"

 

Әдеби-тарихи кеш 

Тақырыбы: «Алаштың ақтаңгері – Әлихан»

 

2015 - 2016 оқу жылы

«Алаштың ақтаңгері – Әлихан»

Оркестр: күй орындалады.

 

Жүргізуші:Армысыздар, құрметті қонақтар, ұстаздар, оқушылар! Қазақ тарихының өткеніне үңілсек, бұрмаланған беттері кемде-кем. Кім батыр? Кім сатқын? Кім халқы үшін қам жеді? Кім жеке басының қамын ойлады? Кім өз өмірін туған елі үшін қиды? Кім қасақана халқының қанын төкті? Әрине, бұл сауалдарға жауап беру оңай емес.

            Бұл-қазақ тәңірге зат еткен қазақ!

            Қиналып, қанды азап шеккен қзақ.

            Әйтеуір қанды азаптан құтқарар деп,

            Оқыған азаматын күткен қазақ.

            Тарихымызды ақтаңдақтардан арылту бүгінгі таңда айрықша маңыздылығына, аса қажеттілігіне біріміз де күмәнданбайтын бірігей міндеттер ортасынан орын алады. Тарихтың уақыт табынан сарғыш тартқан парақтарына жаңаша көзқараспен көз жүгірткенде, сол кезеңдердің орны толмас оқиғаларына бүгінгі талап биігінен баға бергенде, біз ол тарихта азды-көпті бедер қалдырған жеке адамдардың ұрпақ алдындағы жауапкершілігін де жадымыздан шығаруға тиісті емеспіз.

            Қазақстан тарихында із қалдырғандар қатарында сталиндік зұлматтың құрбаны болған, жарық жұлдыздай жарқырап халық жүрегінде қалған ұлы тұлға – Әлихан Бөкейханов.

Биыл Алаш қозғалысының жетекшісі, Алаш көсемі Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханның туғанына  жыл. Әлемдік атақты ұйым – ЮНЕСКО-ның өзі қазақтың Әлиханын «әлемдік деңгейдегі шын мәніндегі аса көрнекті қайраткер тұлға» деп мойындап, оның 150 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО көлемінде кеңінен атап өту жөнінде арнайы шешім шығарылған болатын. Бұл күллі қазақ халқы үшін үлкен абырой. Кешегі алаш зиялыларын әлем мойындағанының дәлелі. Ендеше біз Әлихан Бөкейхановтың мерейтойына орай өткізгелі отырған «Алаштың ақтаңгері – Әлихан» атты әдеби-тарихи кешімізді бастауға рұқсат етіңіздер!

ЮНЕСКО-ның Парижде 2-18 қараша аралығында өткен Бас конференциясының 38-сессиясында Алаштың көсемі, көрнекті мемлекет қайраткері Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдық мерейтойын 2016 жылы ЮНЕСКО көлемінде тойлау ұсынысы қабылданған болатын. Осы кешімізге арнайы шақырған қонағымыз, осы тақырып төңірегінде зерттеу жұмысын жүргізіп жүрген, талай сырдың түбіне үңілген тарихшы ағайымыз келіп отыр. Қош келдіңіз ағай!

Мәдени шарамыздың алғашқы сөз кезегін мектеп директорына береміз.

Әлихан - Алашорда автономиялы үкіметінің тұңғыш төрағасы сол кездегі Алаш зиялылары сияқты әр саланың білгірі. Ресми түрде атайтын болсақ - ғұлама ғалым ормантанушы, экономист, мал шаруашылығын зерттеуді ғылыми жолға қоюшы, тарихшы, этнограф, әдебиеттанушы, аудармашы, әрі публицист ретінде қазақ халқының саяси әлеуметтік, мәдени рухани тарихында өшпестей із қалдырған ұлы тұлға.

Ендеше біз Әлихан Бөкейхановтың мерейтойына орай, сан түрлі өнерді бойына жыйған дарын иесінің бірер қырына арнайы тоқталып, ел есіне сала кеткенді жөн санап отырмыз.

(оқушыларымыз ортаға шығып, Әлихан Бөкейханов жөнінде қысқаша баяндама жасайды, слайд жүріп жатады)

 

Қайрат: Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов - соңғы хан-сұлтандардың бірі - Бөкейдің -тікелей ұрпағы. Бөкейдің 1816 жылы хан тағына отыруынан тура 50 жыл өткен 1866 жылы 5 наурызда дүниеге келген. Омбы техникалық училищесін аяқтаған соң, ең алдымен қазақ халқының ата-баба жерін келімсектерден қорғау керектігін бүкіл сана-сезімімен сезген Әлихан 1890 жылы Санкт-Петербургтың орман институтына түсіп, онымен қарама-қатар астаналық императорлық университеттің заң факультеті курсын экстерн әдісімен оқып, 1894 жылы ормантанушы-ғалым және заңгер деген екі диплом алады.

Нұрлы: Әлихан Дала және Түркістан өлкелеріне бөлінген Қазақ елінің жерін, әлеуметтік-экономикалық ахуалын, халық шаруашылығын, төрт түлік малы мен санын, табиғаты мен ауа райын зерттеген 4 ғылыми экспедициясының жұмысына қатысады. Осы жылдары Әлихан бүкіл отаршыл империяға танылған ғалым, Қазақстан бойынша теңдессіз білгір сарапшы ретінде танылып, туған елі мен халқының тарихы, экономикасы, мәдениеті, шаруашылығы, оның ішінде дәстүрлі мал шаруашылығы және жері туралы бірнеше іргелі ғылыми монография, ондаған очерк, мыңнан аса мақала мен еңбек жазып жариялайды. Алты алаш көсемінің осы күнге қарай анықталып жиналған шексіз бай мұрасының жалпы көлемі 16-18 томдық жинақты құрап отыр.

Айсұлтанбек: Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов XIXғ. соңы мен XXғ. басындағы қазақтың біртуар ұлдарының қатарындағы аса ерекше тұлға. Алаш қозғалысының жетекшісі, Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы. Ол қазақ үшін публицист те, экономист те, ғалым да, аудармашы да, тарихшы да, этнограф та болды.

Ақгүл: Бүгінгі таңда батысшыл зиялылардың атқарып кеткен қызметі «Алаш» ұранды ұлт-азаттық қозғалысы ретінде танылса, Әлихан Бөкейхановты оның идеялық негізін қалаушы, бас идеологы, саяси жетекшісі деп бірауыздан мойындайды.«Алаш» қозғалысы мен оның көсемі Әлихан Бөкейхановтың 1917 жылғы Ақпан төңкерісіне дейін, яғни отаршыл патшалық самодержавие тұсында қандай қиян-кескі күрес жүргізгенін мынадай фактіден байқауға болады. 1917 жылғы төңкеріске дейінгі және одан кейінгі кезеңде бір Әлиханның өзі 7 рет тұтқындалып, бірнеше тәуліктен 4 және 8 айға дейін түрмеде отырып шығып, 2 рет саяси айдауда болды. Оның ішінде Самарада 8 жылын өткізсе, Мәскеуде шым-шытырық оқиғалар мен қиян-кескі күреске толы ғұмырының ақырғы 15 жылын сарп етті.

Ақжүніс: Ол қазақ ұлтшылдығы - ол өз ұлтын, тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін, ата-баба жерін, Отанды сүю, қорғау және қамқор болу деп насихаттады. Ол соңғы демі біткенше туған қазақ халқының ата-баба жеріне деген, ұлттық мемлекет құрып, өзін-өзі басқаруға деген қасиетті құқын табанды түрде қорғап, сол үшін күресіп өтті.

            Жүргізуші: Әлихан Бөкейханов өз сөзінде: «Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деп айтып кеткен. Шынында, өмірінің соңына дейін елі мен жері үшін, халқы үшін аянбай күш-жігерін сарп етті. Ары қарай әңгімемізді өрбіту үшін құрметті қонағымызға сөз кезегін береміз!

(ағай сөйлейді, оқушылар ортаға шығып өз көкейлерінде жүрген сұрақтарына жауап алады)

 Ән: «Алға, Қазақстан»

Жүргізуші: Егерде «Әлихан бүгінгі қазақ қоғамына несімен қадірлі?» деген сұрақ туындай қалса ол сұрақтың жауабын алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбайдың атап айтқан идеяларымен түсіндіруге болады:

«Қазақ үшін Алаш идеясынан, оның бес ұлы нысанынан артық мүдде болуы тиіс емес. Ол идея бүгін де өзінің мүдделі мақсатын жойған жоқ. Қайта тәуелсіздіктің тамыры тереңге кеткен сайын, алдымызға сұрақ болып шығып отыр», - дейді белгілі алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай. Ол идеялар мыналар:

ü    Бірінші ұстаным: жер, жер және жер. Жерсіз Отан жоқ. Әлихан Бөкейхановтың ұйғарымы бойынша: «Қазақтың байырғы жерін қашан қазақтар өз бетінше ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, жер жеке меншікке де, қоныстанушыларға да берілмейді».

ü    Екінші ұстаным: жердің астындағы, үстіндегі, аспанындағы барлық игілік қазақ мемлекетіне қызмет етуі керек. Ә.Бөкейхановтың айтуынша: «Оның әр бір түйір тасы қазақтың өңіріне түйме болып қадалу керек» болатын.

ü    Үшінші ұстаным: Ә.Бөкейхановтың жобасы бойынша, «Қазақтың жерінде өндірілген «бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуі» керек, яғни толықтай экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізуге ұмтылуы тиіс еді.

ü    Төртінші нысана: қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлттың тіл, дін, діл үстемдігі болуы керек.

ü    Бесінші, түпкі мақсат: ғылымға, ұлттық салт-дәстүрге негізделген заңға сүйене отырып, Жапонияның үлгісіндегі ұлттық-демократиялық мемлекет құру еді. Ал бұл идеялардың ұйтқысы, тарихшы Мәмбет Қойгелдиев дәл тауып айтқанындай, қазақ қоғамының Сун Ятсені мен Махатма Гандиі - Әлихан Бөкейханов болатын.

Қорытындылау сөз кезегін мектебіміздің тарих пәні мұғаліміне береміз.

Көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, Алаш қозғалысының жетекшісі, Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, публицист, ғалым, аудармашы Әлихан Бөкейханов мұраларын зерделеу болашақ ұрпақтың әрдайым назарында болуы керек. Және де осындай халқымыздың біртуар заматтарын, ұлы тұлғаларын құрметтеп, олардың жасаған ерлік істерін ұмытпай қадірлеп жүруіміз керек. Елбасымыз айтқандай «Болашақ жастардың қолында», сондықтан сіздер жас ұрпақ тарихта қалған ұлы есімдерді ұлықтап, мол өнеге-тәрбие алып, алға нық қадам басуларыңыз керек. Қадірлі қонағымызға алғысымды білдіре отырып, әдеби-тарихи кешімізді аяқтаймыз. Назар салып тыңдағандарыңызға мың алғыс! Қош, сау болыңыздар!

 

Комментарии пользователей /0/
Комментариев нет...
Информация
Посетители, находящиеся в группе Гости, не могут оставлять комментарии к данной публикации.
Наши услуги



Мы в соц. сетях

    Персональные сообщения