Редактор
Должность:Редактор
Группа:Мир учителя
Страна:Россия
Регион:Москва
16.04.2016
0
299
0

Атадан қалған асыл сөз

Мекежанова Арай Қайратбекқызы

«Балдырған» тобының тәрбиешісі  

№9 «Ашура» балабақшасы

Талдықорған қаласы,Қазақстан

Мақсаты: Ата-бабамыздан асыл мұра болып қалған тілімізді, салт-дәстүрімізді, асыл сөздерді өскелең жас ұрпаққа мирас ету, дәстүр сабақтастығын ұғындыру.

1. Қазақ даласында өмір сүрген   шешендердің асыл сөздерімен таныстыру,

2. Балалардың ойлау қабілетін дамыту, тіл байлығын, сөздік қорларын арттыру.

3. Жас ұрпақты  сөз қадірін түсінуге, үлкеннің ақылын тыңдау парыз екенін ұғындыру.

Сабақтың әдісі: Сұрақ-жауап, ой қозғау, мәнерлеп оқу.

Сабақтың көрнекілігі: Интерактивті тақта, тірек сызба. Төле, Әйтеке, Қазбек билердің суреттері. «Ақылдың кені-данышпан», «Сөнбес жұлдыздар» атты слайдтар. Нақыл, ақыл, шешендік сөздер.

Сабақтың барысы:

  1.      Ұйымдастыру: Оқушыларды түгендеу, назарларын сабаққа аудару.
  2.      Негізгі бөлім

Кіріспе:

     Біздің абыз бабаларымыз бүгінгі ұрпаққа ұлан-байтақ даланы, құс ұшырса қанаты талатын қазыналы жерді ақыл-парасат, ойлы да арлы адамгершілік қасиеттері арқасында ғана мұра етіп қалдырған. Олардың өнегесін ұлағат тұтқан ұрпақтар да өмір көшінде бабалар арманын жалғастырып келеді. Болашағымызбен өткен жетістіктеріміздің алтын қазығы – қариялар. 

     Бүгінгі біздің сабағымыздың тақырыбы: «Атадан қалған асыл сөз» деп аталады. Ашық сабағымыз ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналады.

 

                                       

 

 

 

     Сабағымызды бастамас бұрын экранға назар аударайық. Ненің суретін көріп тұрсыңдар?

-         Сиқырлы кітап.

-         Иә балалар, біз сиқырлы кітапты оқып, білімімізді толықтырып, тапқырлыққа, шешендікке үйренеміз. Сиқырлы кітап бірнеше бөлімнен тұрады екен. І бөлім «Аталы бала-ақылды» деп аталады екен. (Көрініс)

 

                                      

 

Жігіт:

-         Ата! Қол бастау қиын ба?

Жол бастау қиын ба?

Сөз бастау қиын ба?

Қарт:

-         Е, балам! Қол бастау қиын емес,

Көк найзалы ерің болса,

Жол бастау қиын емес,

Соңыңнан ерген елің болса,

Бәрінен де сөз  бастау қиын.

Тауып айтсаң, мереке қылады.

Таппай айтсаң, келеке қылады.

Жігіт:

-         Дұрыс айтасыз, дұрыс айтасыз.

Қарт:

-         Е, балам! Таза мінсіз асыл сөз ой түбінде жатады.

Таза мінсіз асыл тас су түбінде жатады.

Су түбінде жатқан сөз жел толқытса шығады.

Ой түбінде жатқан сөз шер тарқатса шығады.

Жігіт:

-         Рахмет, ата!

Қарт:

-         Ақылды бол, балам!

Ұлағатты сөздер өте көп.

 

 

 

Әділ төре ел бастар,

Аға жігіт қол бастар.

Батыр жігіт жау бастар.

Шешен адам сөз бастар.

Құсты жисаң бүркіт жи,

Қыс тоныңды түлкі етер

Бір жақсымен дос болсаң,

Азбас-тозбас мүлік етер.

Бір жаманмен дос болсаң,

Бүкіл алаңға күлкі етер.

Балаларым, сөз кезегін түйіндейтін болсақ,

Ақыл адамды аздырмайтын ем,

Білім – таусымайтын кен.

-         Адамның басшысы – ақыл,

Жетекшісі талап

Шолғыншысы – ой

Жолдасы – кәсіп

Қорғаны – сабыр

Қорғаушысы – мінез болуы керек.

1-оқушы:

-         Атам менің әманда

«Әдепті жан бол» деген

Ата сөзі санамда,

Жасы үлкенге жол берем.

Алдын орап кісінің,

Кесіп өтпе көлденең

Ізетімен кішінің,

Сәлемдесіп қол берем.

2-оқушы:

-         Атам менің әманда

«Кішіпейіл» бол деген

Ата сөзі санамда,

Мақтанбауды жөн көрем

Атам менің әманда

«Әділетті бол деген»

Ата сөзі санамда,

Жүремін тура жолменен.

3-оқушы:

-         Атаң болса анаңмен –

-         Алтыннан соққан қорғаның.

Санаң болса ақылды

Ешкімнен кем болмадың.

Інің болса, мақтаныш

-         Семсер қылыш, білегің

Ақылды қыз, ақылды ұл-

Өкпе-бауыр жүрегің.

4-оқушы:

-         Ата-бабаң ардақты

Жамандыққа бармапты.

Ардақ тұтып үлкенді

Ата жолын жалғапты.

Көрініс:

Бала:

-         Ата, табиғат жаратқан дене мүшелеріміз не үшін керек?

Қария:

-         Екі көзіміз жақсыларды көру үшін,

Екі қолымыз елге көмек беру үшін.

Құлақ деген ақыл-кеңес тыңдау үшін,

Жүрек деген жауларыңнан қорықпау үшін.

Тіл мен жағың ақиқатты айту үшін,

Ал аяғың шетте жүрсең туған жерге қайту үшін керек.

Мұғалім:

-         Келесі бөлімнің қалай аталатынын білу үшін жұмбақтар шешейік.

Айтары мол ғұлама,

Көп жасаған бұл адам

Әкесі ол әкеңнің,

Білер соны сұраған.

Ол кім?

                                 (Атаң)

Аймалайды «күнім» деп

Мейірімді жүзі күлімдеп

«Тәтті-ақ» дейді немере,

«Бал-шырындай үнің» деп.

Ол кім?

                                      (Әжең)

Атаңның баласы

Асқар тау қорғаның.

Анаңның серігі

Панаң ғой ол сенің.

Ол кім?

                                 (Әкең)

Әлпештеп өзіңді өсірген

Нағашы әжеңнің баласы

Біреуге ибалы келін де

Бұл күнде жиеннің анасы.

Ол кім?

                                    (Анаң)

-         Отбасының қос шынары «Ата мен әже» және «Әке мен шеше екен»

 

 

                          

 

-Алишердің орындауын «Ана-әке» әнін тамашалаңыздар.

 

 

 

-         Келесі бөлім, «Бабалар сөзі – даналық көзі» деп аталады.

Төле би, ер Қазыбек, тілді Әйтеке,

Асқар тау Қазыбектей білімді еді.

Бірі – күн, бірі – туған айдай болып,

Заманға сәйкестеніп келіп еді ...

                                                     Қазанғап.

-         Ендеше, бабаларымыздың шешендік сөздерін тыңдайық.

Әйтеке би:

-         Ашу бар жерде ақыл тұрмайды.

 Ашу деген ағын су,

 Алдын ашсаң арқырар.

 Ақыл деген дария,

 Алдын тоссаң тоқырар.

 Кісі бірге туыспау керек

 Туысқан соң сөз қуыспау керек.

 Сөз қуған бәлеге жолығады.

 Жол қуған олжаға жолығады.

Төле би:

-         Бақ – ұзатылған қыз,

Байлық – еритін мұз.

Бала – артта қалған із.

Өмірдің адамға ең жақын сыйы –

Сыйласқан сіз бен біз.

Қазыбек би:

–  Біз қазақ деген мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз. Ешбір дұшпан басынбаған елміз, басынан сөз асырмаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз, дәм-тұзымызды ақтай білген елміз.  Атадан  ұл туса, құл боламын деп тумайды, анадан қыз туса күң боламын деп тумайды. Ұл мен қызды қаматып отыра алмайтын елміз. Сен қалмақ болсаң, біз қазақ қарпысқалы келгенбіз, сен темір болсаң, біз – көмір, еріткелі келгенбіз. Қазақ, қалмақ баласы табысқалы келгенбіз, танымайтын жат елге танысқалы келгенбіз, танысуға көнбесең, шабысқалы келгенбіз. Сен қабылан болсаң, мен – арыстан, алысқалы келгенбіз. Жаңа үйреткен жас тұлпар жарысқалы келгенбіз, тұтқыр сары желіммін жабысқалы келгенбіз. Берсең жөндеп бітім айт, не тұрысатын жеріңді айт.

5-оқушы.

-         Сіздердің асыл істеріңіз

Ғасырлар бойы тынбайды.

Аңыз-дастан жырлардан

Жастар оқып, тыңдайды.

 

 

-         Шешендік сөздерге кезек берейік.

Шешеннің сөзі - алтын

-  Не қиын?

                 -  Не жақын?

 

6-оқушы.

-         Арадан шыққан жау қиын,

Таусылмайтын дау қиын,

Шанышқылаған сөз қиын,

Тыныштықпен өмір сүрмеген

Бәрінен де сол қиын.

7-оқушы.

-         Сыбайлас болса, нағашың жақын,

Адал болса досың жақын

Еркелейтін немерең жақын,

Өз ұрпағың шөберең жақын

8-оқушы.

-         Тату болса ағайын жақын,

Ақылшы болса апайың жақын.

Бауырмал болса інің жақын.

Инабатты болса келінің жақын.

9-оқушы.

-         Жанашырың жоқ болса,

Жатпен жалғыз жүрмеңіз.

Қостаушыңыз жоқ болса,

 Үндемей-ақ тұрыңыз.

10-оқушы.

-         Жар басына қонбаңыз,

Жар құласа үй кетер.

Дұшпанға сырды айтпаңыз,

Жамандық қылса бас кетер.

Келесі бөлім «Білгенге маржан» деп аталады.

Көп нүктенің орнына керек сөздерді қойып, мақал-мәтелдерды оқимыз.

Туған жер- .....(алтын бесік)

Өз үйің-....  (өлең төсегің)

Ерді ер таниды

Елді – .....(ел таниды)

Ер - елдің көркі,

..... - жердің көркі (өсімдік)

Бала .... бауыр еті (адамның)

..... қадірін,  (ата-ананың)

Балалы болғанда білесің.

Асыл ... шығар, (тастан)

Өнер жастан шығар.

-         Абай атамыз: «Естілердің сөзін ескеріп жүрген адам өзі де есті болады» деген.

                           

11-оқушы.

-         Бал салмаса – ара қасиетсіз.

Жанбай қалған – шала қасиетсіз.

Әдепсіз болса – бала қасиетсіз,

Әділетсіз болса – дана қасиетсіз.

Көк шықпаса – жер қасиетсіз

Ойсыз болса – ер қасиетсіз

Жылуы болмаса – түбіт қасиетсіз,

Жігері болмаса – жігіт қасиетсіз.

12-оқушы.

-         Жерден ауыр не?

Судан терең не?

Оттан ыстық не?

Көктен биік не?

13-оқушы.

-         Жерден ауыр дегенім – ақыл-білім.

Судан терең дегенім – оқу ғылым.

Оттан ыстық дегенім – адам өмірі.

Көктен биік дегенім – тәкәппардың көңілі.

-         Не жетім?  

-         Не қымбат?

14-оқушы.

Тоғыз жетім бар

-         Өмірде ата-анасы жоқ бала жетім.

Халқына сенімсіз болса – хан жетім,

Суы жоқ болса – құдық жетім,

Ұлы жоқ – әке жетім,

Қызы жетесіз болса – ана жетім,

Досы жоқ – жігіт жетім,

Шәкртсіз ұстаз жетім.

Жаңбыр жаумаса жер жетім,

Басшысы болмаса ел жетім,

Ұқпасқа айтылған сөз жетім.

15-оқушы.

-         Не қымбат?

16-оқушы.

-         Алтын ұяң – Отан қымбат.

Құт береке, атаң қымбат

Аймалайтын анаң қымбат

Асқар тауың әкең қымбат

Бәрінен де ұят пен ар қымбат.

-         Айқынның орындауында «Жаса, Қазақстан» әнін тамашалаңыздар.

 

Бекіту:

-         Атадан қалған асыл сөздерге не жатады екен?

-         Ертегілер, аңыздар, өтірік өлең, мақал-мәтелдер, нақылдар жұмбақтар, айтыс, шешендік сөздер, жаңылтпаштар,ырым-тыйым сөздер жатады.

18-оқушы.

-         Ниет-ықылас білдіру

Әр адамға аманат.

Ата-баба дәстүрі –

Батаны біл жамағат!

Атамыздан бата сұрайық.

                     

                            

Ата:

-         Әлемнің бәрін жарық ет,

Ұл-қызды түгел білімді ет!

Келесі оқу жылына,

Аман-есен, түгел жет!

Комментарии пользователей /0/
Комментариев нет...
Информация
Посетители, находящиеся в группе Гости, не могут оставлять комментарии к данной публикации.
Наши услуги



Мы в соц. сетях

    Персональные сообщения